«Жасыл» энергия. АЭС Қазақстанға не береді?

0
1279

Атом электр станциясы (АЭС) — электр энергиясын өндіруге арналған қажетті жүйелер, құрылғылар, жабдықтар мен құрылыстар кешені. Станция отын ретінде уранды пайдаланады. Ал Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы елімізге АЭС керек пе? Қазір елімізде энергетика саласында қандай проблемалар бар? Бүгін осы сұрақтардың жауабын сарапшылар пікірі арқылы түсіндіріп көреміз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергоқауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында энергетика саласын сынға алып, мәселені тез арада шешуге тапсырма берген болатын.

Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек. Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады. Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын, — деді Тоқаев.

Президент құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс екенін айтып, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажеттігін тапсырған болатын.

Бүгінгі күні АЭС «жасыл» энергияның көзі болып саналады. Мамандардың бағалауы бойынша жыл сайын қуаты 1 000 МВт АЭС жұмысы парниктік газдар шығарындыларын 4 млн тоннаға азайтады.

Қазақстанда Алматы облысындағы Балқаш көлінің жанында Үлкен кентінде атом электр станциясын салу жоспарланып отыр. Еліміз бүгінгі таңда әлемдегі отын уранының басты өндірушісі, сондай-ақ елде атом зерттеулері саласында тәжірибесі бар.

Қазақстанның энергетика саласында қандай проблемалар бар?

Қазақстан Республикасының инженер-энергетиктер одағының директоры Марат Дулкаиров елімізге АЭС-тің қажеттілігі туралы айтып берді.

Кез келген станса энергожүйеге қосылуы керек. Болашақта біз салуды жоспарлап отырған АЭС жетіспейтін электр энергиясын өндіру үшін еліміздегі энергетикалық жүйеге қосылады. Бүгінгі электр энергетикасы саламыздағы жағдай қандай күйде? Кез келген желінің станциясын алып қарасаң да, бәрі өте қиын жағдайда, бәрі тозған. Яғни бұл саланың халі мүшкіл. Кейбір объектілер 90 пайызға дейін тозған. Осыдан қорытынды шығара беруге болады. Кінәлілерді атаған да дұрыс шығар, бірақ әрі қарай не істеу керегін білу одан да маңызды, — деді сарапшы.

Ол энергетиктердің сөзін ешкім тыңдамайтынын айтты.

Бүгінгі күні не істеу қалай? Сала проблемасын қалай шешу керек? Қазіргі күні тариф – ол салаға құйылған инвестиция деп айтады. Бірақ бұл қате түсінік. Менің ойымша, тарифті осы салада еңбек ететін адамдардың жалақысын көбейтетіндей деңгейде көтеру керек. Бізде өте ауыр құрылғылар бар. Оның үстіне жұмыс істейтін адамдар да қалмады. Кадр жоқ. Қазақстан бойынша жалақыны кем дегенде орташа деңгейге дейін көтеріп, қазір жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді орындарында қалдыруға тырысу керек. Міне, тарифті осы мәселені шешу үшін көтерген жөн, — деп айтты Марат Дулкаиров.

Сарапшының айтуынша, қалған тозығы жеткен активтерді басқа жолмен шешу қажет. Оған мақсатты мемлекеттік инвестициялар керек. Дәлірек, Ұлттық қордан қаражат бөлінсе, ол қажетті құрылғыларға жұмсалады. Сосын оның мақсатты жұмсалуы үшін барынша қатаң бақылауда ұстау керек. Осындай жүйені ұйымдастырып қана саламызды қазіргі күйден аман алып шыға аламыз. Әрине бұл мәселе саяси шешімді қажет етеді.

Дамыған барлық мемлекетте, Азияда, тіпті Африкада АЭС бұрыннан бар. Ал бізде, Қазақстанда барлық жағдай болса да, әлі күнге дейін АЭС жоқ. Қазір бізге АЭС-тің қажеттілігі туралы талқылауды тоқтату керек. Әрине, ол әу бастан қажет. Энергетикалық баланс туралы айтатын болса, былтыр 16 500 МВт тұтынылды. Ал еліміз шамамен 15 200 МВт өндірді. Демек 1 300 МВт-ты Қазақстан Ресейден алды. Ал оңтүстік өңірлерде тапшылық бүгінге дейін сақталып отыр. Оңтүстік өңірдің энергияны тұтыну көлемі 4 200 МВт. Оның 50 пайызын оңтүстіктегі генерациялар өндіреді. Қалғаны жетпей отыр, — деп ойын айтты Дулкаиров.

Оның сөзінше, біздегі электр энергиясы тұрақсыз, сенімсіз және сапасыз.

Электр сымдарына арналған техникалық ереже құжатында ең басында электр энергиясы сенімді, үзіліссіз және сапалы болу керегі жазылған. Жаңартылатын энергия осы үш көрсеткішке де сай болмай отыр. Осы себептен бе «АЭС емес, жаңартылатын энергия көздерін салайық АЭС-ке көп қаражат керек» деген әңгімелер де айтылып жүр. Әрине, жаңартылатын энергия да қажет. Бірақ ол қосымша құрылғылар есебінен өндірілгені дұрыс. Жаңартылатын энергия атам энергиясынан да қымбат, — деп айтты энергетика саласының сарапшысы.

Ол энергетика саласына қатысы жоқ адамдардың сөзін тыңдамау керегін айтты.

АЭС құрылысы: Қандай технологиялар қарастырылып жатыр?

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова Қазақстанда АЭС салу үшін қандай технологиялар қарастырылып жатқанын айтып берді.

Әлемде жеңіл су сияқты реакторлық технологияларды өндірушілер көп емес. Қазіргі уақытта Қазақстанда атом электр станциялары жұмыс істемей тұрғандықтан, біз үшін бірінші кезеңде пайдалану тәжірибесі бар эталондық технологияларды қарастыру әлі де қолайлы болады. Біз қарастыру үшін қуаттылығы жоғары жеңіл су реакторларын таңдадық, — деп түсіндірді Мұрсалова.

Ол «Қазақстанның атом электр станциялары» зерттеу жүргізіп, алты әлемдік өндірушінің 13-тен астам технологиясын қарастырғанын, оның ішінде төрт өндіруші Қазақстанда пайдалануға ең қолайлы болып таңдалғанын атап өтті.

Мұрсалованың айтуынша, таңдау кезінде Қазақстан технология қауіпсіздігіне назар аударады. Бұл Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (ХАЭА) қолдауымен. Наурыздың соңында ХАЭА сарапшылар тобы Қазақстанның атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға дайындығын бағалау үшін Қазақстанға келді.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің сарапшылары Қазақстанның осындай маңызды шешімге дайындығын 19 инфрақұрылымдық бағыт бойынша бағалады. ХАЭА әдістемелеріне сәйкес бүкіл процесс үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде ХАЭА сарапшылары бағалау жүргізіп, нәтижесінде Қазақстанның жоғары АЭС құрылысы бойынша шешім қабылдауға әзірлік барысы, — деп айтты Мұрсалова.

АЭС жобасы бойынша жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстандағы атом электр станцияларын жобалау мен салудың қазіргі жағдайы жайында айтып берді.

Оның айтуынша, 2018 жылы АЭС жобасы бойынша тәуелсіз халықаралық сараптама жүргізілді.

Кейін 2019 жылы жетекші жеткізушілерден міндетті емес техникалық және коммерциялық ұсыныстар алынды.

Олардың тізімі жасалды:

CNNC – Қытай

KHNP – Корея

Росатом – Ресей

EDF – Франция

Айтуынша, былтыр техникалық-экономикалық негіздеменің жаңартылған маркетинг бөлімі іске кірісті.

Атом саласын дамыту бойынша үкіметаралық комиссияның отырысында ұсыныстарды қайта айттық. Олар қабылданды. АЭС салынатын жер Үкіметтің шешіміне сәйкес қабылданады. Әрине шешім жергілікті мемлекеттік органдардың келісімімен қабылданады. 2022 жылғы 24 мамырда Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында құрылыс аймағы ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылын таңдау және АЭС қуатын анықтау 2 800 МВт-қа дейін ұсынылды, — деп айтты сарапшы.

Ол заң бойынша АЭС-тің орны Қазақстан үкіметінің шешімімен бекітілуі тиіс екенін еске салды. Тиісінше шешім жергілікті өкілді органмен келісім бойынша қабылданады.

2022 жылдың 15 қарашасында біз Қонаев қаласына барып, Алматы облысы мәслихатының депутаттарына таныстырылым жасап, мақұлдадық, — деп айтты Жантикин.

Сонымен бірге Үлкен ауылының тұрғындарымен қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Оның айтуынша, бүгінде АЭС әлеуетті учаскелерін сипаттау бойынша баға ұсыныстары жергілікті және шетелдік мамандандырылған ұйымдардан алынды.

Олар: KHNP – Корея, Assystem – Франция, «ҚазНИПИЭнергопром» және Ұлттық ядролық орталық.

АЭС қашан іске қосылады?

Тимур Жантикиннің айтуынша, биыл жеткізуші таңдалып, атом электр стансасы орналасқан аумаққа үкіметтің қаулысы шықса, 2025 жылы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылады.

Мемлекеттік сараптаманың оң шешімімен техникалық-экономикалық негіздеме атом электр станциясын салу туралы қаулы қабылдау үшін үкіметке жіберіледі. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу басталады.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2034 жылы аяқталса, ал станция 2035 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Неліктен біз 2,8 ГВт-қа дейінгі станцияларды таңдадық? 2018 жылы қайтарып алған есептеулеріміз бойынша, оңтүстікте базалық қуат тапшылығы 2,7 ГВт-қа дейін жетеді деп күткен едік. Біз энергетикалық жабдықтың тозғанын ескердік. Қазақстанның энергетикалық жүйесінің дамуын модельдеу кезінде қолданыстағы теңгерімдерге сүйене отырып, солтүстік-оңтүстік өзара байланысы үшін базалық қуат тапшылығы 2030 жылға қарай 1,8 ГВт, 2035 жылға қарай 3,2 ГВт, 2050 жылға қарай 5 ГВт, — деп түсіндірді Жантикин.

Оның сөзіне қарағанда, базалық қуат тапшылығын жабу үшін қуаты 1400 МВт-қа дейінгі кемінде екі блоктан тұратын атом электр станциясын салу қажет.

АЭС-тің зияны бар ма?

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімі инженері Асуан Сиябеков атом электр стансасының экологияға қалай әсер ететінін айтып берді.

Энергетика саласы мамандарының болжамынша, энергия тапшылығы болу мүмкін. Сол кезде базалық генерация ретінде, ең алдымен, генерация көздері керек. Оны біз АЭС-тен және жылы электр стансаларынан (ЖЭС) ала аламыз. Қазіргі кезде ЖЭС мәселелеріне келетін болсақ, оларға өздерінің көмірқышқыл газының шығарындыларына байланысты инвестиция тарту, қаржыландыру мәселелері күрделі болып тұр. Сол себепті де «жасыл энергетика» көзі ретінде атом электр стансаларын қарастырамыз, — деп айтты Сиябеков.

Сөзінше, осы себептен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.

Ол атом электр стансасының экологияға, адам денсаулығына қалай әсер ететініне тоқталды.

Қазіргі кезде әлемде 430-ға жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Әрине, осы кезге дейін апаттық жағдайлар болды. Бірақ ол кездегі реакторлар бүгінгі күні жаңартылды. Қанша жыл өтті, яғни жұмыс өтілі көп. Қазір сол АЭС-тердің жаңа буыны шығып жатыр. Сол себепті Қазақстан тек қана жаңа буынды 3+ реакторларын қарастырады. Оның экологияға да әсері зерттелген. Мысалы, апаттық жағдай болса, онда радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға, қасындағы өсімдіктердің, жануарлар әлеміне таралуына байланысты зерттеу жүргізілді. Яғни, апат болған жағдайда ол сыртқы ортаға шығып кетпейді, — деп түсіндірді Атом энергетикасы бөлімі инженері.


ПІКІР ЖАЗУ