Астана әлемдік поп-мәдениет орталығына айналуда

2025 жылғы 9–13 шілде аралығында Астанада өткен Comic Con Astana фестивалі тарихтағы ең ауқымды шаралардың біріне айналды. Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет оқиғасына айналған бұл фестивальге 75 000-нан астам бірегей келуші тіркеліп, жалпы қатысушылар саны 120 мыңнан асты.
Биыл фестиваль алғаш рет бірден екі алаңда – Астана Арена мен Барыс Аренада өтті. Шараға 36 елден 10 000-нан астам шетелдік келіп, халықаралық деңгейдегі қонақтар мен креаторлар жиналды.
Фестивальдің басты хедлайнерлері қатарында Энди Серкис, Скотт Эдкинс және Эсай Моралес болды. Сондай-ақ, Netflix үшін түсірілген қазақстандық-испандық бірлескен жоба – «Бітім» фильмі алғаш таныстырылды.
Косплей байқауына 200-ге жуық қатысушы қатысып, 15 миллион теңге жүлде қоры сарапқа салынды. Сонымен қатар, 150-ден астам отандық суретші мен қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды.
Алдын ала есеп бойынша, фестивальдің ел экономикасына әсері 3,5 млрд теңгеден асты. Медиалық қамту – 200 миллионнан астам адам.
Comic Con Astana – тек фестиваль емес, Астананың әлемдік мәдени және креативті орталық ретіндегі мәртебесін айқындайтын маңызды оқиға.








