Уақыт белдеуі: Қазақстандықтар неге алаңдаулы және ғалымдар не зерттемек?

0
14

Сенат кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға қалай әсер етіп жатқанына қатысты ғылым зерттеу жүргізілетінін мәлімдеді, — деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеп.

«Біз өзіміздің ең үздік институттарымызды тартамыз — география институтымыз өте жақсы, ол осы мәселелермен айналысады, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің физиология мен медициналық бөлігіне қатысты бірнеше институттар қатысады. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (ЖСТК) өз отырысын өткізіп, бұл тақырыпты талқылауға шығарады. Егер қолдау тапсақ, онда бірден конкурс жариялап, зерттеу жұмысын бастаймыз. Зерттеу консорциум арқылы жүргізіледі», — деді министр.

Министр зерттеуге бөлінетін қаржының нақты көлемін атамады.

«Бөлінген қаражат сомасы туралы нақтылау керек, бірақ оның көлемі үлкен емес. Алдымен зерттеуге жалпы лимитті анықтап, содан кейін конкурс процедуралары — ғылыми кеңестер, өтінімдер және басқа да рәсімдер жүргізіледі», — деді Саясат Нұрбек.

Еске салайық, 2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Үкіметтің «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Қаулысына сәйкес елдің бүкіл аумағы бірыңғай сағаттық белдеуге көшті. Содан бері Қазақстанның 16 облысы 5 сағаттық «UTC+5» белдеуінде орналасты. Алайда бұдан кейін сағат тілін кері жылжыту туралы петиция пайда болды.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин петиция 50 мың дауыс жинағанда қандай шешім қабылданатыны туралы сауалға жауап берген еді.

«Петиция 50 мың дауыс жинаса, біз арнайы жұмыс тобын құрып, белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдар мен сарапшыларды тарта отырып, оны қарайтын боламыз. Мен қазір алдын ала ештеңе айта алмаймын. Оның 50 мың дауыс жинағанын күтейік», — деді ол.


ПІКІР ЖАЗУ