Болашақ ұрпақ үшін тарихи мұраны сақтау маңызды

0
84

Гүлмира Райловна Мұхтарова — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры democracy.kz  сайтына берген сұқбат барысында тарихи мұраны сақтаудың маңызы мен болашағы туралы сөз қозғады.

Тарихи мұра дегеніміз –тарихи, мәдени, сәулет, ғылыми маңыздылығы бар, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын материалдық және материалдық емес объектілердің, әдет-ғұрыптың, білімнің бірлестігі. Ол сәулет ескерткіштерінен, археологиялық олжалардан, өнер туындыларынан, тарихи деректерден, ауыз әдебиетінен, салт-дәстүрден тұрады.

Тарихи мұра халықтың, мәдениеттің қалыптасуында, тарихты зерделеуде, қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Тарихи мұра, уақыт, табиғат апаттарынан, адами қызметтерден және басқа да зардаптардан қорғауды, сақтауды талап етеді. Тарихи мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтау маңызды, себебі ол кешегімізді еске сақтауға, болашағымызды жоспарлауға, мәдениетімізді өркендету үшін қажет.

Қазақстанның бірнеше объектілері Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Атап айтсақ: 2003 ж. Хожа Ахмет Яссауи кесені, 2004 ж. Таңбалы археологиялық петроглифі, 2014 ж. Чань-Ян –Тянь-Шян дәлізі бойынша сериялық номинацияға ҚХР және Қырғыстанның объектілерімен бірге Қазақстанның 8 ескерткіші – Талғар, Қаялық, Қарамерген, Ақыртас, Өрнек, Ақтөбе, Қостөбе, Құлан кірген.

Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи жерлеріміз: «Сарыарқа» – 2 нысан: Наурызым, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорықтары; «Батыс Тянь-Шань» – 3 нысан: Ақсу-Жабағалы, Қаратау мемлекеттік табиғи қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі; «Тұран шөлдері» — 2 нысан: «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы дүниежүзілік мұра тізімінде.

Қазіргі кезде, Фергана-Сырдарья дәлізі бойынша Қазақстаннан бірнеше объектілер ұсынылып отыр, сонымен қатар Маңғыстаудағы жер асты мешіттерін, біраз петроглифтерді, сақ обаларын дүниежүзілік мұралар тізіміне кіргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл ұзақ процесс. Ескерткіштер алдымен алдын ала тізімге енгізілуі керек, бірнеше сараптамалық және басқа процестерден өтуі керек. Сонымен қатар, дүниежүзілік мұралалар тізіміне енгізуге лайықты объектілердің алдын ала тізімі де әр жыл сайын толықтырылып отырады.

Тарихи мұраларымызды сақтап қалу үшін алдымен оларды есепке алу керек, олардың тарихи маңыздылығы, сақталу деңгейі, қорғалу жағдайы бойынша сараптама жұмыстары жүргізіліп, консервация-реставрация жұмыстары жолға қойылуы керек, қорғау аймақтары анықталып бекітілуі керек.

Қазақстанда ескерткіштерді қорғау және пайдалануға арналғн жаңа заң 2019 жылы қабылданды. Бұл заң 1992 жылдан кейін қайта қарастырылып, толықтырылып, өзгертіліп қайта қабылданған заң. Дегенмен ешнәрсе орнында тұрмайды, 5-6 жыл ғана өтсе де бұл заңды қайта қарастыру, толықтыру қажеттілігі туындап отырғанын тәжірибе көрсетіп отыр.

Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу тәртібі де заңда қарастырылған. Қазба жұмысын жүргізу үшін алдын ала лицензия алу қажет және министрлікке тапсырыс беру керек. Қазба жұмысы жүргізілгеннен кейін атқарылған жұмыс және табылған олжалар бойынша есеп тапсырылады. Дегенмен, «қара» археологияның әлі де болса орын алып келе жатқанын және артефактілердің шетелге шығып кетіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Негізінен археологиялық қазба жұмыстарымен ғылыми мекемелер, музейлер және музей-қорықтар айналысады. Аккредиттелген, лицензиясы бар мекемелер әдетте ғылыми-қолданбалы жобалардың аясында қазба жұмыстарын жүзеге асырады. Әрбір ғылыми-қолданбалы зерттеулер 2-3 жылға арналады. Осы жылдар арасында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде әртүрлі жетістіктер, олжалар болып жатады. Тоналған обалардан бірде-бір артефакт шықпауы мүмкін, ал кейде «Алтын адам» сияқты олжаның шығуы да әбден мүмкін. Сондықтан бұл жерде нақты айту қиын. Дегенмен, соңғы жылдары Қазақстанның түпкір-түпкірінен сонау тас дәуірінен ортағасырға дейінгі кезеңдерге тиеселі, тарихымызға жаңа дереккөз әкеліп жатқан жаңалықтар аз емес.

Тарихи мұраны сақтау мәселесі маңызды мәселе және ол жаңа тәсілдерді пайдалануды талап етеді. Соңғы жылдары археология саласына жаңа технология қарқынды енгізілуде. Георадар, лазерлік скан жасау, дронмен түсіру, геоақпараттық жүйе, роботтық техника, жасанды интеллект (АI), спектроскопия, сенсорлар, датчиктер, радиоқышқыл сараптама, ДНК тағы басқа. Әрине бұл әдістердің барлығы бастапқыда шетелдік ғалымдардың тәжірибесінен өтетіні, біздің елге кешірек келетіні белгілі. Дегенмен, қазір аталған барлық технология біздің елде әртүрлі деңгейде, қарқында пайдаланылып жүр. 3D скан жасау арқылы мәдени мұра объектілерінің нақты цифрлық моделін жасау. Бұл құжаттарды жасау, қалпына келтіру және виртуалды көрмелер жасауда кеңінен пайдалануға мүмкіндік. VR және AR вертуалды және толықтырылған көрініс, бұл ескерткіштерге зақым келтірмей интерактивті экскурсия жүргізуге мүмкіндік береді. Краудсорсинг, еріктілерді, жергілікті халықты тарту, олардың арасында түсіндіру-ақпараттық жұмыстар жүргізу.

Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ