Tech QyzPu Nigde Hack: Хакатон жеңімпаздары анықталды
7-8 желтоқсан аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Tech QyzPu Niğde Hack: 24 сағат кодтау және шығармашылық» тақырыбында Хакатон өтті. Отандық студенттер мен әзірлеушілер арасында өткен жарыс инновацияларды және ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Іс-шара QyzPU университеті мен Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті және Нийде технопаркінің серіктестігі аясында ұйымдастырылды.
Хакатонға 12 отандық университеттен 23 команда қатысты. Қатысушылар топтық жұмысты және шығармашылық шешімдер табуды ынталандыру арқылы 24 сағат ішінде инновациялық бағдарламалық шешімдер әзірлеуі тиіс болды.
«Университетімізде жастар үшін маңызды әрі қызықты шара өтіп жатыр. Хакатонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған IT мамандығына қызығушылық танытқан талантты жастар қатысуда. Жастарға қоғамдағы және білім беру саласындағы өзекті мәселелер ұсынылып, соларға шығармашылық шешім табу міндеттелген. Сондықтан студенттеріміз 24 сағат бойы университет қабырғасында қалып, ұсынылған мәселелерге аса шығармашыл және тың шешімдер ұсынуда. Олардың маңызды сұрақтарға нақты әрі креативті жауаптар тауып жатқаны бізді ерекше қуантады», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы — Ректоры Гүлмира Қанай.
Хакатон соңында командалар өз жобаларын QyzPU, Нийде Өмер Халисдемир университеті және Нийде технопаркінің өкілдері бағалайтын қазылар алқасына ұсынды. Сонымен қатар қатысушыларға «TilTuran» ЖШС өкілі Феликс Фатыхов мырза да төрелік етті. Екі күнге созылған байқау қорытындысы бойынша: Dulati University «Hexagon командасы», QyzPU-дың «Byte Belles» және «Digital Devas» командасы – ІІІ орын, Алматы энергетика және байланыс университетінің «Energo University» командасы және QyzPU «Digital Nomads» командасы – ІІ орын, ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «CyberPercy» командасы жүлделі І орынды иеленді. ІІ және ІІІ орын иегерлеріне қаржылай сертификаттар берілсе, І орын иегерлеріне қаржылай сертификаттармен қатар Түркиядағы Нийде технопаркінің акселерациялық бағдарламасына қатысу сертификаты табысталды. Сонымен қатар команда жетекшілері де Алғыс хаттармен марапатталды.
Хакатонда жеңімпаз атанған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «CyberPercy» командасы өз қуаныштарымен бөлісті: «Біз – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенттеріміз. Хакатон барысында қазақ тілін үйренуге арналған онлайн платформа құруды міндеттеген 5-ші кейсті таңдадық. Жұмыстың алғашқы және маңызды кезеңі терең талдау жасау болды. Сондықтан түні бойы ұйқысыз еңбек етіп, қажетті анализдер жүргіздік. Тек осыдан кейін ғана жобаны іске асыруға кірістік. Бұл процесс біз үшін ерекше қызықты әрі шабытқа толы болды. Ең бастысы, еңбегіміз ақталып, нәтижесінде жеңіске жеттік. Ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Түркия, бізді күт!».
Айта кетейік, іс-шара аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Нийде Өмер Халисдемир университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында жаңа келісімшартқа қол қойылды. Бұл келісім аясында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жобалар мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі, сондай-ақ педагогика және психология бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар тараптар докторантура бағдарламаларын бірлесе әзірлеп, осы бағытта жаңа бастамаларды іске асыруға ниет білдіріп отыр. Бұл келісім екі университеттің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтермек.
«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Нийде Өмер Халисдемир университеті бірлесе «Хакатон» ұйымдастырдық. Сонымен қатар екі университет арасында серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Біз екі туыстас мемлекетпіз. Осымен үшінші рет Алматы қаласына келіп отырмыз. Біз өте қуаныштымыз. Ынтымақтастығымыз 100 жылдық болсын», — деді Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Хасан Услу.