Бата беру – жақсылыққа бастайтын жол

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды
Қазақ халқы ықылым заманнан бері батаны қасиетті, киелі ұғым деп санаған. Бата – ізгі тілек, ақжарма сөз, ұрпаққа берілетін рухани азық. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында ақсақалдар мен ел ағалары жас ұрпаққа, жалпы жұртқа ақ бата беріп, жақсылық пен берекені тілейді. Бұл– халқымыздың адамгершілікке, мейірімге, бірлік пен ынтымаққа деген ұмтылысын білдіреді.
Бата – жай ғана тілек емес, ол – ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани мұра. Батаның әр сөзінде даналық, өмір сүру қағидалары, ұлттық тәрбиенің негіздері жатыр. Бата көбінесе үлкендер тарапынан беріледі, өйткені жасы үлкен адамның өмірлік тәжірибесі мол, ал сөзінде қасиет бар деп есептеледі. Қазақ халқы батаны тек Наурыз мейрамында ғана емес, өмірдің әрбір маңызды сәтінде берген. Тойда, ас-тағамға, жорыққа шығарда, жолға аттанарда, жаңа іс бастарда, бала дүниеге келгенде, үйлену тойында, дастарқан басында бата сұрау – ежелден келе жатқан дәстүр.
Наурыз мейрамында батаның орны ерекше. Бұл күні үлкендер ел-жұртқа ақ жол тілеп, жаңа жылдың берекелі болуын сұрайды. Бата – халықтың келешекке деген сенімінің, бейбітшілік пен молшылыққа деген үмітінің көрінісі. Наурызда айтылатын баталарда көбінесе мынадай тілек айтылады: Ынтымақ пен бірлік – «Халқымыз татулықта өмір сүрсін!»Береке мен молшылық – «Жерімізден ырыс кетпесін, ақ мол болсын!» Ұрпақтың амандығы – «Жастарымыз өсіп-өнсін, ұрпағымыз көбейсін!»
Табиғаттың жаңаруы – «Көктеммен бірге жақсылық келсін!» Наурыз батасы – жыл басында жаңа күнмен бірге жақсылық тілеп, елдің амандығын сұрайтын бата.
Бата – қазақ халқының тәрбиелік мәні зор дәстүрлерінің бірі. Наурызда айтылатын бата – елдің ынтымағын, бірлігін, татулығын нығайтатын маңызды рухани рәсім. Бұл дәстүрді сақтау – ұлттың рухани мұрасын дәріптеу деген сөз. Баталы ел – бақ қонады, батасыз ел – тақ қонады демекші, үлкендердің батасы – әрқашан жақсылыққа бастайтын жол. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа бақыт, береке әкелсін!
Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ