Елордада кәсіпкер әйелдердің әлеуетін арттыруға арналған форум өтті

0
23

Елордамыз Астанада 3 желтоқсан күні кезекті «VIII Қазақстандық UMAI әйелдер форумы» өтіп, еліміздің барлық өңірлерінен келген 1000-нан астам кәсіпкер әйелдің басын біріктірді.

Форум әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға арналған елдегі жетекші алаңдардың бірі ретінде — 2026 жылға арналған нақты құралдар мен практикалық шешімдерді ұсынуды мақсат етті.

Жиын барысында қатысушылар 2026 жылы күтілетін экономикалық тұрақсыздық жағдайында бизнесті сақтап қалу мен қаржылық тұрақтылықты күшейту, құқықтық және салықтық тәуекелдерден қорғану мен сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған қолданбалы ұсыныстарды алды.

Сарапшылар ұсынған антикризистік іс-қимылдар жоспары кәсіпкерлерге алдағы жылға стратегиялық бағдар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шарада прокурор Айжан Аймағанова құқықтық тәуекелдердің күшеюі жағдайында бизнес пен жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін баяндаса, Дмитрий Казанцев 2026 жылы салықтық қателіктерге жол бермеу жолдарын түсіндірді. Глеб Пономарёв хоббиді табыс көзіне айналдыру мүмкіндіктерін ұсынды, ал Амир Давлетов алдағы екі жылда бизнестің даму траекториясына әсер ететін негізгі трендтерді талдады.

Сонымен қатар Динара Сатжан, Айнур Ильясова, Зарина Штеер және Ғалым Қалиақбаров секілді спикерлер өз салалары бойынша тәжірибелік ұсыныстар берді. Форум аясында дәстүрлі «Анамның қолымен жасалған» көрмесі өтіп, Қазақстанның әр өңірінен келген 73 қолөнерші өз өнімдерін таныстырды. Көрме шеберлерге жаңа серіктестер табуға, өнімдерін нарыққа шығару мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға жағдай жасады.

UMAI-2026 бағдарламасының маңызды тұсы деп берген білімнің толықтай практикалық бағытталуын — заң, салық, маркетинг және бизнес стратегиясы бойынша дайын шешімдердің ұсынылуын, сарапшылардың тегін консультациялары және барлық материалдарға ашық қолжетімділіктің сақталуын айтсақ болады.

Форумды «UMAI — Қазақстанның жарқын кәсіпкер әйелдер қауымдастығы» жеке қоры ұйымдастырды, ал платформа өз миссиясы ретінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды әрі қарай жалғастыруды көздейді.

Аталған шара Қазақстандағы кәсіпкер әйелдердің жаңа кезеңін айқындаған маңызды оқиғаға айналды. Форумда ұсынылған стратегиялар мен бастамалар — кәсіпкер әйелдердің іскерлік әлеуетін арттырып, еліміздің экономикасына елеулі үлесі қосары сөзсіз.

Күннұр БОЛАТБЕК


ПІКІР ЖАЗУ