Қуаныш Жұмабекұлы: Ескірген атауларды қазақи, тарихи дәстүрімізге сәйкестендіру маңызды
Қуаныш Жұмабекұлы – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, PhD докторы democracy.kz саяси-ақпараттық порталына жеке сұхбат беріп, еліміздегі ономастика жағдайына байланысты сұрақтарға жауап берді.
-Қуаныш мырза қазіргі таңда Алматы қаласында көше аттарын ауыстыру науқаны жүріп жатыр, оған қалай қарайсыз? Ат қойғанда не нәрсеге мән берілгені жөн?
-Еліміз бойынша көше, жер-су, елді мекен аттарының тарихи-мәдени мазмұнын саралап, өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Еңсемізді басқан ұлттық топонимикамыздағы «сүйелдерден» арылу, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды қазақи, тарихи дәстүрімізге сәйкестендіру маңызды. Атаулар беруде осыларға мән беру – міндетіміз.
-Көптен бері талқыға түскен еліміздегі ономастика мәселесінің басты айғағына айналған Петропавлды Кереку, немесе Қызылжар ал, Повладарды Сарыарқа деп ауыстыру мәселесі не себепті ұзақ уақыт бойы жүзеге аспай келеді? Нақты қандай кедергілер бар?
-Этнодемографиялық жағдайдың әртүрлілігі, қоғамның әралуандылығы, кейбір адамдарға тарихи-географиялық атауларды қайта атау маңызды болса, әрбір өзгерген көше, қала атауы кейбір өзге ұлт өкілдерінің берекесін қашарады дегендей, түрлі себептер бар. Уақыт керек.
-Идеологиялық ескірген атаулар (яғни Ленин, Сталин, Октябрь тағысын-тағы) елімізде әлі көп, Ономастикалық заң аясында идеологиялық атауларға арналған арнайы заң қабылдануы қаншалықты маңызды?
-Қазақ мемлекетінің келешегі үшін «Ономастика туралы» заң қажет деп ойлаймын. Бұның қоғамдық-саяси маңызы зор. Әлі де Ильичтің рухында сіресіп тұрған жер-су, елді мекен атаулары аз емес. Ұлттық сананың тәркіленуіне жол беруге болмайды. Заң арқылы көп нәрсені реттеуге болады.
-Ономастика саласындағы мәселелердің ошағы болып тұрған солтүстік өңірлерді қазақыландыру мақсатында көптеген бағдарламалар жоспарланды, (оңтүстіктен қоныс аудару, қандас статусын алған тұрғындарды қоныстандыру). Сол жұмыстардың әсері, нәтежиесі қазіргі күні қандай деп ойлайсыз?
-2022 жылы «Солтүстікті қалай қазақыландырамыз?» деген мақалам шықты. Біраз нәрсені қамтуға тырыстым. Ұлтымыздың ұпайы кеткен солтүстікті тек қазақтандыру емес, қазақыландыру да маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Бос жатқан жер жау шақырады. Ол аймақтағы автохтонды ұлт жағынан шекеміз қызып отырған жоқ. Сол өңірлердің миграция сальдосын бақылап отыру абзал. Бұдан бөлек бір ұсынысым бар. Шетелдік тәжірибеде, мысалы, әйгілі Гарвард университеті Массачусетсте орналасқан екен. Бұл АҚШ-та үлкен штат болып есептелмейді. Өзім білім алған Түркияда қай жерді дамытқысы келсе, сол жерде университет салады. Солтүстік аймақта мемлекеттік тілде ғана білім беретін университеттер немесе елдегі мықты деген университеттердің филиалдарын ашу керек.
-Ақмолы облысында Щучинск деген жер бар, атауын өзгерту керек деген пікір болса сол өңірдегі өзге ұлт өкілдері қарсылық танытады екен. Неге Щучинск? Неге Шортанды, Абылай хан емес?
-Осы сынды көптеген атаудың өзгеруіне келгенде қарсылықтар туындап жатады. Ономастика саясатын құбыжықтандырғысы келетіндердің қай заманда болсын алдымыздан шығары сөзсіз. Оны реттеудің бір ғана жолы бар. Ол – Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң. Бұл ат үстінен билік айта салғаннан жүзе аспас, әрине. Монотіл саясаты мемлекет құрушы ұлт төңірегіне топтасуға, ортақ мүддеге бағыт алуға мүмкіндік береді.
-Филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай мырза былай дейді: “Кісінің атын қалаға, елді мекенге беруге қарсымын. Қанша данышпан болса да адамның атын өзінің туған жеріне берілгені жөн емес. Сонда Абай Абай ауданында туған, Абай қаласында тұрған деп айтуымыз керек пе? Әлде, Райымбек Райымбек ауданынан шыққан дегеніміз дұрыс па ?” Бұл пікірге қатысты ойыңыз қандай?
—Ұмыт болған ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, тарихи атауларды қайтару ісі қолға алынып жатыр. Бастылған іс – жұмыстың жартысы. Реті келген жері болса, қарсы емеспін. Мысалы, Вашингтон қаласы. Әлемде бұндай мысалдар өте көп. Біржақты қате деуге болмайды. Бұны осы саламен айналысып жүрген мамандар түсінеді. Алайда барынша сол жердің тарихи-географиялық ерекшеліктеріне қарай қойылғаны дұрыс.
-Ауылға атамның, көшеге көкемнің атын қоямын дейтін қағиданы ұстанатын топтар да бар елімізде. Ауылдық жерлерге барсақ байқап та жатамыз ондай атауларды. Осы тұста ономастикалық комиссия мүшелері қандай шара қолданғаны жөн?
-Тарихи негізі мен астары айқындалған тұжырым айта алатын мамандар араласса, ондай қиындықтар бола қоймас.