Мемлекеттік тілдің ұлтаралық қарым-қатынас құралына айналуын көздейтін форум

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, көрнекті ағартушы, ғалым, публицист, түркітанушы, қоғам қайраткері, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып, 5-ші қыркүйек«Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі ретінде бекітілген болатын.
Осы айтулы мереке қарсаңында, Шымкентте«Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Форумның басты көздеген мақсаты — қазақ тілінің тек бір ұлттың емес, этностар арасындағы ортақ қарым-қатынас құралына айналу қажеттігін жүзеге асыру, қазақ тілін үйренуге, жетілдіруге және оны қоғамдағы барлық салада қолдану аясын кеңейтуге ықпал жасау, қоғамдағы рөлін арттыру, сондай-ақ, көптілділікті көпшілікке кеңінен насихаттау болды.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен болашағы төңірегінде ой өрбітті. Форумды «Қазақ тілі» қоғамы Шымкент филиалының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді.
Форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, өңірде тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтарды марапаттады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген сөзін мысалға ала отырып, еліміздегі татулық пен ынтымақтың басты құндылық екенін атап өтті.
– Біз көпұлтты мемлекетпіз. Біздің бірлігіміздің кепілі – өзара сыйластық пен толеранттылық. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілдің мәртебесі артып келеді. Биылғы жылы абитуриенттердің 80 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырса, бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақша білім алуды таңдады. Бұл – тіліміздің нығайып, қоғамда кеңінен қолданылып келе жатқандығының нақты көрінісі, – деді Сәрсен Құранбек.
Аталмыш форум аясында бірқатар мазмұндыбаяндамалар тыңдалды. «Өрлеу» БАҰО АҚ «Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының» директоры Меруерт Медетбековаауызша іскерлік тіл мәдениетін қалыптастырудыңмаңызына тоқталса, редактор әрі аудармашыНазгүл Қожабек «Бұл қазақша – қай қазақша?» атты баяндамасында калька аударманың кең етекжаюына алаңдаушылық танытты.
Сонымен қатар, форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі сөз болды. Түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде баяндама жасап, жиналғандарды ерекше тәнті етті. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік тіл еліміздегі түрлі этностар арасындағы достықты, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатындаұлтаралық қарым-қатынастың берік құралына айналып келе жатқанын білдірді.
Шымкентте «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен болашағы төңірегінде ой өрбітті.








