«Қаһарлы Орландо» барокко операсы қалай заманауи үн қатпақ

0
46

4-5 қазанда «Астана Операда» өтетін «Қаһарлы Орландо» операсының премьерасы қарсаңында италиялық қоюшы режиссер Алла Симонишвили барокко дәуірінің классикалық туындысы заманауи театр сахнасында қалай жаңаша дыбысталатыны туралы әңгімелеп берді.

Басты кейіпкерді түрлендіру — сіздің осы операны интерпретациялаудағы негізгі тақырыптарыңыздың бірі. Осынау рухани жандануды қалай ашатыныңыз туралы толығырақ айтып бересіз бе?

— Операның «Қаһарлы Орландо» аталуы кездейсоқ емес. Орландо — көптеген шайқастарды бастан өткерген жауынгер. Ол өмір бойы соғысты тұрмыстың қалыпты бөлшегі деп санап келді, оның заманында сондай түсінік болатын. Алайда күндердің бір күні ол жаулап алу мен соғыстардың мәні жоқ екенін ұғынады. Дәл осы ішкі бетбұрыс операны қазіргі кезде де өзекті етеді. Барлығымыз бейбітшілікке, бақыт пен махаббатқа ұмтыламыз. Орландо да құндылықтарды қайта бағалай бастайды және махаббат әлемдегі барлық нәрсенің негізі екенін түсінеді. Ол Анжеликаға деген махаббатын бәрінен де артық көреді және сүйіктісін дәріптегені сонша, оның кемшілігін қабылдай алмайды. Орландоның қасіреті – адамның әлсіздігін түсіне алмағанында, себебі ол әрдайым ең әуелі өзіне, сосын басқаларына қатал әрі талапшыл болды. Оның ойындағы керемет етіп құрастырылған картина қирағанда, ол ақылынан адасады. Операның тағы бір жарқын кейіпкері – Альчина, ол күшті сиқыршы болғанымен, Орландодан қаймығады. Өзінің қайраты мен өлмейтіндігіне қарамастан, сиқыршы әйел одан қауіп барын сезеді. Оның жастығы мен сұлулығы өзіне ғашық ететін жігіттердің жүрегіне тәуелді, жүректер топтамасы азайғанда оның күші әлсірейді. Ақыр аяғында, кейіпкер Орландо оның сиқырын жояды. Сәуегейлердің болжауынша, Орландо бұл өмірге Альчинаны өзінің сиқырынан айыру үшін келген екен. Алайда оның жолы — азат ету болды. Біздің қойылымда ол көзсіз құмарлықтан өтіп, махаббат әлсіз ынтықтық болудан қалатын жаңа рухани деңгейге жетеді. Орландо шынайы махаббат — бұл еркіндік екенін және нағыз сый Анжеликаның жүрегін жаулап алуда емес, өз құштарлығынан арылуда екенін түсінеді.

Ашық финал көрерменге ой толғауға мүмкіндік береді: Орландо Альчинаның орнын баса ма әлде мейірімді данышпанға айнала ма? Бұл сұрақтың жауабын әркім өзі табады.

— Барокко операсы дауыс пен аспаптар арасындағы тығыз өзара байланысты қамтиды. Сіздің қойылымыңызда бұл қалай көрініс тапқанын айтып бере аласыз ба?

— Бұл операның музыкасы аспаптық ойлауға негізделген. Мұнда әртістер ән айтып қана қоймайды, сонымен қатар олар флейта, скрипка немесе гобой сынды аспаптармен біріккендей болады. Олар аспаптық сызықтарға еліктейді. Мәселен, скрипкашыда ысқының ауысуы — бұл әншінің тыныс алуы, оның сөйлемінің басы. Нәтижесінде әнші мен оркестр біртұтас болады. Барокколық ән айту бірегей өнер түрі болғандықтан, бұл опера айрықша ептілікті талап етеді. Барлық дауыстарда аспаптық қозғалу мүмкіндігі бола бермейді, себебі бұл олардың физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Демек, бұл жай физиология.

Кастраттар өркендеген дәуірдің тарихына үңілсек, олардың дауыстары опера сахнасында екі ғасыр бойы салтанат құрған. Италиялық: неаполитандық және венециялық мектептер кафедралды соборлардың хорларынан шығып қалған көптеген музыканттарды тәрбиелеген және оларға терең музыкалық білім берген. Олардан тек орындаушылар емес, сондай-ақ композиторлар мен ұстаздар да шыққан. Өкінішке қарай, дауыстары ерекше әдемі болған әншілерге дауыстарын сақтап қалу үшін хирургиялық ота жасалған. Фаринелли сынды атақты әншілердің есімдері қалың аудиторияға әйгілі фильм арқылы таныс. Бұл дауыстар жоғары сопрано октавасының сақталуының, сондай-ақ төменгі регистрдің жетілуінің нәтижесінде кең диапазонға ие болған, бұл оларды қарапайым әншілермен салыстырғанда анағұрлым таңдаулы күміс көмей әнші еткен. Сол кезеңдегі музыка дәл осындай дауыстарға арнап жазылған, сондықтан оларды қазіргі таңда екінің бірі орындай алмайды.

Бүгінде мұндай партияларды контртенорлар мен меццо-сопранолар шырқайды. Алайда біздің жағдайда тек меццо-сопраноларды тартатын болсақ, біріншіден, бұл қойылым үшін әншілердің қажетті санын жинау өте қиын болар еді. Сондықтан біз драматургиялық логикаға сүйенуді ұйғарып, ер кейіпкерлерді ер дауыстардың орындауына мүмкіндік бердік. Әлбетте, бұл шешімге дауыстардың белгілі бір түрлерінің жетіспеушілігі де әсер етті, дегенмен жалпы алғанда, труппа сенімді ақтады, орындау сапасына көңіліміз толады. Біздің жағдайда Орландоны меццо-сопрано да, контртенор да емес, баритон орындайды.

— Сіздің қойылымыңыз түпнұсқа музыканы сақтайды, бірақ заманауи әншілерге бейімделген вариацияларды қамтиды. Бұл орындаушыларға қандай қиындықтар мен мүмкіндіктер алып келеді?

— Біз үндестілікті, музыка мен оркестрге арналған өңдеуді мүлде өзгерткен жоқпыз, барлығы да түпнұсқадағыдай қалды. Алайда кейбір күрделі жерлерінде біз орындаушылардың вокалдық қабілеттеріне мейлінше сай келетін вариацияларды қостық. Бұл музыканың кереметтігі – оның вариацияларға жол беретіндігінде ғана емес, сонымен қатар оларды қажет ететіндігінде болып табылады. Ол әншілерге өздерінің шеберлігін, вокалдық қабілеттерін, талғамдарын паш етуге жағдай жасайды. Өйткені бұрын операны орындау әнші үшін «майданға» түскенмен тең болатын, ол сол жерде барлық шеберлігін көрсете алатын. Орындаушыларды қолдау үшін біз барлығымыз бірге жасаған вариацияларды ұсына отырып, осы дәстүрді қолдандық. Әншілер өздерінің идеяларын қосып, өзге әртістерден шабыт алды, кейде басқа, жаңа бір дүние жасап отырды. Нәтижесінде біз партитураны өзгертпей, тамаша орындауға қол жеткіздік. Ол кезеңдерде композиторлардың өзге театрлар үшін операларды жиі көшіріп жазғанын, партияларды сондағы дауыстарға бейімдегенін атап өтуіміз керек. Біз партитураның түпнұсқасын сақтай отырып, осы қағиданы ұстандық.

— Сіз операның тек 2 актісін қалдырдыңыз, заманауи опера дәстүрлері тұрғысынан алып қарағанда мұны орынды деп ойлайсыз ба?

— Біз операны қысқарттық және бұған толық құқығымыз болды деп ойлаймын. Ол замандағы операны қабылдау дәстүрлері қазіргіден қатты ерекшеленеді. Ол кезде адамдар нақты не тыңдайтынын, яғни белгілі бір арияларды немесе өздері ұнатқан әншілерді таңдап, операда жарты күн уақыттарын өткізетін. Опера 5-6 сағатқа дейін жалғасатын. Осының нәтижесінде классикалық кезеңге қарай Глюктің опералық реформасы (опера жанрын қайта түсіндіру) пайда болды. Опералық қойылымдар «костюмдегі концертке» айналатын: ариялар ұзақ әрі қуатты болатын, алайда драматургиялық негізі шиеленіскен және орташа шығып, бәсекеде әншілердің мүмкіндіктерінің көрсетіліміне орын беретін.

Біз негізгі драматургия желісін сақтауға шешім қабылдап, артық шиеленіскен эпизодтарды алып тастадық. Айқын әрі түсінікті негізді — басты кейіпкердің рухани трансформациясын таңдадық. Бұл операның мағынасы мен тұтастығын сақтауға мүмкіндік берді және оны заманауи көрерменге анағұрлым қолжетімді етті. Сондықтан, спектакль қалың аудиторияның назарын аударады деген сенімдеміз және әлбетте, қымбатты көрермендерді күтеміз!


ПІКІР ЖАЗУ