Кореялық би тобы елордаға гастрольмен келеді

0
46

Кореяның заманауи би ұлттық компаниясы (Сеул) Корея Республикасы Елшілігі Корей мәдени орталығының қолдауымен 10 тамызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «Джунгли» хореографиялық туындысын ұсынады.  Көрермендер бірегей әрі терең эмоциялық корей хореография өнерін елордада жиі тамашалай бермейтіндіктен, бұл оқиға қазірдің өзінде көпшіліктің назарын аударуда.  

Корея заманауи би ұлттық компаниясының негізі 2010 жылы қаланған. Труппа біртуар суретшілермен бірлесіп жасаған үздік қойылымдарымен танымал. Ұжымның негізгі мақсаты – Кореяның қазіргі өмірі мен қоғамын бейнелейтін туындылар жасау, оларды мәдени кодына қарамастан дүние жүзі көрермендеріне түсінікті ету және маңыздылығын арттыру.

2023 жылы мамырда Ким Сонëн труппаның көркемдік жетекшісі атанып, оның шығармашылық қуаты мен көзқарасы ұжымның қызметіне тың серпін берді. Оның қойылымдары адам өмірінің мәніне терең енуімен ерекшеленеді, бұл оларды бірегей әрі ұмытылмастай етеді.

Қазақстандық көрермендер үшін кореялық труппа Ким Сонëн қойған «Джунгли» хореографиялық туындысын дайындады. Бұл спектакль ағымдағы жылы сәуірде Сеулдегі CJ Towol арт-орталығының сахнасында алғаш рет орындалды. Сондай-ақ 23-24 шілдеде Le 13ème ART театрында ұсынылып, Париждегі көрермендердің жүрегін жаулап үлгерді.

«Джунгли» туындысы қарапайым табиғат призмасы арқылы адам өмірін философиялық тұрғыда қалай зерттеуді көрсетеді. Ол қимылдардың ерекшелігіне көңіл бөліп, ақыл мен эмоцияның, сана мен түйсіктің, сұлулық пен көріксіздіктің қатар өмір сүретінін суреттейді.

Спектакльді жасаумен жарық бойынша суретші Ли Чжонюн, костюмдер бойынша суретші Бэ Гёнсуль де айналысты. Төбеден салбырап тұратын шөп түйіні сахнадағы негізгі элемент саналады. Ол осынау мәнмәтінде табиғи орта ғана емес, түйсік әлемінің метафорасы ретінде де қабылданатын джунглиді бейнелейді. Мұнда ең мықтының аман қалатыны, заманауи қоғамда түйсіктер қалай байқалатыны туралы ой пайда болады.

Қойылымның басында әртістер шеңберді айналып жүреді. Қимылдары көзге үйреншікті және қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олар біздің күнделікті өмірімізді және қалалық ортадағы түйсіктік жүріс-тұрысымызды бейнелейді. Бишілердің  қимылдарды сол мезетте ойлап тапқандай орындауы олардың өнер көрсетуіне бірегейлік пен ерекшелік үстейді. Спектакльдің соңында әртістер бір-біріне қарап, ой толғау үшін  жаңа кеңістік жасайды. Топ жеке адамдарды бақыласа, ал олар өз кезегінде топқа бір бүтін ретінде қарайды.

«Джунгли» — бұл би шоуы ғана емес, бұл 17 әртістің қиылдары арқылы адам табиғатының терең зерттеуі, сондай-ақ ол табиғаттың бейнесі, тазалық пен табиғилықтың символы.


ПІКІР ЖАЗУ