Путин Қазақстанда қазақтар тығыз орналасқан аймақтарда көптеп орыс мектептерін ашуды ұсынды

0
27

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның қазақтар тығыз орналасқан аймақтарында орыс мектептерін көптеп ашу ұсынысын көтеріп,бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Бұл ұсыныс қоғамда әртүрлі пікір тудырып, білім беру, мәдениет және саясат саласындағы сарапшылар мен азаматтар арасында қызу талқыға айналды. Біреулер бұл ұсынысты балаларының тілдік мүмкіндіктері көбейеді деп білсе, ал екінші тарап ұлттық құндылықтарға әсер етуі мүмкін деп алаңдауда.Осы мәселеге орай әртүрлі топ өкілдерінің пікірлерін ұсынамыз:

 

Утешова Мадина 66 жаста, ардагер ұстаз:

“Ұмытпайық біздің заманда қазақ тілі үшін күресіп, оны мектептерге енгізу оңай болған жоқ. Тілімізді сақтап қалу үшін талай,бізге дейін ата бабаларымыз да үлкен еңбек сіңірген.Бұндай ұсыныстың жасалуы мені алаңдатады,оған себеп жетерлік.Бұл біздің балаларымыздың ана тілінен алыстап кетуіне әкелмей ме? Әрине, көптілді болу қажет, бірақ бұл ең алдымен өз тіліңді құрметтеуден басталуы керек деп ойлаймын.Қазіргінің өзінде елімізде толыққанды өз тілімізде сөйлемейміз сол себепті қазақ баласы алдымен өз ана тілінде білім алсын, ал орыс тілін қосымша оқыса жеткілікті деп санаймын.Егер бұл ұсыныс қабылданатын болса болашақ ұрпақ ана тілі мен ұлттық құндылықтарын ұмытып қалады деп біле берсін.”

 

Толқынбаева Фарида , ата-ана:

“Қазірдің өзінде орыс тілінде білім алатын мектептер жетерлік. Мен өзімнің балаларымды қазақ мектебінде оқытамын.Бірақ орыс тілін білу ол-қажет дағды.Дегенмен де қазақтардың көп шоғырланған аймақтарында орыс мектептерін ашу ол ана тіліміздің құндылығын төмендететін бірден бір үлкен себеп.Қазіргі таңның өзінде білім беру жағы болсын,басқа жағы болсын елімізде орыс тілінің қалыс қалып жатқан жоқ екенін айқын білеміз.Егер бұл ұсыныс жүзеге асырылатын болса,ол балалардың тілдік таңдауда қиын жағдайға қалатындары сөзсіз.”

 

Бекзат Сахидавлетова, психолог:

“Мектептегі тілдік саясат балалардың болашақта өзін-өзі тануына және өз ана тілдеріне үлкен әсер етеді. Егер қазақ тілді ортада орыс мектептері басымдыққа ие болса, бұл балалардың мәдениетаралық байланыс орнату қабілетіне оң ықпал етуі мүмкін. Бірақ балалардың ана тілінде білім алуына шектеу жасалса, бұл олардың өз-өзін толыққанды тұлға ретінде сезінуіне кедергі келтіруі ықтимал.”

 

Айнеля Жанботырова журналистика факультетінің студенті:

“Орыс мектептерінің санының артуы білім алушылардың тілдік қабілетін кеңейтетіні сөзсіз. Бірақ қазақтар тығыз орналасқан аймақтарда мұндай мектептерді ашу ұлттық құндылықтарға зиян тигізуі мүмкін. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі әлсіреп қалмай ма деген алаңдаушылық бар. Ең бастысы, бұл ұсыныс теңгерімді түрде жүзеге асуы керек деп ойлаймын.”

Әлеуметтанушы Айдар Хамит:

“Бұл жағдай егемен елдің ішкі мәселесіне араласу ретінде көрініп отыр. Ресей Президентінің ұсынысы біздің елде қалай өмір сүру керектігін үйретіп жатқандай әсер қалдырады. Егер бұл мектептер Ресейдің қаржыландыруымен ашылады деп айтылса, басқа жағдай болар еді.Яғни ол елдің өз қаражаттарымен салынған мектеп,өз тілдерін сақтауға әрекет етуі деп білетін едік.Алайда бұл ұсыныс бұйрық бергендей,өз елімізде қалай өмір сүру керектігін үйреткендей сипатта болғандықтан,екіжақты стандартқа негізделген саяси қадам секілді сезіледі. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз саясатын өзі шешуі керек деп білемін.”

 

Осылайша қоғам пікірі естіп оған сүйене келеВладимир Путиннің ұсынысы қоғамда қызу талқыға түсіп, әртүрлі көзқарастардың туындауына себеп бллғанын байқаймыз.Бір тарап тілдік әртүрлілік пен қосымша білім беру мүмкіндігін қолдаса, екінші тарап ана тілі мен ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттігін алға тартады.Бірақ қанша пікір естісең де бұл ұсынысты қолдамайтындар басымырақ. Ұлттық мүдде,азаматтардың құқықтары және болашақ ұрпақтың ана тілінде білім алу мүмкіндіктері баста назарда болу керек.Сондықтан да бұл мәселені талқылау әлі де жалғасуда, ал соңғы шешім мемлекет саясаты мен халықтың пікіріне байланысты болмақ.

фото көрнекілік үшін интернеттен алынған


ПІКІР ЖАЗУ