Маңғыстаулық пікірсайысшылар Тараздан олжалы оралды

0
40

Таразда Ш. Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына орай ITII CUP V республикалық турнирі өтті. Турнирге «Жол жүру грантына» ие болған маңғыстаулық 5 пікірсайыс клубы аттанған болатын.

Пікірсайыс турниріне республиканың әр өңірінен келген 12 команда қатысты. Олар тартысқа толы жарыста өзінің жан-жақты екенін көрсетті. Білімі, ораторлық шеберлігі, харизмасы, сыни ойлау қабілеті мен сенімділігі басым пікірсайысшылар ойынның келесі кезеңіне өтіп, бақ сынасты.

Үздіктер жиналған додада облыс атынан шыққан Жаңаөзен, Мұнайлы, Маңғыстау, «Кемел» ИПК, Ерікті пікірсайысшылары олжалы оралды. Нақтыласақ, «Жаңаөзен» пікірсайыс клубынан Нуриман Жазықбек пен Ясмина Қалдурды 2-орын алды. «Үздік франция» номинациясына Жұлдыз Испанова мен Инабат Саназар ие болды.

Ал Жастар лигасында Мұнайлы пікірсайысшыларының арасынан Тасқынбай Рақымжан «Ең үздік спикер» атанды. «Үздік пост» иесі Гаухар Игілік болды.

Сонымен қатар Маңғыстау пікірсайыс академиясы да «Жастар» лигасы мен «Альфа» лигасы бойынша 3-орынды қанжығасына байлады. «Үздік оратор» номинациясын Саят Дербисов алды.

Ш. Есенов атындағы университеттің «Кемел» ИПК «Бета» лигасында 2-орынға тұрақтап, пікірсайысшы Мөлдір Оразбаева «Жастар лигасының үздік спикері» атанды.

Ал «Ерікті пікірсайысшылар» құрамасының ойыншылары Құттыбек Табунхан мен Ермұхан Рахметтулаұлы «Үздік кейс» бойынша марапатталды. Жұлдыз Башухина «Үздік делегация» номинациясына ие болды.

Айта кетейік, аталған дүбірлі додаға қатысқан пікірсайысшылардың жол жүру шығынын «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі «Жол жүру гранты» жобасы аясында өтеп берді. Жоба Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асты.


ПІКІР ЖАЗУ