Қазмұнайгаз төрағасы Жаңаөзендегі ереуілшілердің қорқытқан директордың әрекетіне қатысты пікір білдірді
- «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасы Асхат Хасенов «ӨзенМұнайГаз» бас директоры Жанболат Саймағанбетовтың ашуланып, боқтық сөз айтуына ереуілшілердің агрессивті мінез-құлқы себепші болды дейді. Оның айтуынша, ереуілшлер басқа қызметкерлерді де наразылық акциясына шығуға мәжбүрлемек болған, содан кәсіпорын басшысы ашуға булыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол Саймағанбетовтың әрекетін ақтамайтынын, бірақ видео толық емес екенін айтты. Сөзінше, ереуілшілер қызметкерлерді ренжіткен, ал Саймағанбетов оларды қорғаған.
«Ұят сөз айтқанын дұрыс демейміз. Бірақ оның алдында бірнеше оқиға болды. Адамдар ғимаратқа кіріп, қызметкерлерді күштеп рұқсат етілмеген наразылық акциясына шығарғысы келді», – деді Асхат Хасенов мәжіліс алаңында.
Хасеновтың айтуынша, Саймағанбетов ереуілге шыққан жұмысшылармен кәсіпорынның бас директоры ретінде емес, «жай тұрғын” ретінде сөйлесіп, сол сәтте эмоцияға ерік берді.
«Ол жерде қыздар мен әйелдерге қысым жасалды. Міне, осыған байланысты жанжал туындаған. Әрине, біз шаралар қабылдадық. Бұл жай ғана әңгіме емес, бұл – біздің ішкі корпоративтік рухымыз, қызметкер кодексін сақтауымыз қажет, әсіресе, бірінші директор соны ұстануға тиіс. Біз болашақта мұндай оқиғаларға жол бермейміз, мұндай сәттердің болмауын қадағалаймыз», – деді «ҚазМұнайГаз» төрағасы.
Бұған дейін ереуілге шыққан «Өзенмұнайгаз» қызметкерлері зейнеткерлердің балалары мен денсаулығынан айырылғандардың балаларын жұмысқа алуды, Жаңаөзендегі жұмыссыздықты шешуді және 2013 жылғы ұжымдық келісімдегі тәуелсіз еңбекақы жүйесіне қайта оралу мен жүргізушілер мен операторлардың мәртебесін көтеруді талап етті.
Кейін желіде «Өзенмұнайгаз» басшысы ереуілге шыққан жұмысшыны ұрып-соғатынын айтып, қорқытқан видеосы тарады.