Риззат Тасым — саясаттанушы, Фандрайзинг пен краудфандинг – ҮЕҰ үшін қаржы тартудың екі түрлі, бірақ ең тиімді әдістері

ҮЕҰ өз қызметін қаржыландыру үшін қандай көздерден қаражат ала алады?
Үкіметтік емес ұйымдар өз қызметін қаржыландыру үшін бірнеше қаржы көздерін пайдалана алады. Олардың ішінде ең кең таралғаны – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Ол механизм арқылы мемлекет ҮЕҰ-ға әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы бөледі. Қазақстанда жыл сайын 2000-нан астам бірлескен әлеуметтік жобалар іске асырылады.
Халықаралық гранттар – шетелдік донорлар мен халықаралық ұйымдар тарапынан бөлінетін қаржыландыру көзі. Соңғы жылдары шетелдік гранттар арқылы ҮЕҰ-ларды қаржыландыру көлемі шамамен 5 млрд теңгеге жеткен.Жеке сектордың демеушілігі де маңызды рөл атқарады. Көптеген компаниялар корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде ҮЕҰ-ға қаржылай немесе материалдық қолдау көрсетеді.Қоғамнан тікелей қаражат тарту әдістері – фандрайзинг және краудфандинг – белсенді түрде қолданылады. Бұл тәсілдер арқылы халықтың ҮЕҰ жұмысына қатысуы артып, сенім деңгейі жоғарылайды.
Донорлық ұйымдармен жұмыс істеу үшін ҮЕҰ қандай талаптарға сай болуы тиіс?
Донорлық ұйымдармен тиімді жұмыс істеу үшін ҮЕҰ бірқатар талаптарға сай болуы тиіс. Ең алдымен, ұйым заңды түрде тіркелген болуы және өзінің ресми мәртебесін дәлелдей алуы қажет. Ұйымның миссиясы мен мақсаттары нақты және түсінікті түрде анықталған болуы керек. Бұл донорларға ұйымның бағыт-бағдарын және әлеуметтік мәселені шешуге деген көзқарасын айқындауға көмектеседі. Қаржылық есептілік пен ашықтық та негізгі талаптардың бірі. ҮЕҰ донорлардан алған қаражаттың қалай және қайда жұмсалғанын дәлелдей алатын есептер мен құжаттарды ұсынуы тиіс. Сонымен қатар жобаларды жоспарлау және жүзеге асыруда кәсіби тәжірибе, яғни жобаларды басқару қабілеті болуы өте маңызды. Бұрынғы сәтті жүзеге асырылған жобалар ұйымның сенімді серіктес екенін көрсетеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы ҮЕҰ-ға қолдау көрсетіле ме?
Мемлекет ҮЕҰ-ны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қолдайды. Бұл механизм арқылы үкімет әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы бөледі. ҮЕҰ осы қаржы арқылы әртүрлі салада жобаларды іске асырады: мүгедектер, жетім балалар, әлеуметтік осал топтар үшін қайырымдылық шаралары; нашақорлық және АИВ-пен күреске бағытталған профилактикалық бағдарламалар; зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін орталықтар құру; экологиялық қауіпсіздік, тұтынушылар құқығын қорғау, ұлттық мәдени дәстүрлерді жаңғырту. 2022-2023 жылдары осындай қаржыландыру көздері арқылы жалпы сомасы 127 млрд теңгеге 4220 жоба жүзеге асырылды. Ол ҮЕҰ-ның мемлекетпен серіктестікте маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Фандрайзинг пен краудфандинг: ҮЕҰ үшін қайсысы тиімді?
Фандрайзинг пен краудфандинг – ҮЕҰ үшін қаржы тартудың екі түрлі, бірақ ең тиімді әдістері. Фандрайзинг негізінен ірі донорлар мен демеушілерден қаражат тартуға бағытталған. Аталмыш әдіс тұрақты әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі бола алады, әсіресе үлкен жобалар мен институционалдық қолдау үшін тиімді. Ал краудфандинг – көпшілік қауымнан шағын мөлшерде қаражат жинау тәсілі. Бұл әдіс көбіне онлайн платформалар арқылы жүзеге асады және қоғаммен тығыз байланыс орнатуға, жобаның танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қандай әдіс таңдалатыны ҮЕҰ-ның мақсаттары, аудиториясы және ресурстарына байланысты. Кейбір ұйымдар үшін фандрайзинг тиімді болса, басқалар үшін краудфандинг оңтайлы нәтиже беруі мүмкін. Көп жағдайда бұл екі әдіс қатар қолданылып, бірін-бірі толықтырып отырады.
ҮЕҰ жеке сектормен (бизнес, компаниялар) серіктестік орната ала ма?
ҮЕҰ жеке сектормен серіктестік орната алады және бұл тәжірибе кең таралған. Жеке сектор әлеуметтік жауапкершілік аясында ҮЕҰ-ға қаржылық және материалдық қолдау көрсетіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырады .Өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен ҮЕҰ-ның өзара іс-қимылы, ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қаржыландыру ғана емес, сонымен қатар бизнестің осы мәселелерді шешуге белсенді қатысуы талап етіледі.Егер 2022 жылы еліміз бойынша әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден қаржыландырылатын ҮЕҰ-ның 2 мыңнан астам әлеуметтік жобасы іске асырылса, онда коммерциялық сектор ҮЕҰ-ның 281 жобасын ғана қолдады.Бұл жерде бизнестің өңірлердің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді қатысатынын, бірақ негізінен қайырымдылық арқылы қатысатынын атап өту қажет.Тұтастай алғанда, мемлекет пен бизнестің әріптестігі шеңберінде басталған жұмыс ҮЕҰ-нің бизнеспен бірлесіп жергілікті және орталық деңгейдегі мемлекеттік органдардың әлеуметтік саясатын түзетуге және толықтыруға қабілетті күшке айналуы мүмкін екенін көрсетеді, өйткені әлеуметтік қатынастарды кезең-кезеңімен реформалау үшін қажетті алғышарттар жасалды.
ҮЕҰ азаматтық қоғамның дамуына қандай үлес қосады?
ҮЕҰ-ға институционалдық көңіл бөлу 2000 жылдары, осы уақытқа дейін әлеуметтік жобалардың басым үлесіне демеушілік жасаған халықаралық қорлар Қазақстаннан кеткеннен кейін байқала бастады. 2000 жылдардың басынан бастап мемлекет ҮЕҰ-ны көбірек қаржыландыра бастады, кейіннен азаматтық қоғам біртіндеп өсу кезеңіне өтті. Қазіргі уақытта өңірлерде республикалық азаматтық альянс пен филиалдардың, ресурстық орталықтардың, тұрақты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың болуы, бір жағынан, азаматтық сектор мен мемлекет, екінші жағынан дамушы азаматтық сектор арасындағы алға қойған қатынастардың жақсарған көрсеткіші екені анық.Атап айтар болсақ, ҮЕҰ азаматтық қоғамның дамуына келесі жолдар арқылы үлес қосады:
— Әлеуметтік мәселелерді шешу. Халықтың әртүрлі топтарына көмек көрсету арқылы әлеуметтік әл-ауқатты арттырады.
— Қоғамдық пікір қалыптастыру.Маңызды мәселелер бойынша қоғамның назарын аударып, пікірталастар ұйымдастырады.
— Азаматтық белсенділікті арттыру.Еріктілерді тарту және қоғамның белсенділігін көтеру арқылы азаматтық қатысуды ынталандырады.
ҮЕҰ қоғамдағы қандай өзгерістерге түрткі бола алады?
ҮЕҰ-ның қоғам алдында маңыздылығы қай кезде де жоғары дәрежеде болған, ол өз кезегінде бірнеше өзгерістерге ықпал ете алады, атап айтсақ, ең алдымен заңнамалық реформалар. Қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы заңдардың өзгеруіне әсер етеді. Келесі — әлеуметтік инновациялар. Жаңа әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды енгізу арқылы қоғамның дамуына үлес қосады. Сонымен қатар ең маңызды функциясының бірі қоғамдық сананы өзгерту. Әлеуметтік мәселелер бойынша ақпараттандыру арқылы қоғамның көзқарасын өзгертуге ықпал ете алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық форумда сөйлеген сөзінде:
«Үкіметтік емес ұйымдар және қайырымдылық қорлары, белсенді азаматтар мен еріктілер ел тағдырына бей-жай қарамай, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге барынша атсалысып жүр. Олар ынтымақтастық пен нағыз отаншылдықтың озық үлгісін танытып, еліміздегі бірлік пен татулықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда әділдік пен гуманизм, өзара сенім мен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен білімпаздық жаңа этиканың өзегі болуға тиіс», – деп атап өтті.
Қоғам ҮЕҰ-ға қалай сенім арта алады?
Қоғамның үкіметтік емес ұйымдарға сенім артуы олардың ашықтығы мен есептілігіне, атқарып отырған нақты жұмыстарына және қоғаммен тиімді байланыс орнатуына тікелей байланысты. Қазақстандағы нормативтік құқықтық актілерде «үкіметтік емес ұйым» ұғымы азаматтар және (немесе) үкіметтік емес заңды тұлғалар ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ерікті негізде құратын, коммерциялық емес сипаттағы ұйым ретінде айқындалады. Бұл ұйымдар өз қызметін әлеуметтік маңызды миссия аясында жүзеге асырады және мемлекеттің адам құқықтарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін бақылауға қатыса алады.
Осы ерекшеліктерге сәйкес, қоғам тарапынан сенімге ие болу үшін ең алдымен үкіметтік емес ұйымдардың ашық және есепті қызметі маңызды. Олар өздерінің атқарған жұмыстары мен жұмсалған қаражаттары туралы жүйелі түрде есеп беріп отыруы тиіс. Мысалы, «Азаматтық Альянс» сияқты ұйымдар жыл сайын қоғамдық есептер жариялап, ашықтық қағидатын ұстану арқылы азаматтардың сенімін нығайтуда.Сондай-ақ ҮЕҰ-лар нәтижеге бағытталған жобалар арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге нақты үлес қосуы тиіс. Халықтың қажеттіліктеріне жауап беретін, тиімділігі нақты көрінетін бағдарламалар мен бастамалар – сенім артуға ықпал ететін тағы бір маңызды фактор.
ҮЕҰ қоғаммен тұрақты және белсенді кері байланыс орнату арқылы да сенім деңгейін арттыра алады. Бұл – азаматтардың пікірін ескеру, онлайн сауалнамалар жүргізу, ашық пікірталас алаңдарын ұйымдастыру және қоғамдық тыңдаулар өткізу сияқты тәсілдер арқылы іске асады.Соңғы жылдары әлеуметтік желілер қоғаммен тікелей байланыс орнатудың тиімді алаңына айналды. Зерттеулер көрсеткендей, Facebook, Instagram және Telegram сияқты платформаларда белсенділік танытатын ҮЕҰ-лар қоғамда кеңінен танылып, сенімді ұйымдар ретінде қабылдануда.Осылайша, үкіметтік емес ұйымдардың ашықтық, нәтижелілік және халықпен өзара байланысқа негізделген жүйелі қызметі қоғам тарапынан сенімге ие болудың негізгі шарттары саналады.
ҮЕҰ-ның қоғамдағы беделін арттыру үшін не істеу қажет?
ҮЕҰ-ның беделін арттыруға көмектесетін бірнеше тиімді тәсілдер бар:
— Қоғамдық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы. Орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін ҮЕҰ тартылады, өйткені олар тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Үкімет пен азаматтар арасындағы байланыстырушы буын
Жалпы, әртүрлі салаларда белсенді жұмыс істейтін 18 мың ҮЕҰ адами капитал мен сараптаманың айтарлықтай әлеуетін білдіреді.
Сондай-ақ, мемлекет пен ҮЕҰ-ның белсенді өзара іс-қимылы кезінде көптеген мәселелер шешіледі. Мысалы, инклюзияны түсіну проблемасы.Нақты кейстің бірі: соңғы 7 жылда 3 «Орда АУТИЗМ» түзету орталығын ашқан «Орда» ҚБ жұмысы, онда аутизмі бар балаларды қолдауда халықаралық әдістер сәтті қолданылады.Жұмыс шеңберінде Қазақстанда халықтың түрлі осал топтарымен жұмыс істейтін, оңалту, білім беру және заң қызметтерін қоса алғанда, қызметтердің кең спектрін ұсынатын 7,5 мың ҮЕҰ тартылды.
— Серіктестікті кеңейту. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы мемлекеттік аппараттың халықтың сұранысына сезімталдығын арттыруды, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың озық технологиялары мен тәжірибелерін әзірлеуді көздейді.Осы мақсаттарды іске асыруда қоғамдық қабылдаулар, бірінші басшылардың блоктары жұмыс істейді, Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай орталығы ашылды, «е-өтініш» порталы жұмыс істейді.
«Қоғамдық бақылау туралы» ҚР Заңы, сондай-ақ бірыңғай заңды онлайн-петициялар институтын құру мақсатында түзетулер қабылданды.Қолданыстағы заң шеңберінде қоғамдық бақылау мемлекетке балама болады және азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа қағидаттарын ұсына отырып, ҮЕҰ рөлін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Жастарды ҮЕҰ қызметіне тартудың жолдары қандай?
Жастарды тарту — ҮЕҰ тұрақты дамуының негізі. Мұнда бірнеше тиімді жолдар бар, соның екеуіне тоқталсам:
Біріншісі, еріктілік бағдарламалары. Азаматтық белсенділіктің дамуы, азаматтардың ҮЕҰ қызметіне, волонтерлік пен қайырымдылық қызметке және т.б. қатысу белсенділігінің артуы байқалады. Волонтерлік ұйымдармен бірлескен жобалар іске асырылуда. 2023 жылы жалпы сомасы 500 млн. теңгеге 54 волонтерлік жобаны іске асыру жалғасты, оның шеңберінде 219 шағын грант іске асырылған еді. Жобалар шеңберінде түрлі әлеуметтік іс-шараларға 6700-ден астам, экологиялық акцияларға 7300-ден астам волонтер қатысты. Денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында 7339 адамға көмек көрсетілді. Жануарларды қорғау бағыты бойынша 100-ден астам көшеде жүрген жануарлар арнайы баспаналарға орналастырылды. «Күміс волонтерлікке» 1000-ға жуық азамат қосылды. Осы қарқын соңғы екі жылда да үдемелі даму үстінде.Қоғамның әлеуметтік сұранысын ескеріп, ҮЕҰ-мен бірлесе отырып жануарларды қорғау, экология, азаматтардың белсенді ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету және т. б. бойынша үздік жобалар жалғасын тапты.Оған қоса соңғы уақытта жастар мен күміс волонтерлерді тарту арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар және жастармен жұмыс істеуге волонтерлердің қатысуы көбейді.
Екіншісі, оқу орындарымен әріптестік және мансаптық өсу мүмкіндігіне университеттер мен колледждерде әлеуметтік жобалар бойынша клубтар ашу, тәжірибе өту мүмкіндіктерін ұсыну жатады. Жастарды ҮЕҰ қызметіне тек ерікті емес, болашақ кәсіби тәжірибе мен жұмыс орны ретінде қарату. ҮЕҰ-ның жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылы процеске қатысушыларға түрлі артықшылықтар алуға мүмкіндік береді. ЖОО республикалық жастар ұйымдарымен («Қазақстан жастар конгресі», «Қазақстан студенттер альянсы», «Ұлттық волонтерлік желі» және т. б.) бірлесіп тақырыптық дөңгелек үстел, семинар, акция, кездесу, флэшмобтар өткізу кезінде кейбір студенттер ҮЕҰ қызметімен танысып, ұзақ негізде ынтымақтастықты жалғастыра алады. Бұған пікірсайыс қозғалысын танымал ету арқылы көшбасшылық қасиеттер мен шешендік қабілеттердің дамуы да ықпал етеді (жоғары оқу орындарының пікірсайыс клубтары республикалық пікірсайыс қозғалысымен тығыз өзара іс-қимыл жасайды).
Барлық ЖОО-да жастар саясатының өзекті тақырыптары бойынша клубтардың тұрақты отырыстарын өткізетін пікірсайыс клубы жұмыс істейді.Осының барлығы жастар белсенділігін артып, оларды азаматтық белсенділік танытуға және қоғам алдындағы жауапкершіліктерін еселеуге септігін тигізері анық.
Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ