Қарағандының Астанадағы музыкалық палитрасы

0
48

Жазда Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры елордалық көрермендерді өзінің өнер көрсетулерімен қайта қуантады. Қарағандылық театрдың гастролі 16-18 тамыз аралығында «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында өтеді. Ұжым симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде балалар мен ересектерге арналған сан алуан бағдарлама әзірледі.

— Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрымен жыл сайынғы әріптестік біз үшін дәстүр болып қана қоймай, елорданың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне де айналды. Осылайша біз көпшілікті музыкалық комедия сынды өзге де жанрлармен таныстыра отырып, өнердің жаңа қырларын ашамыз. Театрдың шығармашылық ұжымы елордалық көрермендерді әрдайым жоғары кәсіби шеберлігімен, жарқын қойылымдарымен және классикалық туындыларды бірегей пайымдауымен қуантады. Қарағандылық ұжымның әрбір спектаклі – бұл көрермендерге қуаныш пен шабыт әкелетін ерекше оқиға екенін білгендіктен, біз гастрольдік өнер көрсетулерді асыға күтеміз, — деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.

Сонымен, гастроль В.Березиннің «Күлбике» музыкалық ертегісімен ашылады, оны 16 тамыз 12:00-де тамашалауға болады. Сол күні кешке, 19:00-де көрермендерді И.Кальманның романтикаға толы жарқын туындысы «Сильва» опереттасы күтеді.

17 тамыз 12:00-де айналасындағы жандарды өзінің идеяларымен қызықтыра білген сотқар әрі қызыққұмар бала жайлы хикаяны баяндайтын Н.Макаревичтің «Дымбілмес» музыкалық ертегісі көрсетіледі. Кешке, 18:00-де И.Штраустың таңдаулы музыкасымен және қызықты сюжетімен танымал «Венециядағы түн» опереттасы өтеді.

Гастрольдің соңғы күні, 18 тамыз 12:00-де Н.Макаревичтің «Бұршақ үстіндегі ханшайым» балаларға арналған мюзиклінен басталады. Бұл шығарма ханшайымның басынан кешкен оқиғалары мен кедергілері туралы баяндайды. Гастрольдік бағдарламаны Г.Канчелидің «Хануманың қулығы» музыкалық комедиясы қорытындылайды. 18:00-де Үлкен зал сахнасында өтетін спектакль Тифлистегі ең епті жеңгетай – Хануманың көптеген қызықты оқиғаларын әңгімелеп, көрермендерге ұмытылмас музыкалық әсер сыйлайды деп күтілуде.

Тарихы бай Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры оперетта, музыкалық комедия сынды Қазақстан үшін бірегей театр жанрларын дамытып келе жатқанын еске саламыз. Биыл театр өзінің елу бірінші маусымын атап өтті. Оның репертуарында И.Кальманның «Баядера», «Сильва», «Марица», И.Штраустың «Сыған бароны», «Жарқанат» және «Венециядағы түн», Г.Канчелидің «Хануманың қулығы» сынды басқа да әлемдік классикалық оперетта жауһарларын қоса алғанда 300-ден астам қойылым ұсынылған. Театр мюзикл, шоу, балет, операларды белсенді түрде қойып, танымал режиссерлермен және хореографтармен бірлесіп жұмыс істейді, түрлі елдерден әртістерді бірлескен жобаларға қатысуға шақырады. Қызметін бастағалы бері театр алыс-жақын шет елдердің 200-ден астам қаласында болып, жаңа жанкүйерлер тапты.


ПІКІР ЖАЗУ