Дала сұңқары- Сәкен
Дала сұңқары, көктегі жарқыраған жұлдызы, тарихта өшпес есімі қалған дара тұлғасы, халқымыздың біртуар асыл перзенті, үлгі тұтар азаматы, қазақтың аяулы ақыны, қазақ әдебиетінің, мәдениетінің дамуына зор үлесін қосқан қаламгер, қоғам және мемлекет қайраткері — Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл- 130 жыл толды.
С.Сейфуллин 1916 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, алғашқы еңбек жолын, Бұғылы болысындағы подполковник Сұлтантөре Абылайұлының ауылында, Ақтөбеде мектеп ашып, сабақ бергеннен бастаған. Ақтөбе ауылы бұрынғы Сұлтантөре Абылай ауылы Ахмет ауылынан 5 шақырым жерде болған. Қазіргі Ахмет ауылындағы мектеп С.Сейфуллин атымен аталады.
Ақынның туған күніне орай, С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» аясында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу мақсатында «Өнегелі өмір» атты кездесу кеші өтті. Кездесуге Астана қаласынан Сәкентанушы Оспан Сүлейменұлы, Шымкент қаласынан «Ғажайып Қазақстан 2050» журналының президенті Әбен Хамитұлы Мүталиев, Астана қаласынан ақын, журналдың редакторы Тынысбеков Сайлау Қуанышұлы, Сәкен Сейфуллиннің аталас туысы Шампетов Бахыт Жөкебайұлы, осы мектептің түлегі күйші Берік Қошанбайұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ахметова Гүлзана Сейсеновна, Ахмет ауылының әкімі Темиров Дәулет Мерекеевич қадірлі қонағы ретінде шақырылды.
Кездесуге келген қонақтар ең алдымен Сәкен ашқан мектептің орнындағы ескерткіш тақтаны көруден бастады. Ақын рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Мектепке келген соң, мектеп мұражайына саяхат жасады. Мәжіліс залында оқушылар мен ұстаздар қауымы құрметпен қарсы алды. Келген қонақтар кезекпен сөз алып өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Мектептің музыка пәні мұғалімі Кугабаева Аида Бекежановна мен Балаларға арналаған өнер мектебінің мұғалімі Тулеубаева Джамиля Жаркеновна домбыра мен флейтада Сәкеннің «Тау ішінде» әнін орындады. 5-сынып оқушысы Серікбай Айсұлтан Сәкеннің 1916 жылы осы ауылда жазылған «Наурыз» өлеңін оқыды.
Аңыз адам, ҚР Мәдениет қайраткері , «Құрмет белгісі» ордені, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің, А.Байтұрсынов атындағы медалінің иегері, ұлағатты ұстаз, Білім беру ісінің үздігі, ҚР құрметті қызметкері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ақын, сазгер, күйші, дирижер, әлемнің 50-ден астам мемлекетінде өнер көрсеткен, 400-ге тарта мақала мен бірнеше кітап авторы, журналист Елорда Билер Кеңесі» қоғамының мүшесі Есіл ауданының аға биі, Сәкентанушы Оспан Сүлейменұлының өнегелі өмірін Салтанат Мухаметшариповна Каржасова таныстырып өтті.
Оспан Сүлейменұлы Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Жаңажол аулында 1 ақпан 1948 жылы өмірге келген. Қосқопа 8 жылдық мектебін 1963 жылы бітірген. Арманның жетегінде оқуын жалғастырып Целиноград қаласы Жамбыл Жабаев атындағы номері 4 қазақ орта мектебінде білім алады. 1972 жылы 5 мамыр мен 1973 жылы 5 мамыр аралығында азаматтық борышын қызыл әскер қатарында Ресейдің Марей АССР — да штабта жазушы және суретші болып қызметін өтеді. 1967 жылы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институттың музыка факультетінде оқиды. Қорғалжын аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды.
1984 жылы Целиноград облыстық Білім басқармасына Облыстық Білім жетілдіру институтында қызмет атқарды. 1991 жылы тұңғыш Ұлттық Қазақ Балалар музыка мектебін ашып , алғашқы директоры болды.
Ұлт мүддесі үшін қаншама қазақ баласын шет елдерде талай рет сахнаға шығарып, өнерді бағалаған тұлға. Осының бәрі ұстаздың нағыз тер төккен еңбегі десек артықтық етпес. Өнер майталманы 50-ден астам шет мемлекеттер сахнасында қазақтың қара домбырасымен өнер көрсеткен. Соның ішінде Германия, Балтық елдері, Араб әмірлігі, Индонезия, АбуДаби, Джакарта,Египет, Ресей қалалары, Франция, Чехословакия және Венгрия мемлекеттері.
Оспан Сүлейменұлы – сазгер, бірнеше әндер мен күйлердің авторы. Соның ішінде өзі шығарған шертпе күйі – «Аналарға тағзым». Оған қоса «Наурыз самалы» және «Көктем шуағы» күйлері мен «Қазағымның дәстүрі», «Алтын ұям мектебім», «Жастарға тілек», «Артымда өлең-жырым қалардағы» сынды әндері бар.
1997 жылы «Арайлы менің астанам» “Ақмолам – Астанам” деген әндердің әнін де, сөзін де өзі жазған. “Бақытқа жет, жас ұрпақ!” жинағы өзге (француз, неміс, қытай) тілдерге аударылып бірнеше мемлекеттердің мұражайында ескерткіш ретінде тапсырылған. Он шақты кітаптың авторы
Астана қаласында Оспан Сүлейменұлының 75 жасқа толуына орай үлкен шығармашылық кеші өтті.
1971 жылы Шолпан Жылқыбайқызына үйленеді. Отбасында сыйлы, жарына ардақты ер, балаларына асқар тау әке, немерелеріне кемеңгер ата, ұстаздарға ұстаз, замандастарына асқақ Алатау.
Оспан Сүлейменов – жан-жағына нұрын төгіп тұратын биязы, салмақты, сабырлы жан. Ол жайындағы кез келген пікірлер осылай басталған болар еді. Өз ортасына беделді, рухани бай азамат. Замандастары Оспан Сүлейменовты асқар тауға теңеген. «Осекеңнің жүрген жері береке. Қашан да қазақ өнері десе жаны қалмай жүреді. Оны тек асқақ Алатау, биіктікке теңесек болады»,- дейді замандастары.
Өз кезегінде сөз алған Оспан Сүлейменұлы:
—Ертең өскенде осы елдің үлкен азаматтары болып, Қазақстанымызды биік шыңға жетелейтін үлкен үміттерің бар, талаптарың бар, неге десең, осы жерде қасиетті бауырымыз С.Сейфуллиннің ең алғашқы мектеп ашқан жерінде, сол мектепте дәріс алған сіздер сондай бақыттысыздар, Алла тағала осы бақтарыңнан ешқашан айырмасын.
Қадірлей сөзді білмеген,
Тегінде түбі жер білмес.
Кемеде жүзіп жүргендер,
Қайықта мінген көз ілмес
Бұрқадайын дауыл соққанда,
Айқайың жанға естілмес,
Елін, жерін, тілін, жанын сүйген әрбір жан
Талпынбай алға тез жүрмес.
Қадамдарың құтты болсын,- деді.
Оспан Сүлейменұлы журналдың кезекті нөмері Сәкен Сейфуллиннің аталас туысы Шампетов Бахыт Жөкебайұлына арналғанын айтып, журналдың тұсаукесер рәсімін жасауды А.Е.Балабиев, Б.Н.Тукешова, Г.С.Ахметова, Д. М. Темировке тапсырды.
Шымкент қаласынан «Ғажайып Қазақстан 2050» журналының президенті Әбен Хамитұлы Мүталиев: «Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы жолында және өңірдің әлеуеті мен өркениетінің шарықтауында белсенділік танытып, ұзақ жылдар бойы өз саласында аянбай еңбек етіп үлкен жетістіктерге жеткені үшін, Шампетов Бахыт Жөкебайұлы «Ғажайып Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Еңбек қайраткері» орденімен марапатталады»,-деп, Бахыт Жөкебайұлының кеудесіне орден тақты.
Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп айтқандай, жас ұрпаққа осы кісілердің жолын беріп, осы кісілердей биіктен көрінсін, халқына қызмет етсін деген тілекпен кездесу ескерткіш суретке түсумен аяқталды.