«Абай тілі қазақ тілі!»
«Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек,сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым».
М. Әуезов
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырып ер данасы», — деп жырлаған қазақ халқының маңдайына біткен ақын, пәлсапа негізінде ой тартқан, ақыл – парасат байлығының кенінде жатқан жұмбақ болмыс жанды қанша тұрғыдан зерттеп – зерделесе де, «жұмбақ» болуы Жаратушы құдіретін де аңғартады. Абайды оқымаған қазақ жоқ, бір шумақ өлеңінің өзін оқыған адамның көкірек көзі оянып, көкжиек танымы кеңейе түсетіні дәлелдеуді қажет етпейді.
Оған айғақ, БАҚ медиа алаңындағы мақалалар, ғылыми еңбектер мен зерттеулер, қолжазба – кітаптар, жиын – отырыстар, республикалық, халықаралық деңгейде ақынға арналып өтетін арнайы мерейтойлар тағысын тағы. «… Ғалымның хаты өлмейді» деген тіркес жолдар дәл ұлы ақынға арналып жазылғандай. Себебі, күні бүгінде, Жер өзінің қызметін тоқтатқанша дейін барша жаһан адамдарының өміріне тек игілік нұрын, жауһар жазбалары арқылы үлгі – насихаттық сарында Жаратушы Хақты танудың, адамгершілік құндылылықтың маңызын, адал еңбектің, нәпсінің сипат – себебін, асыл іс пен дұшпан істің «көзін» ашып берген. Әлем ұстазы әл – Фарабидің әлеуметтік- этикалық көзқарас – трактаттарының сарыны, бағыт – бағдары Хакім Абайдың еңбектерімен ұқсас, пара — пар, «Толық адам» концепциясын бірден бір дәлел ретінде келтіре аламыз.
Абай өмір сүрген кезең аумалы – төкпелі XIX ғасырдың екінші жартысы, Міне, осы кезеңдегі экономикалық, мәдени және идеологиялық жайттар тілдің дамуы (динамикасы) мен өсу күй – қалпына (статистикасы) өзіндік сан тарапты әсер етіп жатты. Әлеуметтік ой – сананың ойлау типі екі арнаға ығысқан кезең болды: бірі — реакцияшыл-кертартпа, екіншісі – ағартушы-демократтық.
XIX ғасыр бойына қазақ халқында 70 -80- ге жуық кітап басылып шығарылса, олардың дені осы екінші ширегінде жарық көрген еді.
«Кең далаға қазақ тілі тарихында із қалдырған рухани, мәдениет факторлары келе бастады». Білім беру мекемелерінің сипаты шартты түрде екіге жіктелген кезең болатын: «бірі – діни, яғни мектептер мен медреселерде және ауыл молдаларында мұсылманша оқу, екіншісі – үкімет тарапынан ашылған школдар мен училищелерде және орыс мектептерінде азаматтық білім беру».
Басты жаңалық қазақ мәдени өмірінде бұрын — соңды болмаған баспасөз газет – журналдарының жарық көрген шағы еді. Идеологиялық бағыттың кертартпа, еркіндікті бұғаттап, қолға – ойға шырмау салатын үгіт – насихаттары баспасөздің кей үзеңгілес кезеңдерінде айқын көрініс тауып жатты. Ұлт ағартушылары мен ақындары, қоғам қайраткерлері қазақ халқының тілін жаңа, ұлттық бағытта сайын жолды түзу үшін қоғамдағы ауыр тақырыптарға қалам бұрып, мәселелердің түйткіл шешімін шығаруға білек сыбана кірескен кезең еді.
Анығында, Абай тілін танып – білу үрдісі 50 – жылдардың орта шенінде, ал түпкілікті зерттеу ортасы 50 – 60 жылдар ішіне саяды. Соңғы жылдарында С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов тәрізді тіл мамандарының қатысуына байланысты едәуір жандана түсті. Абай тіл әлемінің: сөз қолданысын, сөз қолдану тәсілін, мақсат – мұратын, грамматикалық тұлғасын зерттеуге үлес қосқан ғалымдар қатарында Ш.Ш.Сарыбаев, Е.Жанпейісов, Р.Сыздықова, Т.Қордабаев, Қ.Өмірәлиевтер бар.
Тіл маманы зерттеушілерінің Абай Құнанбайұлы шығармаларының тілін басты назарға алып, оны сан қырынан егжей – тегжейлі зерттеу міндеті алға қойылғаны белгілі. Осы тұста, бірқатар абайтанушылардың: «Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, қалап беруші, оны нығайтып, жеке дара жолға қоюшы» деген бірнеше зерттеу қорытынды нәтижелерінен туындаған тоқталымды қолдай келе, Рабиға Сыздықова осы пікірді дәлелдеу барысында 10 томдық «Абай шығармаларының тілі» атты зерттеу еңбегін жариялайды.
Алғашқы бір томы 386 ғақлия парақтан құрастылып басылған. Кітап 3 тараудан тұрады: алғашқы бөлімі «Абай – қазіргі қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы», екінші тарауы «Абай шығармалары тілінің лексикасы» және үшінші бөлімі «Абай шығармалары тілінің грамматикалық сипаты» құрылымды, жекеленген атауларымен белгілі. Автор кіріспе бөлімінде Абайдың өмір сүрген дәуірі мен ортасы, Абайдың қазақ әдеби тілі мен кітаби тіл қолданысына баса назар аудару арқылы, оның өнімі болып отырған күні бүгінде қалыптасып, шарықтау шегіне жеткен жаңа жазба әдеби тілдің туу тарихын арнайы ғалым пікірлері мен еңбектері арқылы баяндап береді. Екінші тарауында Абай шығармалары сөздігінің тілдік қатпарларына мән бере отырып, араб – парсы сөздеріне, орыс сөздеріне (русизм), қазақтың төл сөздеріне, оның ішінде ұлы ақын шығармаларында қолданған көне сөздерге (архаизмдер мен историзмдерге), жаңа сөздерге (неологизмдерге) кеңінен тоқтала отыра, бірнеше термин сөздердің сол кезеңдегі мен бүгінгі мағынасын ашып, талдап көрсетеді. Сонымен қатар, Абай лексикасындағы сөздердің тематикалық сериялары бөлімінде ақын өмір сүрген кезеңіне қарай өз шығармаларында қолданған сөздерді: қоғамның әлеуметтік құрылысы мен әкімшілік системасына, сот – заң істеріне, экономикалық қарым – қатынасқа және сауда – саттыққа қатысты сөздер деп жекелеп, сол салаға байланысты ақын шығарма – өлеңдерін, жазба еңбектерінен арнайы сөздер келтіріп мәнін, оның қолдану мақсатын егжей – тегжейлі түсіндіреді. Аталмыш үшінші тарауында автор Абай шығармалары тілінің грамматикалық сипатына басымдық қойып, сөз жасау тәсілдеріне, кейбір морфологиялық тұлғалардың (сөздер мағынасында) қызметіне, атап айтар болсақ, шартты рай тұлғасының керек сөзімен тіркесі , ортақ етіс тұлғасының көптік категориясымен келуі, кейбір морфологиялық тұлғалардың сыртқы формасы жағынан варианттылығы, кейбір етістіктердің сөзді меңгеруіндегі ерекшеліктеріне тоқталған. Толықтырылым ретінде, кітаби тілдік, яғни шағатайша жасалынған морфологиялық тәсілдер мен Абай прозасының синтаксистік құрылысына және төл сөздің қолданылу тақырыбында мысал – дәлелдер келтірген. Кітап қорытындысында «Абай» энциклопедиясында жарық көрген ғылыми – теориялық (Абай тілінің зерттелуі, ауызша әдеби тіл, ауыстыру, Дулат Бабатайұлы, жаңа сөздер (неологизмдер), қазақтың жазба әдебиетін қалыптастыру, қарыс мәндес сөздер (антонимдер), лексика, поэзия тілі, поэтика, ұйқас, үндестік бастама, дыбыстық қайталаулар (аллитераци мен ассонанс) және фразеология сынды тақырыптарды қамтыған) әдістемілік – мақалалар ұсынылған.
Қазақтың бас ақыны Абайдың туынды – шығарамалары мәңгілікке құнды жазба тарих, үлгі – өнеге, артефакті. Сұлтанмахмұт Торайғыров осыдан 90 жыл бұрын шамасында Абайдың өлеңдеріне білдірген пікір — сөзімен айтар болсақ, «Абай өлеңдері … пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұратын» ақын!
Абайды, оның шығармаларын зерттеп тану – адамдық құндылық дүниенің кілтін, жаңа бағалы, қымбат жаңалық ашумен тең. Абай – қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаушы.