Сан қырлы классика

0
48

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова мен театр аспапшылары көрермендерге опера классиктері Джузеппе Верди мен Джакомо Пуччинидің камералық музыкасының «Ұлылығы мен құштарлығын» паш етпек. Жарқын концерт 19 қазанда К.Байсейітова атындағы Камералық залда өтеді.

Танымал қазақстандық әнші-сопрано Айгүл Ниязова Дж.Верди мен Дж.Пуччини операларындағы кейіпкерлердің бейнелерінде көрермендердің алдына бірінші рет шыққалы отырған жоқ. Бұл кеште Айгүл Ниязова театр концертмейстері Ирина Кургузкинамен бірге осы опера кемеңгерлерінің сирек орындалатын камералық-вокалдық шығармаларымен сахнаға шығады. Сондай-ақ құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Ирина Долгих (скрипкалар), Олеся Морозова (альт), Курванжан Ахатов (виолончель) бар ішекті аспаптар квартетінің орындауындағы композиторлардың аспаптық туындылары концерттің ауқымды бағдарламасына көрік береді.

— Джузеппе Верди мен Джакомо Пуччини – екеуі де ұлы италиялық опера композиторлары. Олардың шығармашылығы түрлі дәуірлер мен мәнерлерге жатады, десек те қос шебер әлемдік опера музыкасы дәстүрлерінің дамуына зор үлес қосты. Олар дүниеге әкелген опера жауһарлары әлемнің барлық театрларының сахналарында шырқалады және бүгінгі күнге дейін тыңдармандардың жүрегін жаулап келеді. Мен «Астана Опера» сахнасында Дж.Вердидің «Аида», Дж.Пуччинидің «Богема» және «Мадам Баттерфляй» спектакльдеріндегі басты кейіпкерлердің партияларын зор ықыласпен орындаймын. «Ұлылық пен құштарлық» концерті Верди мен Пуччинидің камералық шығармашылығына арналған. Жобаның мақсаты – тыңдармандарды қос ұлы классиктің камералық-вокалдық және камералық-аспаптық мұрасымен таныстыру, олардың композиторлық дарыны мен музыкалық тілінің сан қырын паш ету, — деп пікірімен бөлісті Айгүл Ниязова.

— Дж.Верди мен Дж.Пуччинидің романстары мен әндері эмоциялық иірімге бай және шағын формасына қарамастан, туындыларда олардың операларындағы ариялардағыдай драмалық мәнерлілік қуаты сезіледі. Мәселен, Вердидің «In solitaria stanza» («Жалғыз бөлмеде») романсында «Трубадур» операсындағы Леонораның ариясын тануға болады, ал «Sole e amore» («Күн және махаббат») романсында біз «Богема» операсындағы Мими мен Рудольф дуэтінің тақырыбын анық естиміз. Сондай-ақ концертте ішекті аспаптар квартетіне арналған неғұрлым танымал туындылар, атап айтсақ Дж.Пуччинидің «Хризантемалар» (Crisantemi) элегиясы мен Дж.Вердидің Ішекті аспаптар квартеті, ми минор шырқалады. Сазды бояуларға бай бұл шығармалар композиторлардың күрделі және терең көпдауысты форма жасаудағы дарынының жарқын көрінісі болып табылады, — деп қорытындылады жетекші солист.

«Астана Опера» театры К.Байсейітова атындағы Камералық залының қазандағы репертуары танымал әртістер мен ұжымдардың өзге де өнер көрсетулерімен жанкүйерлерін қуантады. Сонымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, виолончельші Ернар Мыңтаевтың жетекшілігіндегі Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті 8 қазанда тыңдармандарға «Классикамен үндескен «Дударай» концертін ұсынады. Ал 11 қазанда «Piccolo» театры жобасы аясында «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің басқаруымен «Астана Опера» солистерінің, Камералық оркестрі мен мимансының орындауында Д.Чимарозаның «Жасырын неке» жарқын опера-буффасы өтеді. Шақырылған солист Батыржан Смаков, театрдың опера солистері мен аспапшылары 20 қазанда Халықаралық италия тілі мен мәдениеті апталығына «Италиялық серенада. Махаббат әндері» кешін арнайды. «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханова 23 қазанда «Музыкалық альянс» топтамасынан «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» концертімен өнер көрсетеді.

29 және 31 қазанда «Астана Опера» опера солистерінің, оркестр, хор және миманс әртістерінің орындауындағы Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсы көрермендерге мол шаттық пен жағымды эмоциялар сыйлайды.

Сондай-ақ жас театр сүйер қауымға арнап ай репертуарына еліктірерлік музыкалық тосынсыйлар енді. 20 қазанда С.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісі балаларды симфониялық оркестр әлемімен таныстырады, ал 27 қазанда «Музыка әлемі» концертінде балалар опера дауыстарының түрлері мен музыкалық аспаптар, әлемдік және ұлттық классика туындылары жайлы барлығын білетін болады.


ПІКІР ЖАЗУ