Шақырылған солист Балуан Беркенов «Астана Опера» сахнасындағы «Мадам Баттерфляй» операсында Пинкертонның партиясын орындайды

Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы 12 наурызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында ұсынылады. «Астана Опера» симфониялық оркестрін қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың өзі басқарады. Пинкертонның партиясын таныстыруға дайындалып жатқан Алматыдан шақырылған солист Балуан Беркенов театр солистерімен бірге сахнаға шығады.
— Пинкертон – күрделі әрі қарама-қайшы кейіпкер. Оның бойынан жастық жайбарақаттылық, өзімшілдік пен шынайы сезімдердің сәулесі байқалады. Кейіпкерімнің Чио-Чио-санға расымен ғашық болатын сәтіндегі шынайылығы жаныма жақын, алайда мен үшін оның жауапты жағдайларға іштей дайын еместігін жеткізу маңызды. Ең күрделісі Пинкертонды карикатуралық антагонистке айналдырмауда болып табылады. Ол жауыз емес, тек бар болғаны бұл некені ойын көретін өз кезеңі мен мәдениетінің адамы.
Бірақ оның осы жеңілтектігі қайғыға әкеп соғады. Кейіпкердің таңғалдыратын тұсы мен оның жауапсыздығының арасындағы теңгерімді табу – орындаушы үшін ең басты міндеттердің бірі, — деп пікірімен бөлісті Балуан Беркенов.
Сондай-ақ солист бұл спектакль мансабындағы жиырмасыншы қойылым болатынын атап өтіп, бұл сәттің дәл осы «Астана Опера» сахнасында орын алатынына қуанышты екенін жеткізді. – Бұл менің театр ұжымымен алғаш рет жұмыс істеуім, осы сахнада өнер көрсету мен үшін үлкен абырой.
Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевпен спектакльдерде бірлесіп жұмыс істеудің сәті түспеген еді, алайда мен маэстроның шығармашылық қолтаңбасына зор құрметпен қараймын және бірлескен жұмысымыз нәтижелі болатынына сенімдімін, — деп пікірін қосты әнші.
Тұрмыс ақиқатының шынайы рухы сіңген «Мадам Баттерфляй» Дж.Пуччинидің ең жақсы көретін туындысы болған, ол оны жалықпастан қайта-қайта тыңдауы мүмкін еді. Мадам Баттерфляй лақап атымен белгілі Чио-Чио-санның хикаясы бізге жақсы таныс: он бес жасар жапон гейшасы америкалық лейтенантқа ғашық болып, екеуінің көптен күткен ұлы дүниеге келеді. Бірақ ғашығының көзіне шөп салып жүргенін білген Чио-Чио-сан өз-өзіне қол жұмсайды.
Сыншылар оны бүлікші деп атайды, өйткені ол өзінің дәстүрлерінен безді, нәтижесінде одан отбасы да, халқы да теріс айналды.
— Былтыр бүкіл әлем өзінің музыкасымен опера өнерін мәңгілікке өзгерткен композитор Джакомо Пуччинидің өмірден озғанына 100 жыл толуын атап өтті. Маған оның туындыларын орындаған қатты ұнайды: олар терең мағынаға, драматизмге және шынайы адами эмоцияларға толы.
«Мадам Баттерфляй» керемет музыкасының, қуатты драматизмінің және махаббат, үміт пен сатқындық сынды әмбебап тақырыптарды көтеруінің арқасында көрермендердің жүрегінен орын алуда. Бұл опера сезінуге мәжбүр етеді, ол сонысымен естен кетпейді, — деп қорытындылады Балуан Беркенов.
Сонымен, 12 наурызда Мадам Баттерфляйдің партиясын Ұлпан Әубәкірова орындайды, Сузуки – Татьяна Вицинская, Шарплес – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев. Гороның рөлінде Бейімбет Таңарықов дебют жасайды, Ямадори — Азат Мәлік, Бонза – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Кэт – Елена Ганжа.
Тәтесінің партиясында Айгерім Аманжолова дебют жасайды, Анасы — Назым Сағынтай, Бөлесінің рөлі Лейла Аламанова үшін дебюттік болмақ. Алғаш рет Якусидэнің партиясын Әлихан Зейнолла таныстырады, Комиссар — Нұрлыбек Қосбармақов, Шенеунік – Талғат Аллабиринов.
Еске сала кетейік, бұл спектакльдің қоюшы режиссері – Лоренцо Амато, декорацияларды заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио жасаған, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.