Ономастика – белгілі адамдардың туысқандарының ісі емес
Мемлекет басшысы 2023жылы өткен Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында ономастика мәселесінде аймақтардың ерекшелігі мен жалпыұлттық басымдықтар ескерілуі керек екенін айтты. «Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс.
Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», — деген еді мемлекет басшысы.
Жалпы ономастика дегеніміз не осы туралы қысқаша түсініктеме. Ономастика (грек onomastіke – ат беру өнері) – тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы. Жалқы есімдерге кісі, жануарлар аттары, халық, ұлт, ру-тайпа атаулары, жер-су, аспан денелері жатады. Ономастика заттарды жекелеп атайтын жалқы есімді зерттейтін тіл білімі саласы.
Павлодар облысында 2015 жылдан бері алғанда 773 көше, 44 елді мекеннің атауы өзгертілді. Былтырдың өзінде-ақ облыстық ономастика комиссиясының 2 отырысы өтіп, комиссияның қорытындысы негізінде 145 көше, 1 кент, 8 ауыл мен 6 округ қайта аталған. Мысалы, Павлодар облысында Ленинский деген ауылды Атамекен деп өзгертті.
Маңғыстау облысында 1991–2024 жылдар аралығында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту және тарихи атауларды қайтару мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жалпы 486 атау өзгертілген. Мысалы, облыстағы Баутино ауылының атауын «Балықшы» деп өзгерту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласының атауын «Бекет-ата» деп өзгерту туралы ұсыныс жасалған.
Қазақстанда ономастика саласында атауларды өзгерту жұмыстары тәуелсіздік алғаннан бері белсенді түрде жүргізілуде. 2014жылғы дерекке сүйенсек, 1991 жылдан бастап республика бойынша 1 221 елді мекеннің атауы өзгертілді. Сонымен қатар, 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның және 119 теміржол стансасының атаулары ауыстырылды. Орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланған атаулар арасында 6 облыс, 12 қала, 14 аудан, 76 теміржол стансасы және 40-тан астам елді мекен бар.
Барлық мәліметтер ашық ақпарат көздерінен алынып жазылды.
Автор: Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ