Қалаларды біріктірген музыка: «Астана Опера» труппасы Шымкентте табысты өнер көрсетті

0
63

28 қыркүйекте Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында «Астана Операның» көптен күткен гастролі өтті. Елордалық труппа қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, әлемдік опера жауһарларына толы жарқын бағдарламаны таныстырды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен гастроль  елордалық театрдың Қазақстан бойынша турлар географиясын кеңейтіп, қаладан қалаға ауысқан классикалық өнердің өзіндік бір көштің сипатына ие болуының жарқын үлгісіне айналды.

Шымкент бұрыннан өзінің қонақжайлылығымен танымал болғандықтан, бұл кеште де осынау ізгі ілтипат анық сезілді. Құрамында әйгілі сахна шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Жанат Шыбықбаев, Мейір Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Бағдат Әбілханов, Раушан Бескембирова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлдана Алдадосова, Талғат Ғалеев, Болат Есімханов, Талғат Аллабиринов бар елордалық әртістерді көрермендер шаттана қарсы алды. Әрқайсысы өздігінен бірегей әртістер көпшілікті асқақ өнердің атмосферасына бөледі.

Қазақстандық композиторлардың туындыларының орындалуы бағдарламаға ерекше маңыздылық үстеді. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесі мен М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс сахнасы сынды ұмытылмас сәттер тыңдармандарға зор әсер қалдырды. Бұл шығармалар ұлттық музыкалық мәдениетті көрсетеді және оларды орындау – бұл түп тамырымызға оралуды білдіреді.

Қазақстандық композиторлардың музыкасы А.Вивальди, П.Чайковский, А.Дворжак, Дж.Пуччини сынды әлемдік классиктердің арияларымен үндесіп отырды. Шабытқа толы өнер көрсетулер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің және хорының сүйемелдеуімен өтті.

Бағдарлама соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орындалуы әртістер мен көрермендерді отансүйгіштік сезім аясында біріктірді. Өз елі үшін мақтаныш пен бірліктің символы ретінде көпшілік бұл композицияны тік тұрып қарсы алды.

— Бүгінгі кеш шынымен де таңғаларлықтай өтті. Осынау бірегей мәдени тәжірибені ешқашан ұмытпаймын. Біз М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі әріптестерімізбен кездесу үшін Қазақстанға енді ғана келген едік, сөйтіп олар бізге операға баруға ұсыныс айтты. Мен мұндай дарынды әртістерді бір сахнада бұрын-соңды көрмедім және көрермендердің осыншалықты ыстық ықыласына куә болған емеспін.  Бағдарламаны аяқтаған нөмір ерекше есте қалды, осынау үздік нөмірге зал ду қол шапалақ жаудырды. Бұл олардың дарынының күші мен өнердің адамдарды біріктіретінінің нағыз дәлелі болды.

Мен Миннесотадағы университеттің профессорымын және бұл менің Қазақстанға екінші рет келуім. Мұнда әр болған сайын қызықты және шабыт беретін дүниелерді кезіктіремін. Инклюзивтік білім мен STEM-білім – бұл менің кәсіби өмірде шұғылданатын тақырыптарым, сондықтан мәдениет пен білім қоғамның дамуында және бірігуінде негізгі рөл атқаратынын көргеніме қуаныштымын. Осынау ұмытылмас кеш үшін рақмет, «Астана Опера» әртістеріне өз дарындарын сақтасын және күтіп ұстасын деп тілеймін, — деді АҚШ-тан келген профессор Кристофер Джонстон.

Білім саласының ардагері Гүлсім Кәкежанова да зор әсерімен бөлісті.

— Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қандай керемет опера орындаушыларымыз, қандай тамаша оркестріміз бар! Ал дирижердің шеберлігі тіпті таңғаларлықтай! Қаншама аспапшыларды бір уақытта басқарып тұру – үлкен еңбек. Дауыстың өрлеуі мен төмендеуі, солистің оркестрмен бірігуі, бірдей үн жасау – бұл нағыз ғажап.  Солисті тыңдай отырып, оркестрді естимін, оркестрді тыңдап, солисті естимін. Бұл жерде тек ән мен дауыс емес, әртістік қабілет те маңызды,  бүгін соның барлығын көрдік. Концерттен зор рухани ләззат алдым. Біржан мен Сара айтысы, Абайдың өлеңдері мен басқа да туындылар хор мен оркестрдің сүйемелдеуімен өте қуатты шырқалды.  Сахнадан әзілді де, салмақты дүниелерді де – барлығын да көре алдық. Біздің қазақтың опера әншілері өте мықты екеніне тағы көзім жетті. «Астана Опера» әртістерінің дарынына басымды идім. Олар біздің қаламызға жиі келгенін қалаймын, — деп таңданысын жеткізді  зейнеткер Гүлсім Кәкежанова.

Гастрольдік бағдарламада жас тыңдармандарға да ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін «Музыка әлемі» танымдық концерті әзірленіп, әртістер оқушыларды опера дауыстарымен және аспаптармен таныстырды. «Астана Операның» музыкатанушысы Сәуле Мәулетованың қызықты әңгімесінің нәтижесінде кішкентай театр сүйер қауым опера мен классикалық музыка әлемі жайлы көбірек білуге мүмкіндік алды. Олардың жарқын әсерге бөленгеніне еш күмән жоқ.

— Маған концерт өте қатты ұнады, әсіресе «Мысықтардың дуэті» мен «Масаның» орындаулары қызықты болды. Қазіргі таңда мен мектептегі  домбыра үйірмесіне қатысамын және келешекте бүгін сахнада өнер көрсеткен әртістер секілді дарынды музыкант болғым келеді, — деді 4-сынып оқушысы Нұрым Нұржаубай.

— «Астана Опера» театры біздің қаламызға гастрольмен келетінін афишадан көргенімде, бірден балаларға арналған концертке де, кешкі концертке де билет алдым. Бұл күн сайын бола бермейтін өте маңызды оқиға. Біз барлығымыз тәнті болып және таңғалып отырмыз! Балаларым музыка мектебіне барып жүрсе де және негізгі базаны білсе де, бүгін музыка әлеміне бойлап, онымен жаңаша танысқандай көрінді. Өйткені соның барлығын көзбе-көз тамашалау — бұл мүлде басқа тәжірибе. Баланың білім алуы бір бөлек те,  оның жанды өнер көрсетуді тамашалауы — бір бөлек. «Астана Опера» әртістеріне көп рақмет,  — деп пікірімен бөлісті көрермен Айгерім Кожанова.

 

«Астана Операның» Шымкенттегі гастролі зор табыспен өтіп, нағыз мәдени оқиғаға айналды. Әртістер өздерінің келуін асыға күтетін шымкенттік көрермендердің сүйіспеншілігі мен ризашылығын арқалап жолға шықты. Музыкалық көш еліміздің тұрғындарын асқақ өнерге баулып, шекарасын кеңейтетіні сөзсіз.


ПІКІР ЖАЗУ