10-НАН АСТАМ ЕЛДЕН КЕЛЕТІН ШАБАНДОЗДАР 500 ШАҚЫРЫМҒА ЖАРЫСАТЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАФОН-БӘЙГЕСІ — «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» 

0
49

«Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында 2024 жылғы 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді»,  – деп хабарлайды  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі.

Ірі көлемді  спорттық жобаға 10-нан астам елден командалар қатысады деп күтілуде. Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей Федерациясының және т.б. елдердің шабандоздары дархан даланың додадасында бақ сынамақ.

Нар жүгіндей нақтылап айтсақ, Қырғызстан құрамасы «Ұлы дала жорығына» келетін ең жүйрік аттарды  іріктеу мақсатында біршама күн ат спорты марафонын өткізді.

Қырғызстан Ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шақыртудың өзі орасан зор бедел екенін айтты.

«Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны өтті. Барлық командаларға сәттілік тілеймін және жеңімпаздардың көп болуын қалаймын. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін», — деді М.Сұлтанов.

Додаға  Кабардин-Балқар Республикасының құрамасы да қатысуға дайындалуда. «АМД Кавказ» ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов қазақстандық бәйгеге қатысу үшін шақыру алғаны белгілі болды.

«Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!», — деп атап өтті А.Махов.

Аталған бәйге Астана қаласында 7 қыркүйекте бітеді. Жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.


ПІКІР ЖАЗУ