Музыка әлемінің кемеңгерлері

0
10

Жарқын қазақстандық орындаушылар – кларнетші Станислав Умаров, флейташы Балжан Сапарова, сондай-ақ пианистер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі профессор Алтай Құсайынов пен доцент Гүлжан Айдаболова «Астана Опера» тыңдармандарына барокко, классицизм және романтизм сынды үш дәуірдің музыкасын таныстырады. 4 ақпан К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Үш кемеңгер – үш әлем» концертінде біртуар композиторлар И.С.Бах, В.А.Моцарт, И.Брамстың туындылары шырқалады.

Бұл кеште елорда тұрғындары мен қонақтары түрлі ғасырдағы классикалық музыка жауһарларымен танысады. Концерт бағдарламасына – барокко дәуірінің ұлы композиторы И.С.Бахтың Флейта мен фортепианоға арналған сонатасы, соль минор, музыкалық классицизмнің біртуар өкілі В.А.Моцарттың Флейта мен фортепианоға арналған сонатасы, ре мажор, романтизм кезеңінің кемеңгер композиторы И.Брамстың Кларнет пен фортепианоға арналған No1 сонатасы, фа минор және Кларнет пен фортепианоға арналған No2 сонатасы, ми-бемоль мажор енді.

— Тамаша қазақстандық пианист Гүлжан Мырзағалиқызы Айдаболовамен шамамен 20 жылдан бері таныспыз, сондықтан сахнада бірлесіп өнер көрсетуді бұрыннан жоспарлап жүрген едік, — деді «Астана Опера» оркестрі кларнеттер тобының концертмейстері Станислав Умаров.

— Өздеріңіз білетіндей, кларнет пен фортепианоға арналған сонаталар Брамстың соңғы жазған туындыларының қатарына кіреді. Композитор бұл шығармаларға өзінің барлық шеберлігі мен сол кездегі өмір жолы және тұтас сол дәуірдегі ішкі уайымын салды. Біздер, кларнетшілер үшін неміс музыкасы айрықша маңызға ие, бұл – негіздердің негізі, себебі кларнет музыкалық аспап ретінде дәл осы Германияда пайда болған. Кларнеттің алдында ағаштан жасалған үрлемелі аспап – шалюмо. Бұл аспапта сол кездегі Германия мен Франциядағы орындаушылар ойнаған еді. Мен үшін Брамс, Вебер, Шпор сынды неміс композиторларының романтикалық музыкасы, бәлкім, ең сүйікті музыка шығар, өйткені сөздің турасын айтқанда бұл – классика. Осы музыканы ойнағанда өзімді бақытты сезінемін, — деп пікірімен бөлісті С.Умаров.

Сондай-ақ Станислав Умаров орындаушылық әрі ұстаздық тәжірибелері мол тамаша музыканттармен, кәсіби шеберлермен бірге сахнаға шығу өзі үшін зор мәртебе екенін атап өтті.

— Музыкалық қызметтің бұл екі түрі бір-бірінен бөлінбейді, бірі екіншісін әрдайым толықтырып тұрады әрі жетілдіреді.Алтай Қарпықұлы Құсайынов пен Гүлжан Мырзағалиқызы Айдаболова – бүгінгі таңда еліміздегі танымал пианистер әрі ұстаздар,ал флейташы Балжан Сапарова – оркестрлік орындаушылық бойынша менің әріптесім, онымен театрымыз ашылғалы бірге ойнап келеміз. Концерт барлығымыз үшін жаңа тәжірибе болмақ,сондықтан мен осы орындаудан алатын сезімдерді асыға күтемін,-деп әңгімеледі кларнетші.

Станислав Умаровтың пікірінше, оркестр құрамындағы ойынның керемет тұстары көп, алайда камералық орындаушылық – музыкант үшін ерекше қуаныш және өзін көрсетуге мүмкіндік.

«Мұндай концерттерді мереке күндері дастарқанға әкелетін сүйікті асың секілді күтесің. 4 ақпанда Брамсты ойнайтынымды білетіндіктен, сол күнге жеткенше асықпын», – деді аспапшы.

— Тыңдармандардың музыкадан ләззат алуына және барлық дыбыс палитрасын ғана емес, сондай-ақ бояулардың егжей-тегжейлі реңктерін сезінуіне тілектеспін. Өйткені біздің Камералық зал дәл осы камералық музыканы орындауға арналған. Акустикасы да, залдағы көрермендер орындығының орналасуы да, сахна көлемі де – барлығы ойластырылған.Онда өнер көрсету – зор қуаныш. Меніңше, оны ойланбастан еліміздің үздік залдарының бірі деп айтуға болады. Сондықтан тыңдармандардың да біздер, әртістер секілді концертпен рақаттанғанын қалаймын, — деп қорытындылады Станислав Умаров.

Фотолар мен ақпараттар «Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен алынды.


ПІКІР ЖАЗУ