Алхимиктің зертханасы, бальзамдалған жүректер… «Астана Операдағы» премьерада көрермендерді не күтеді?

0
55

«Астана Операда» 4-5 қазанда өтетін Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсының премьерасы қарсаңында жұмыс қыза түсті. Вивальдидің осынау барокко жауһарының қазақстандық сахнадағы алғашқы қойылымы болғандықтан, премьера асқан құлшыныспен әзірленіп, театрдың әр бұрышында  дайындық жүруде.

Тігін, бутафор, қалпына келтіру-өңдеу цехтарының шеберлері кейіпкерлердің бірегей бейнелерін жасаған италиялық қоюшы суретші Манана Гунианың эскиздерін жүзеге асырып жатса, әртістер залда өтіп жатқан дайындықтарда өздерінің рөлдерін меңгеруде.

Олардың кейбіреуі сахналық киімдерді өлшеп көру үшін тігін цехына кетті. Біз де олармен бірге барайық. Ілгіштерде көзге шалынған киімдер жай тарихи костюмдер емес, олардың әрбіреуі көрерменді XVI Людовик басқаруын тоқтатқан кейінгі рококо дәуіріне жетелейді. Ескі режим құлдырап, француз революциясы басталған шақта кетіп бара жатқан дәуір мен келе жатқан жаңа әлем арасында анық шекара пайда болады. Туындының бірегей атмосферасын жеткізу үшін қойылымға дәл осы кезең таңдап алынды.

Манана Гунианың пайымы бойынша, костюмдер кейіпкерлердің қайта түрленгенін көрсетуге көмектеседі: — Л.Ариосто поэмасының желісі бойынша жасалған либреттоға сәйкес, операдағы негізгі кейіпкер – Орландо. Ол жай сарай адамы және сері емес, ол әскери қызметші, ұрыстарда шынығып, генерал шеніне дейін қызмет еткен батыр. Біздің алдымызда жас романтикалық кейіпкер емес, соғыстың барлық қаупін бастан өткерген саналы ер-азамат тұрады. Оның ішкі қақтығысы мен есінен адасуы спектакльдің басты оқиға желісі болмақ, ал кейіпкердің қайта түрленуі костюм мен әртістің ойынынан көрініп, қойылымдағы іс-әрекет бойы дами бермек. Орландо болмашы абдыраудан бастап,  параноидты шизофренияға дейінгі кезеңдерді бастан өткеріп, ақыр аяғында рухани тазарады. Осынау түрленуде естен адасу сахнасы ерекше орын алады: кейіпкер шешініп, сахнада ерсілі-қарсылы жалаңаяқ жүгіріп, айналасындағының барлығын қиратады. Бұл оның Анжеликаны өзінің қиялындағы мінсіз адам емес екенін түсінгеннен кейінгі жан дүниесінің күйреуінің шарықтау шегі еді, — деп пікірімен бөлісті қоюшы суретші. – Естен адасу сахнасы күрделі әрі қарқынды: сюжет екпінді дамып жатқанда костюмдер ауысып, кейіпкердің эмоциялық жай-күйі өзгеріп отырады. Қойылымда кездесетін техникалық қиындықтар әртістердің кәсібилігінің арқасында еңсеріледі. Шеберліктері зор жас орындаушылар Орландо бейнесінің бар кереметі мен күрделілігін жеткізеді, ал барокко элементтері қосылған кейінгі рококо стиліндегі салтанатты костюмдер сахнада болып жатқан барлық ауқымды дүниені жүзеге асыруға көмектеседі.

Альчина сиқыршының костюмы біздің қызығушылығымызды оятпай қоймады. Қоюшылардың ұйғарымы бойынша, бұл басты кейіпкер алхимик болады. Оның киімі —  құпия күштердің нақты көрінісі:

— Альчина өзінің қамалында, қараңғылық пен жұмбақтың тұңғиығында өмір сүреді. Сиқыршы әйел өзі аяусыз ұрлап әкететін жүректерден күш алып, соның арқасында жасарады. Оның мәңгілік ғұмыры өтірік пен қулыққа құрылған. Ол жігіттерді өзіне ғашық етіп, артынша өзінің сұлулығы мен сиқырына таңданған құрбандарының көзін жояды. Олардың жүректері — оның жеңісінің символы ғана емес, сонымен қатар оның өлмейтіндігінің материалдық топтамасы. Бұл жүректер топтамасы сахнадағы сөрелерде жинаулы тұрады. Альчина өзінің алыста қалған шынайы жастық шағындағыдай көйлекті киіп жүреді. Ағып түскен қан іздерімен және кестеленген жүректермен безендірілген үлкен кринолин оның күдікті істерін еске салады. Сиқыршының көйлегінде өз жүрегін бейнелейтін шомбал түйреуіш жарқ-жұрқ етіп, оның күш-қуатын білдіреді. Ол оны кез келген уақытта жұлып алуға дайын. Одан шығатын қан іздері бисермен және шыны моншақпен бейнеленген. Бұл жай костюм емес, Альчинаның қайта түрленуінің өзгермелі символы еді. Әрбір қимыл сайын небір бөлшектер қосылады немесе алынып тасталады, сөйтіп кейіпкердің сұмдық айлаларына байланысты бейне ауысып отырады. Осылайша, сауытпен қапталған жүрек бұл қойылымның нышанына айналады, — деп түсіндірді Манана Гуниа.

— Альчинаның сырт бейнесінің артында оның шынайы түрі, жан дүниесі жасырынған, оны миманс әртісі жүзеге асырады. Ұсқынсыз, қираған жаратылыс сиқыршының ішкі болмысын паш етеді. Жартылай шаян, жартылай қаңқа бейнесіндегі кейіпкер әрдайым сахнада болып, Альчинаның қимылын қайталайды және оның құрбандарының жүректерін әкеліп отырады. Грим мен парик оны тірі өліктей, яғни көлеңкедей көрсетіп, шынайы сиқыршыны әркез еске түсіреді. Бұл бейне сыртқы сұлулық пен ішкі қараңғылық арасындағы  жиіркенішті екіжүзділік іспетті. Альчина өзінің нағыз ұсқынсыз түріне қарамастан, жастық иллюзиясын сақтауды жалғастырады, — деп әңгімеледі суретші.

Кейіпкерлердің көпшілігі жауынгер болғандықтан шығар, айналаға қарағанда, көптеген әскери костюмдерді көруге болады. Мұнда тіпті әйел жауынгердің костюмі де бар. Киімдерді өлшеуге келген әртістер спектакль барысында өте көп киім ауыстыратындарын және мұны бірнеше минуттың ішінде жасап үлгерулері керек екенін айтты. Алайда Манана Гунианың киім ауыстыру уақытын мұқият есептеуінің арқасында, костюмдер неғұрлым тез киюге жарайтындай етіп тігілген. Миманс сомдайтын екінші кейіпкер де ерекше қызығушылық туғызады, ол өзінің қауырсындарымен біздің назарымызды аудартты. Бұл жақ ашпайтын, ән шырқамайтын кейіпкердің костюмі болып шықты, ол Альчинаға арам істерін жүзеге асыруға көмектесетін қызметші, яғни зұлым рух. Қызметші  қара қарғаның қауырсындары тағылған қанатты жылан тәрізді киіндірілген. Оның үстінде өрмелеп жүретін жыландар мен басындағы қорқынышты дулыға өте сұрықсыз бейнені көз алдыңызға әкеледі.

Мәлім болғандай, шарықтау шегі Альчинаның өлім құшатын сәтіне келеді: ханымының сиқырлы күшін жойғанын және оның сәтсіздікке ұшырағанын түсінгенде жаңағы   қызметшісі оны бірінші сатып кетеді. Орландо Альчинаның орнын басып, күштің өзіне өткенінің белгісі ретінде сиқырлы жадағайды мұрагерлікке алады. Қызметші Орландоға жадағайды жапқанда Альчинаның сиқыры оған беріледі. Зұлым данышпанның күші жаңа иесіне, мәртебелі және мейірімді жанға өтіп, осылайша сахнада метафора орын алады. Алайда финал ашық күйінде қалады: Орландо қараңғы жолға түсе ме, әлде иеленген күшті игілік пен парасаттың жолында қолдана ма, ол жағы белгісіз.

Бұл ой-толғамдарды көрермендерге қалдырып, бутафорлық цехқа көз тастайық. Қойылымның көрнекі ғажайыбын жасауда театр бутафорлары да маңызды рөл атқарады. Мұнда өзінше бір алхимия болып жатқандай: дулығаларға арналған формалар мен костюмдердің бөліктері құйылып, сауыттар дайындалуда. Шеберлер мүсіншілерден кем түспей, сахнада шынайы көрінетін реквизиттер жасауда.

Қойылымның декорациялары минимализм стилінде жасалғанымен, олар символикаға толы. Олардың ішінде ең көзге түсетіні — Альчинаның сиқырлы күшіне әсер ететін бальзамдалған жүректер топтамасы. – Ол өзінің сиқырын жоғалтқанда, жүректер сөне бастайды. Бұл өте әдемі әрі еліктірерлік көрініс, — деп қорытындылады Манана Гуниа.

Альчинаның қамалы мен оның зертханасына сахнада жан бітеді. Алхимиялық эксперименттер мен тылсым жоралғылар сюжетте негізгі рөл атқарады. Қанның символы іспетті негізгі қызыл түс қойылымға ерекше көңіл күй үстейді: алқызыл түстен бастап, қызыл-қошқылға дейін барлық реңктер костюмдер мен декорацияларда көрініс тауып, қайталанбас сыртқы әлем жасайды.

Премьера нағыз оқиғаға айналып, Вивальдидің музыкалық күші, костюмдер мен декорациялардың кереметтілігі көрерменді барокко операсының тамаша әлеміне жетелейді деп күтілуде.


ПІКІР ЖАЗУ