Шымкент қаласының  күкірт зауытындағы өрт

0
37

Шымкент қаласында күкірт зауытының өртінен жапа шеккен үш адам ауруханаға жөнелділген, аталған адамдардың екеуі  уланған, олардың бірінің  денесінің  25 пайызын күйік шалыпты. Бұл туралы  Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабар береміз.

«Үш науқастың да жағдайы орташа ауыр, біреуін ауруханадан шығардық, алайда екі науқас әлі ауруханада, бірі күйік бөлімінде және бір әйел токсикология бөлімінде жатыр», – дейді Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.

Тілсіз жауды  сөндіру үшін 150-ден астам адам, 40 техника, одан қалса өрт сөндіру пойызы да іске кірісті.

Шаһар  тұрғындары күкірттің ащы иісін сезгенін айтты. Сол күні эколог мамандар  ауадағы күкірт диоксиді рұқсат етілген концентрациядан 40 есе, көмірқышқыл газы 1,6 есе асып кеткенін анықтаған. Өрт шыққан күнде сол маңдағы елді мекендердің адамдары эвакуацияланған, қазіргі таңда  үйлеріне қайта оралды.

Одан бөлек өрт қауіпсіздігі бойынша біршама заңбұзушылықтар  анықталды. Ал қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері  «Экологиялық қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу»  бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.


ПІКІР ЖАЗУ