Италияда дүниеге келген музыка

0
39

Заманауи италиялық композитор Андреа Ванцо «Астана Опера» театрында өзінің алғашқы концертімен өнер көрсетеді. Автор әрі орындаушының шығармалары 26 қазанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында шырқалады.

Андреа Ванцо үшін музыка әрдайым эмоцияны білдірудің және сезімдердің тұңғиығына бойлаудың тәсілі еді. Ол әсіресе кино және театрға арналған музыкада өзінің мінсіз шығармашылық кеңістігін тапты. Концерттерден бөлек, ол театр қойылымдары мен фильмдерге арналған музыка жазып, сол үшін халықаралық фестивальдерде көптеген марапаттар иеленді. Оның туындылары тыңдармандарды сан алуандылығымен баурайды және жүректерден орын алады.

Музыканы ұнататын қазақстандықтардың алдында өнер көрсету үшін Андреа Ванцо жанына ерекше жақын бірқатар туындыларды таңдап алды.

— Әлбетте, бағдарламада Soulmate болады, бұл туындының мен үшін маңызы зор, өйткені ол менің анаммен терең байланысымды білдіреді. Одан кейін мен бағдарламаға Winter Waltz пен Les Madeleines-ті қосуды ұйғардым, осы екі композиция бір жағынан табиғатпен үндестікті оятса, екінші жағынан естеліктерді жанғыртады. Мен үшін табиғат – бұл тұрақты шабыт көзі, осы ретте Қазақстанның табиғат көрінісі өзінің әсемдігімен және шексіздігімен бірден баурап алғанын айтуым керек. Әрбір туынды тарихты, менің өмірімдегі белгілі бір сәттерді ашады. Бұл менің естеліктеріме, махаббатқа және маңызды қарым-қатынастарға жасалатын өзіндік сырлы саяхат іспетті. Музыка – тілмен жеткізе алмаған сезімімді білдірудің тәсілі деп ойлаймын, – деп пікірімен бөлісті композитор. – Мен музыкалық және мәдени тәжірибе алмасуға әрдайым ашықпын, әсіресе түрлі мәдениеттермен танысқым келеді. Дәстүрлі қазақ әнін зерттеу, бәлкім оны өзімнің мәнеріме қоса отырып санадан қайта өткізу қызықты болар еді деп ойлаймын.

Андреа Ванцо Қазақстанда бұған дейін де концерттермен болғанын атап өтуіміз керек. Музыкант еліміздегі алғашқы өнер көрсетуі шынымен әсерлі өткенін еске алды.

– Мен шетелдік композитор болғандықтан мені қалай қабылдар екен деп көп толғандым, алайда ақжарқын көрермендер қошеметін аямады. Мұндағы музыкаға деген құштарлық мені таңғалдырды. Бұл жадымда із қалдырған тәжірибе болды, – деп әңгімеледі әртіс. – Алдағы концерттен нені күтетінім жайлы айтатын болсам, мен бұл туралы көп ойламауға тырысамын. Шын мәнінде менің болмысым толыққанды сахна адамына келіңкірей бермейді десем болады. Мен бүгінгі күнмен өмір сүргенді жақсы көремін, өзіме музыкадан және көрермендердің энергиясынан шабыт алуға рұқсат беремін. Десе де, Қазақстанда соңғы рет табысты өткен концертімнен кейін осында тағы да келетініме қуаныштымын. Бірінші рет келгенде осыншалықты жылы қабылдайды деп ойламаған едім, сондықтан мен бұл жолы да сол эмоцияларым мен ризашылығымды жеткіземін деп үміттенемін. Мәселе табысты өнер көрсетуде ғана емес, сондай-ақ қарым-қатынаста, шынайы нәрсемен бөлісуде болып отыр.

Қазіргі таңда Андреа Ванцо елордалық сахнадағы өнер көрсетуді тағатсыздана күтеді.

– «Астана Опера» – керемет, айшықты театр. Мен онда бұрын-соңды өнер көрсеткен емеспін, сондықтан қатты толқып тұрғанымды мойындауым керек. Ол жерде өзімнен әлдеқайда беделді деп санайтын әртістердің өнер көрсететінін ойласам, кеудемді әлдебір қорқыныш, сондай-ақ қуаныш сезімі кернейді.

Концерттің басталуы 18.00-де.


ПІКІР ЖАЗУ