«Сіз қай елдің азаматысыз?»

0
157

Ең алдымен, «азамат», «азаматтық» сөзінің түп – төркініне үңілген абзалырақ болар деген оймен, аталмыш терминнің мағынасына ой жіберелік. Азамат сөзі ұлттық мәнде қарастырылатын, қарастырылуы қажет ұғымдар қатарына кіретін сияқты.

Ұлт тағдырына, кешесі мен бүгініне, келешегіне жазылып, сараланып, талданып көтеріліп жатқан жазбалар баршылық. Соның бір ғана тілге тиек, ойға жігер беретіні – Есенгүл Кәпқызының «Сөздің шыны» кітабындағы «Қай елдің азаматысыз?» атты мақаласы. Әлбетте, бұл сарынды тақырыптарда қалам арқылы ой жеткізерде эмоцияға берілмеу екіталай, алайда автор жазу қисын тәртібін сақтай отыра «Азаматтық туралы» Заңның түбегейлі өзгеріс қажеттігін алдыға тарта отыра, АҚШ, Канада, Израиль, Ресей сынды экономикасы тұғырлы мемлекеттердің азаматтық алу рәсімдерін атап көрсетеді.

Мақала шағын болғанымен, осы типтес тақырып атаулысы көптеп кездескенімен, автор маңызды мәселелерді көтереді және еліміздің ішкі ұлттық біртұтастығын, ауызбіршілігін нығайту төңірегінде халықтың көкейіндегі ұсыныстарды жазып қалдырған.

Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңын қайта қарау ұсынысының өзекті әрі құптарлық іс екенін автор мәлімдеген хабарламалардан ескеруге болады:

  • «Мәселен, кез-келген мемлекеттің «Азаматтық туралы» заңында қандай да бір мемлекеттен келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам сол мемлекеттің азаматы атану үшін, ең кемінде 5-10 жыл тұрақты тұруы керек, сондай-ақ, сол елдің тарихынан, мемлекеттік тілінен емтихан тапсыруы  қажет»; Иә қуанышқа орай бұл мәселе қолға алынды.
  • Америка азаматы атану үшін онда кемінде 10 жыл тұрақты тұруымен қатар, АҚШ тарихынан, географиясынан және мемлекеттік тілінен емтихан тапсырасың және ең маңыздысы — Библияны ұстап тұрып, АҚШ үкіметіне ант бересің. Ал, Канадада бұндай сынақ түрі 14-ке жетсе, Израиль тек еврейлердің ғана азаматтығын мойындайды екен. Көрші Ресейде орыс тілін білмейтін адамды азаматтыққа қабылдаудан бас тартты», — деп ойын факті арқылы дәлелдеп көрсетеді.

Анығында, әр мемлекет ,ең алдымен, жергілікті халықтың әлеуметтік – экономикалық мұң – мақтажын толық дәрежеде орындауы қажет.

Мемлекеттің негізгі қайнар көзі – халық.

Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген сөзі бар. Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, әлде өзгеге ме?..  Ол жағы бұлыңғыр болып отырғаны да өкінішті һәм алаңдатарлық.

Қазақ елінің негізгі байлығы – қара жер. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген» күн. «Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн». Кеңес Одағының құрамында болған 130 жылға жуық кезеңде қайран қазағымның басынан не өтпеді десеңізші, «құшақ жая қарсы алғандай», ағалық бауырлық қасиетін көрсеткен сыңай танытып, бір ғана мүддені көздегенін һәм көксегенін бәріміз де білеміз. Қазақ елін түпкілікті жою арқылы, қолдан геноцид жасауы – оған дейінгі адам төзе алмас, нанғысыз реформалардың сәтсіз шығуының көрінісі сияқтанатын. Кең шұрайлы еліміздің жеріне әркім – ақ көз тігеді келіп.

Әрбір істің бастауы өзіндік оң, теріс жақтарымен келеді. Бізге тапсырылған «Тәуелсіздікті» көздің қарашығындай сақтап, оны кемеліне жеткізіп, келешек ұрпаққа аманат етіп табыстау – біздің міндетіміз. Ол үшін, «алтын ортаны» ұстау маңызды.

Әйтпегенде, халық үшін жаны шырылдап, айта алмағанын қаламын тербетіп, дария білімдерін «халықтың көкірек көзін ашуға», әділдік пен жақсылықтың орнауына сеніп жазған Алаш Зиялылары текке қудаланып, темір абақты торында әбден жүйкесі жұқарып, саны сынғанша дейін амалсыз текке отырғандығы ма? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», өзгеге, халыққа пайдасы келер білім іздеп, көкжиек танымын қалыптастырып, ұлт қайнары тілімізді ардақтауға, ұлықтауға, насихаттауға, еліміздің мәдени – тарихи абыздарын, қоғам қайраткерлерін барынша ел ішінде шығармашылық, тұлғалық жағынан, өнегелі өмірін кеңінен тарату іс – шаралары жүргізілуі керек (өзінің қарқынын енді, әлсін – әлсін тауып жатыр).

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабында «Жоғалған тіл» атты тарауында «Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние», — деп көрсетеді.

Ең бірінші,  ішкі біртұтастыққа, тұтастыққа қол жеткізу мақсат… Қазақстан Республикасының экономикасы жоғары алдыңғы қатарлы елдермен бәсекелес болу үшін, үш тілді меңгеріп, өзге ұлт өкілдеріне астамдық үстемдік жасауымен теңеспейтінін түсіну. Алға қойған «Мәңгілік Ел» сынды жаңғырулардың нәтижесі парақ бетінде емес,  іс жүзінде орын табуы – нағыз бәсекелестік аренаға шығудың төте жолы болар еді.

Екіншіден, және ең бастысы, қазақ елі өзге ұлт өкілдерінен бұрын, шетелдегі қазақ диаспорасының қысым көріп, азаматтық құқығының тапталуы. Яғни, өз қандастарымыздың жағдайын өтеу жолын біржақты қылу, олардың амандығына кепілдік жасалуы қажет.

Азаматтық алу – мемлекеттің жергілікті халық тұрғындарына деген сыйласымдылықтың, мемлекеттің тілі мен діліне, дініне, мемлекеттің жеке ұстанымдарына деген көзқарастарының демократиялығын еркін аңғартады.

Ұсыныстар көп, оның орындалуын қамтамасыз ету үшін уақыт, ұлтқа деген жанашырлық һәм жауапкершілік керек.


ПІКІР ЖАЗУ