ХІІ МАУСЫМНЫҢ АШЫЛУЫ – «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ
7 қыркүйек «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ХІІ-ші маусымының ашылу салтанаты өтті. Шара ұлттық операларымызды айшықтайтын Kazak Opera Gala концерттік бағдарласымен бастау алды. Бағдарлама авторы, әрі театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтің жетекшілігімен симфониялық оркестр және опера солистері отандық классикалық өнерді халыққа паш етті. Концерт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігнің қолдауымен өтті.
Бұл жайында маэстро, жоба авторы Алан Бөрібаев «Гала концерттің ерекшелігі шығармалардың қайталанбауында, құдды бір қазақтың жайылған кең, бай, мол дастарханына жайылған тағамдары секілді. Бұл жоба біздің музыкаға құштар ата-бабамызға, опералық мәдениетімізді қалыптастырған ұлы тұлғаларға, алғашқы классик композиторларымызға, бірегей құбылыс тудырған қазақ операсының негізін қалаушыларға, сондай-ақ оның беделін нығайтқан кейінгі буын өкілдеріне шексіз құрмет пен зор алғыстың белгісі болып табылады. Қайталанбас халық нақыштары мен әуендері тамаша оркестрлік орындауда ерекше әуелесе, «Құрманғазы» операсындағыдай бірегей дала күйлері екпіндете еседі, ал Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің классикалық қазақ әдебиетіндегі асқақ бейнелері Ғазиза Жұбанованың өткір драмалық музыкасында немесе Сыдық Мұхамеджановтың шынайы лирикасында сахналанған кезде терең әсер қалдырады», деді журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар «Бұл концерт – бүгінде операмыздың өзіндік бет-бейнесін қалыптастырған Манарбек Ержанов, Қанабек және Күләш Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Абай Байтоғаев, Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Байғали Досымжанов, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Эра Епонешникова, Бибігүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Мұрат Мұсабаев, Шора Үмбеталиев, Рахима Жұбатұрова, Хорлан Қалиламбекова, Әлібек Дінішев сынды сахнамыздың аңыз адамдарының, тарихи премьералардың алғашқы дирижерлері Григорий Столяров, Леонид Шаргородский, Ғазиз Доғашев, Валерий Раттер, Тұрғыт Османов, Фуат Мансұров, Төлепберген Әбдірашев және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың шығармашылығына тағзым. Біздің концертіміз – бұл өзіміздің түп тамырымызға оралу», деп өз сөзін қортындылады бас дирижер.
ХІІ маусымның ерекшелігі осы жылы жүз жылдығын атап өтетін Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Базарбай Жұманиязов, Ерғали Рахмадиев сынды кейінгі буын композиторларының шығармаларын концерттік бағдарламаға енуі. Айта кетелігі Гала концертке дайындық 15 тамыздан басталды.
«Kazak Opera Gala бағдарламасына ана тіліміздегі шығармаларымыз, сондай-ақ көп орындала бермеймін опералар айтылатын болады. Осы тұста айта кететін жайт 8 қыркүйекте басталатын «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» келетін қоңақтарымызға орай ашылу шарасын 7 қыркүйекке арнап қойдық. Келген қоңақтарымызға қазақтың төл операсымен таныстырып, оларға өз өнерімізді көрсетіп, насихаттау – басты мақсатымыз», — деді «Астана Опера» опера труппасының директоры Мейір Байнеш.
Алдағы уақытта бұл шығарамашылық туындыны еліміздің 4 қаласында көрсетілу жоспарланып отыр.
Назым МАЛИККЫЗЫ