«Астана Опера» әртістері халықаралық іс-шаралар назарында

0
56

21 қазанда «Астана Опера» солистері Анастасия Заклинская мен Серік Нақыспеков Мемлекеттік Кремль сарайы сахнасында Андрис Лиепаның «Қолтаңбалар мен беделдер» жобасының аңызға айналған балерина Тамара Карсавинаға арналған гала-кеші аясында өнер көрсетті. Әртістер Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» балетінен нөмірді таныстырып, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

«Астана Операны» Кремль сарайы сахнасында таныстыру бидегі жұбым Серік Нақыспеков екеуіміз үшін үлкен қуаныш. Біз М.Фокиннің хореографиясындағы  «Шехеразада» балетінен үзіндіні орындадық. Бұл балетті театрымызда Андрис Лиепаның өзі қойған еді, осынау гала-кеште біз оның шақыруымен өнер көрсеттік. Құштарлыққа толы адажио түрлі эмоцияларды және пластикалық дәлдікті көрсетуді талап етеді. Мұндай беделді сахнадағы әрбір өнер көрсету – айрықша жауапкершілік, сонымен бірге ерекше шабыт көзі. Біз осының барлығын қуана жасадық, — деп атап өтті Анастасия Заклинская.

«Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова осынау кештің құрметті қонағы болды. Оның гала бағдарламаға келуі халықаралық жобаның ерекше деңгейін айшықтайды.

Ал 27 қазанда театр әртістерін Санкт-Петерборда тағы бір маңызды оқиға күтеді. Жас хореограф, «Астана Опера» солисі Сұлтанбек Ғұмар мен әріптестері – Ақтоты Райымқұлованың музыкасына оның «Mankurt» нөмірін орындаушылар Ғалымжан Нұрмұхамет пен Камила Орманова Борис Эйфманның Би академиясы ұйымдастырған «Жас хореограф» бүкілресейлік фестивалінің финалына шақырылды. Заманымыздың ең көрнекті хореографтарының бірінен шақырту алу бәрінің дерлік қолынан келе бермейді, бұл – шынымен үлкен еңбек, ол біздің жас хореографтың дарынының мойындалғанын және шеберлігінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

— Әлбетте, бұл кәсіби тұрғыда өсудегі маңызды кезең. Фестиваль маған түрлі елдердің керемет хореографтарымен және бишілерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Заманауи хореография — бұл ұдайы дамуды және жаңа формаларды іздеуді қажет ететін өнер. Осы жобаға қатысу біздерге, яғни жас хореографтарға шекараны кеңейтуге, жаңа мәдениеттермен қарым-қатынас жасауға және өзіміздің шығармашылық әлеуетімізді ашуға көмектеседі, — деп пікірімен бөлісті С.Ғұмар.

Фестиваль заманауи би саласында халықаралық диалогты дамытуға және жас хореографтарды қолдауға бағытталған. Байқаудан тыс бағдарлама аясында қазақстандық әртістер шеберлік сағаттары мен дәрістерге қатысады, сондай-ақ фестиваль лауреаттарымен бірге гала-концертте өнер көрсетеді. Бұл оларға өздерінің шеберліктерін паш етуге, сонымен қатар Ресей, Беларусь және Қытайдың хореографтарымен, бишілерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Отандастарымыздың мұндай шараларға қатысуы қазақстандық балеттің жоғары деңгейін тағы бір мәрте атап көрсетеді.


ПІКІР ЖАЗУ