Оқушыдан сыйлық алған мұғалімді білім саласынан қуу керек
Бірер күн бұрын Democrat.kz. сайты әлеуметтік желіде болып жатқан әлдебір трендке қатысты шағын мақала берген еді. Сол мақалада оқушыдан шоколад алу дұрыс емес деген мұғалімнің пікірі айтылды.
Осы мақалаға орай әлеуметтік желіде «онда тұрған не бар?», «мұғалімге берілетін майда-шүйде дүниеге қарап қалдыңдар ма?», «биліктегі миллиардтап асағандарды айтпайсыңдар» деген сынды пікірлер қарша борап жазылуда.
Осыған орай елімізге танымал белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлының бірер жыл бұрынғы осы мәселеге қатысты жазбасын назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Басқа емес, өмірін ұстаздыққа арнаған, бала оқытып жүрген мұғалімнің бұл жазбасы ата-аналарға да, мұғалімдерге де ой салар деп үміттенеміз.
«Ұстаз. Шәкірт. Пара. Мектепке жұмысқа алғаш келген жылы 7- сыныптарды берді. 23-ақпанда бір оқушы қыз әтір сыйлады.
Алмайын десем, 25 баланың алдында жасөспірім қыздың сағы сынатын түрі бар. Оның үстіне мінезді қыз бала еді.
Алуға тура келді.
Рахметімді айттым да, бүкіл сыныпқа қарата:
— Мен сендерді оқытқаным үшін мемлекеттен жалақы аламын!Ол аз ба, көп пе — менің жеке проблемам! Сондықтан, маған сыйлық жасаудың алды да, арты да осы болсын! Келесі жолы сыйлық әкелсеңдер, сыйлығыңды терезеден атам, өздеріңе «2» қоямын! — дедім дауысымды қатайтып.
Мектепте де «сымсыз телефон» жақсы жұмыс істейді. Ол «телефонның» хабары жылдан жылға ауысып отырады.
Содан кейін, маған оқушы да, ата-ана да сыйлық ұсынған емес (Фейсбукте біраз шәкіртім және олардың ата-аналары, мектептес әріптестерім отыр. Сөзім өтірік болса, айта жатар).
Жыл сайын кейбір ата-аналар:
— Баламды ҰБТ-ға дайындаңыз! Сұрағаныңызды береміз! — деп өтініш жасап жатады.
— Балаңызды жұрттан бөліп дайындаудың қажеті шамалы. Сабақта айтқанымды орындаса болды.
Үй тапсырмасын орындауды сіз қадағалаңыз. Нәтиже жаман болмайтынына мен кепіл! — деп бас тартамын.
Жалпы, меніңше мұғалім мен оқушының арасында тауарлы-ақша қатынасы болуы мүмкін емес.
Шәкіртінен пара, сыйлық дәмету өз балаңды баққаныңа ақы сұраумен бірдей.
Сондықтан, қылмыстық заңға өзгеріс енгізіп, пара-сыйлық алған оқытушыны өмір бақи педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынуға тиіс.
P.S. Тағдырдың жазуы шығар. Маған алғашқы және соңғы рет сыйлық жасаған қыз, ұлымның 11 жыл бір партада отырған ең жақын досына күйеуге шығып, өзіме келін болды» деп жазыпты білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы.
Бала оқытқаны үшін бюджеттен арнайы жалақысын алып отырған мұғалімге қосымша сыйлық берудің керегі бар ма? Сыйлық беру — пара берудің бір түрі емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.