АСЫҚ АТУ БІРІНШІ КЕЗЕҢ – V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨПШЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Асық атудан қатысушы құрамалар екі топқа бөлініп, сынға түседі. Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан, Испания, Грузия, Мажарстан және Монғологиямен А тобында өзара мықтыны анықтайды. Ал, В тобында Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Румыния және Чехия бақ сынасады.
Қазіргі таңда Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында асық атудан Монғолия ұлттық құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірді, — деп хабарлайды «Ұлттық спорт және ат спорты» түрлері орталығының баспасөз қызметі. Осылайша, отандық спортшылар 5 кездесудің біріншісін жеңіспен бастады.
Асық ату құрамасының мүшесі Амандос Серікұлы ойын жайында өз ойымен бөлісті.
«V Дүниежүзілік көшпенділер жарысына дайындыққа 6 ай кетті. Осы дайындықтың арқасында қазір жақсы нәтижие көрсетудеміз. Бұған дейін Халықаралық асық атудан өткен жарыста Қазақстан атынан шығып бірінші орын алғанбыз. Бүгінгі ойында басты қарсыласымыз ол – Тәжікстан мен Қырғызстан. Ал өзім жайында айтсам негізі асық атуды бала күннен бастап жақсы көремін. Ал ресми түрде осы спортта жүргеніме 5 жыл», — дейді спортшы.
Ойыншыларымызға қолдау көрсетуге келген Райхан Тәуекелұлы:
«Қазір Асық ату, бес асық, кураш, мас-рестлинг ойындарынан жарыс өтіп жатыр. Мен Қызылорда қаласынан өзіміздің отандастарымызды қолдау мақсатында келіп отырмын. Әсіресе асық ату ойынын шыты бақылаудамын. Осыған дейін ұйымдастырылған Олимпиада ойындарына, жарыстарға келіп тұрамын. Бір қуантатындығы осы жыл ойыншыларымыздың жақсы нәтижие көрсетуі. Барлық ойыншыларымызға шын жүректен сәттілік тілеймін. Бұған қоса көріп тұрғанымыздай қолдаушылар еліміздің түпкір-түпкірінен келіп отыр. Кеше өткен ашылу салтанаты, бүгінгі жарыс барлығы жоғарғы дәрежеде өтіп жатыр. Негізі спорт барлық ұлттың бірігуін талап етеді, оған осы ойындар арқылы куә болдық. Шет елден келген спортшыларымызбен тілдесіп, суретке түсіп, бір-бірімізге қолдау көрсетіп жатырмыз. Осылай бірігіп жұмыс жасасақ ғана ешқандай реніш болмайды. Әрі қарай осы қалыпта сыйластықпен жақсы ойын өтеді деген ойдамын», — дейді өз сөзінде.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында асық атуға 12 мемлекеттен 39 спортшы қатысады. Түркия Республикасынан келген Ömer Faruk Aygün:
«18 жасымда өлкеміздің атынан халықаралық асық ойынына шығу мен үшін ерекше бір мәртебе. Бұған дейін осындай халықаралық ойындарға шыққан емеспін. Бұл менің Халықаралық аренаға алғаш келуім. Жарысқа 1 ай дайындалдым. Барлығы тез өтіп кетті, өзім түсінбей қалдым. Жаңа біз Ресей ойыншаларымен жарыстық. Ойын өте қызықты өтті. Қобалжу сезімін сезбедім. Бірден ойынға кірістік. Енді екінші турда басқа мемлекетпен жарысқа түсеміз. Сонымен қатар Қазақстанның асық атушыларын көрдім. Өте жақсы ойнайды екен. Барлығы көңілімнен шықты», — дейді Түркиядан келген ойыншы.
Айта кетсек, V дүниежүзлік көшпенділер ойындары аясында асық атудан сайыс 9 қыркүйекте басталып, 11 қыркүйек күні финалдық ойындарға дейін жалғасады.
Назым МАЛИККЫЗЫ