7 келі бақыт

Ташкент облысында салмағы 7 килограммға жуық алып сәби туылды. Анасы мен сәбидің жағдайы жақсы. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Sputnik Өзбекстанның» Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Ташкент облысы Нұрафшон қаласының перзентханасында салмағы 6 килограмм 865 грамм болатын батыр дүние есігін ашты. «Нәрестенің жағдайы жақсы. Анасы баласын өзі босана алмағандықтан, арнайы ота жасалды», — делінген хабарламада. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Феруза Рахматуллаеваның айтуынша, қазір анасы мен баласы дәрігерлердің бақылауында. Ол мұндай жағдайдың Ташкент облысында алғаш рет тіркеліп отырғанын атап өтті. Түркістанда салмағы 5 келіден асатын алып балалардың дүниеге келуі жиілегенін еске саламыз. Бұған дейін Халықаралық әйелдер күнінде Ақтауда алып бала дүниеге келгенін хабарлаған едік.








