Көкшетауда дәстүрлі Жастар фестивалі өтті

0
46

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, ағымдағы жылдың 14-17 қазан аралығында, Ақмола облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары аясында талантты жастар үшін облыстық жастар фестивалін өткізді.

Фестивальдің мақсаты — Ақмола облысы жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау, өңірдегі студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін сақтау және көбейту, студенттерді эстетикалық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру және жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру.

Фестивальдің конкурстық бағдарламасы сахналық өнер, зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және вокалдық бағыттарды қамтиды. Фестиваль «Соvеr-нұскасын орындау», «Домбырамен дәстүрлі ән айту», «Тапқырлар алаңы», «Қазақ аруы-2024» және «Үздік мобилограф» сияқты номинациялардан тұрады. Барлығы 100-ден аса өтінім жіберген студенттердің тек 73 өтінім берушілер ақтық кезеңге өтіп, бақтарын сынады.

Фестивальдің конкурстық бағдарламаларының әр номинациясы бойынша ұйымдастыру комитеті қазылар алқасын құрады. Қазылар алқасының құрамын ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітті.

Фестивальдің ашылу салтанатынан кейін қазақтың ақыны, композиторы – Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай, «Соvеr-нұсқасын орындау» және «Домбырамен дәстүрлі ән айту» номинациялары өткізілді. Байқауға жалпы 27 өтінім берушілер қатысып, әр қайсысы өз өнерлерін паш етті. Жас байқаушылар көрермендердің көзайымына түскенмен, қазылар-алқасы сынға алды. Көш жүре-жүре түзіледі демекші, студенттердің кемшіліктерін жай ғана ескерту деп түсінуге шақырды төрешілер тарапы.

Прозашы, драматург, публицист, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері – Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл толуына орай, «Тапқырлар алаңы» зияткерлік ойыны өтті. Барлығы 20 команда қатысып, әр командада 4 қатысушыдан тұрды. Байқау барысында кино әлемі, музыка әлемі, Қазақстан тарихы және С. Жүнісовтың өмірбаяны мен шығармашылығы бойынша сұрақтар қойылып, қатысушылардың білім деңгейлері анықталды.

Қазақ опера әншісі – Төлегенова Бибігүл Ахметқызының 95 жылдығына орай, «Қазақ аруы-2024» байқауы өткізілді. Сұлулық байқауына жалпы 14 қатысушы қатысты.

Әрбір номинацияны «Үздік мобилограф» номинациясының қатысушылары ұялы телефондарына түсіріп, фестиваль соңында аталмыш номинациясы бойынша қазылар алқасы қорытындылап, ең үздіктерін айқындады. Айта кету керек, әр мобилографтың жұмысын арнайы шақыртылған әділ-қазылар алқасы өз бағасын берді.

Фестивальдің жабылу салтанаты Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының қатысуымен Көкшетау қаласының студенттер сарайында өтті.

«Барлықтарыңызды дәстүрге айналған жыл сайын өткізілетін облыстық талантты жастар  фестивалінде көріп тұрғаныма қуаныштымын. Бүгін, Ақмола облысының дарынды әрі жарқын студенттерін бір шаңырақ астында қабылдау, мен үшін зор мәртебе. Аталмыш фестиваль — жыл сайын өңіріміздің талантты кіл мықтыларының басын қосып, өзара бақ сынасатын үлкен алаңға айналатын. Биылғы жылы бәсекеге қабілетті жастардың топ жаратын сайысы ғана емес, жоспарланғаннан да жоғары деңгейдегі ұйымдастырылған мереке болды» — деді өңірлік Ішкі саясат басқармасының басшысы – Алмас Алин.

Фестиваль 4 бағытқа бөлінген 5 номинация бойынша өткізілді. Аталмыш шараға 2 млн жүлде қоры бөлінген болатын. «Жас сарбаз» атты алтыншы номинация кейінгі уақытқа шегеріліп өтетін болады.  Алдағы уақытта осы тәріздес жүлде қоры бөлінген шаралар өткізілу көзделуде. Мысалға жайдарлы жайдарман ойынында әкім кубогының жүлделі қорына 2,2 млн тг қаражат бөлінсе, жастар кубогына 800 мың тг қаражат қарастырылды. Сонымен қатар «Үш би» пікір-сайыс турниріне 700 мың тг, «Aqmola power» инновациялық жобасына 1.3 млн жүлделі қор бөлінді.

Шара барысында концерттік бағдармалар және әр номинация жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша «Соvеr-нұсқасын орындау» байқауында 3 орынды – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен «ЖАУҚАЗЫН» триосына бұйырса, 2 орынды Нұрлан Байбек иеленді. «Көрермен көзайымы» номинациясының жүлдегері боп Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенті – Эвелина Титова атанды. Ал жеңімпаз атағын, Ақан сері атындағы жоғарғы мәдениет колледжінен қатысқан «Дексия» ансамблі алды. «Домбырамен дәстүрлі ән айту» байқауында 3 орынды Жүгініс Гульфайрус алса, 2 орынды Хасенов Нұрқасым иеленді. 1 орын Ақан сері атындағы Көкшетау жоғарғы мәдениет колледжінің студенті Дидар Кабиденовке бұйырды. «Тапқырлар алаңы» зияткерлік ойының нәтижесі аясында 3 орынды – Азаматтық қорғау академиясынан қатысқан  «Арыстан» командасы, 2 орынды – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен «Алаш» командасы, 1 орынды – «3+1» командасы иеленді. «Қазақ аруы-2024» сұлулық байқауының қорытындысы бойынша «Көрермендер көзайымы» номинациясын М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясынан қатысқан Дана Мамыртай иеленді. 3 орын – медициналық колледжінің студенті Наталья Андрееваға бұйырса, 2 орын – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен Арунас Қуандық қанжығасына салды. Сұлулық байқауының жеңімпазы атағын Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті – Айсұлу Лұқман иеленді. «Үздік мобилограф» байқауы бойынша 3 орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледж студенті – Арайлым Беккожина алса, 2 орынды Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледж студенті – Жансұлу Теміртас ие болды. Байқаудың жеңімпазы Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледж студенті – Ержан Қайрат атанды.

Фестиваль қатысушылары қатысқаны үшін сертификаттармен, ал лауреаттар дипломдар және ақшалай сертификаттармен марапатталды.


ПІКІР ЖАЗУ