Ұлытаудағы жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған бейнероликтер байқауы қорытындыланды

0
38

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянды салдары күннен-күнге артып келеді. Осы орайда, Ұлытау ауданында жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» бейнероликтер байқауы өз мәресіне жетті.
Байқау барысында жастар қоғамдағы әділдік пен ашықтық тақырыбын шығармашылық тұрғыдан қозғап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты өз жұмыстарында батыл көрсете білді.

Байқаудың негізгі мақсаты — жас буынның азаматтық белсенділігін арттыру, олардың әділдікке деген ұстанымын күшейту және сыбайлас жемқорлықтың зиянын қоғамға кеңінен түсіндіру. Байқау барысында қатысушылар әртүрлі жанр мен форматты пайдаланып, әлеуметтік ролик, көркем бейне, анимация және қойылым түріндегі жұмыстарын ұсынды.

Әр роликте жастардың өз ортасында адалдық мәдениетін насихаттауға ниетті екені айқын сезілді. Жұмыстарды ішкі саясат бөлімінің өкілдері мен «Рух жаңғырығы» қорының сарапшысы бағалап, тақырыптың ашылуы, мәселенің өзектілігі, авторлық идеяның тереңдігі, техникалық орындалу сапасы және эмоционалдық әсері ескерілді. Сарапшылар биылғы жылы қатысушылардың ойлау деңгейінің айтарлықтай жетілгенін, бейнероликтердің мазмұн мен креатив жағынан сапалы болғанын атап өтті.

Байқау нәтижесінде Абуова Қарлығаш Ерланқызы (Ұлытау ауданының «Оқушылар үйі» ҚМҚК) бас жүлде иегері атанды. Ал Ерлан Сара Ерланқызы, Саруарғалым Ақниет, Дарханқызы Алпысбай, Таңшолпан Берікқызы (№6 Тірек мектебі) I орын, Төлегенұлы Жансерік, Шоқан Нұрай, Баубек Еркежан, Мұқатай Жанарыс (№18 ЖББМ) II орынды олжалады. Сондай-ақ Сабырай Қарақат Сабырайқызы (№14 ЖББМ) III орынға лайық деп танылды.

Бұдан бөлек, белсенділігімен ерекшеленген қатысушылар – Тельбаев Ерасыл Бауыржанұлы,  Бейсен Қызғалдақ, Сламбек Ғибрат, Сүлейменова Аяна, Таңгирберген Әділбек; Аймағамбет Кәусәр Нұрланқызы алғыс хаттармен марапатталды.
Сайысқа қатысушылар қоғамдағы адалдық пен әділдік құндылықтарының маңызын тек түсініп қана қоймай, оны өз көзқарасы арқылы жеткізуге белсенді атсалысты. Жастардың азаматтық сана деңгейінің артуы, сыни ойлау қабілетінің күшеюі  қуантады. Ұлытаулық өскелең ұрпақтың осы бағыттағы ынтасы мен шығармашылық жігері болашақта әділ әрі ашық қоғам қалыптастыруға берік қадам болмақ.

Күннұр БОЛАТБЕК

 


ПІКІР ЖАЗУ