Comic Con Astana фестиваліне 30 елден қатысушылар келді

0
31

Халықаралық косплей байқауының Гран-при жүлдесі – 3,6 миллион теңге, әлемдік кино жұлдыздары және танымал блогерлермен кездесулер, видео-ойындар, манга, комикс және аниме әлемінің жаңа өнімдері – Қазақстанның елордасында III Халықаралық Comic Con Astana фестивалі өтті.

Комикстер, кинематография, видео-ойындар, аниме және қазіргі заманғы танымал мәдениеттің өзге де бағыттарына арналған Comic Con Astana фестивалі 25-28 шілде аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өтті.

 Алдын ала мәліметтер бойынша, осы уақыт ішінде оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Украина, БАӘ, Қытай, Черногория, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Польша, Гүржістан, Чехия, Литва, Ресей, Армения, Эстония, Кипр, Оңтүстік Корея, Тайланд, Парагвай, Катар және т.б. сияқты 30 елден 50 мыңнан астам адам қатысқан. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, фестиваль қонақтары фестивальдің 4 күнінде шараға 100 000-нан астам рет келген.

Бірінші күн қызықты кездесулермен басталды. Аниме, ойындар және фантастикалық фильмдердің жанкүйерлері өздерінің сүйікті кейіпкерлері, танымал дубляж актерлерінің дауыстарын ести алды.

Ұлттық суперқаһарман «Капитан Байтасов» туралы қазақстандық фильмнің тұсаукесері өтті. Сценарий 2011 жылы Таразда лаңкесті ұстау кезінде гранатаны кеудесімен жауып, өз өмірін қиып, бейбіт тұрғындарды құтқарған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың шынайы оқиғасына негізделген.

Танымал блогер Ян Топлес Comic Con Astana жазылмандарымен кездесті. Жас қазақстандық JKS Entertainment командасы жанкүйерлерімен шығармашылық ізденістері мен лайфхактарын бөлісті.

Жанкүйерлердің сұрақтарына фестивальде «Ведьмак» дастаны басты кейіпкері Ривиялық Геральт және Cyberpunk 2077 ойынындағы Винсент (V) екі образын ұсынған германиялық косплейші Maul жауап берді.

The gifted және «Уэнсдэй» сериалдарындағы рөлімен танымал канадалық актер Перси Хайнс Уайт жанкүйерлерімен Q&А форматында кездесу өткізді.

Қазақстандық шығармашылық ұжымдардың жаңа фильмдері – жарықтан қорықпайтын қазіргі қазақ вампирлері туралы «Жезтырнақ» фильмі, сондай-ақ «А-студио» тобының әндеріне негізделген «Стоп, ночь!» киномюзиклінің тұсаукесері өтті.

Бірақ үшінші күннің абсолют жұлдызы фестивальдің хедлайнерлерінің бірі, бүкіл әлемге «Ганнибал» сериалымен, сондай-ақ «Доктор Стренж», Rogue One: A Star Wars Story, Indiana Jones and the Dial of Destiny фильмдерімен танымал дат актері Мадс Миккельсен болды. Оның қолтаңба-сессиясы 3,5 сағатқа созылды, ол кешкі астан бас тартып, сағат 20.00-де сахнаға оралып, тағы екі сағат қолтаңба беруді жалғастырды.

Comic Con Astana фестивалінің төртінші күні Мадс Миккельсенмен сұрақ-жауап сессиясын танымал қазақстандық режиссер және клипмейкер Айсұлтан Сейітов жүргізді. Содан кейін «Ганнибал» сериалының жұлдызы баспасөз-конференциясында әртүрлі елдерден келген журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол қазақстандық кинематографистермен жұмыс істеуге қуанышты болатынын және елімізде тарихи тұлға – жаулаушы Атилла туралы фильм түсіргісі келетінін айтты.

Жүлде қоры 12 000 000 теңге дәстүрлі халықаралық косплей байқауы фестиваль шоу-бағдарламасының басты элементі болды. Оған қатысуға 14 елдің 140 косплейшісі өтінім білдірді: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, БАӘ, Қытай, Гүржістан, Черногория, Ұлыбритания, Армения, Кипр және Тайланд. Қазылар алқасының құрамында Даниядан келген дарынды косплейші және костюм шебері Trine, Геральттің германиялық танымал косплейшісі Maul, сонымен қатар салада 8 жылдық тәжірибесі бар косплейші, Comic Con Astana 2023 косплей байқауының жеңімпазы Keller болды. Іріктеу кезеңдері күн сайын өтті. Косплей байқауының финалына 51 қатысушы шықты. 3,6 миллион теңге көлеміндегі Бас жүлде Ресейден келген Cosband Siberia командасына бұйырды. Олар Smite видеойынындағы Valkyrie’s Rage Thanatos және Ares-ті көрсетті. Бірінші орын мен 1 миллион 700 мың теңге жүлдесін Baldur’s Gate 3 ойынындағы Shadowheart (Dark Justiciar armor) кейіпкерін ұсынған ресейлік косплейші Frau_Haku иеленді. Екінші орын мен 1 миллион 100 мың теңге жүлдесін Sakizo Illustrator авторының Clown Doll қуыршағын көрсеткен қырғызстандық косплейші Ran Hime иеленді. Үшінші орынға Baldur’s Gate 3  ойынындағы Karlach бейнесін сомдаған косплейші Sazura иеленді. Ол 800 мың теңге алды.


ПІКІР ЖАЗУ