Қазақстанның Қылмыстық кодексіне жемқорлыққа қарсы тағы бір бап қосылды
Қазақстанның Қылмыстық кодексі заңсыз сыйақы беруге жауапкершілік қарастыратын жаңа баппен толықтырылады. Бұл өзгеріс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар аясында қарастырылған, — деп хабарлайды Democracy.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.
Бүгін Мәжілісте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралып жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, бұл өзгерістер мен толықтырулар «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға түзетулер енгізуді қарастырады.
«Заңға енгізілген түзетулердің мақсаты – бопсалау белгілері болған жағдайда заңсыз сыйақы алу деректерін анықтау үшін арнайы жедел іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ Қылмыстық кодекске жаңа 247-1-бабы қосылады, ол заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершілікті қарастырады», – деді Сарқұлов Мәжіліс отырысында.
Антикор төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, бұл өзгеріс заңсыз сыйақы алушылармен қатар, оны берушілерді де жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.