Еліміздегі ономастикалық жағдай: Атаулар адаспасын!

0
35

Байырғы  бабалар аңсаған бейбіт күнімізге қол жеткізгелі, жазиралы жерімізде көптеген өзгерістер орын алды. Ономастикалық атаулар – ата-бабамыздың материалдық және рухани мәдениетінің бай мұрасы. Олар әртүрлі кезеңдердегі көптеген тарихи оқиғалардың куәсі.

Әр ұлт пен этностың елдігі мен егемендігің белгісі табан тіреген жері, мекені, тілі, ділі-діні, руханиятының қайнар бастауын көрсететін өзіне тән тарихы бар. Сол халықтың мінезі, болмысы мен мәдениеті,белгілі бір географиялық аймақта көрініс табады, тарихтың таңбасы болып қалады. Бұл сөздің тұздығын Мұхтар Әуезов былай келтірген екен: «Жер – анасы, ел – баласы деуге болады. Ел айтқан әңгімені ел мекені, ел бесігі жер де айтады. Көз жіберсең, көңіл тоқтатсаң, тыңдап көрсең көпті айтады… алдымыздағы, айналамыздағы көп өзен, өлке, қойтас, қырқа, бұлақ, шалғын – барлығы да қазақ халқына сүйікті, қымбат болған көп-көп өлеңнің туған ұя, тербелген бесігіндей. Жер әңгімеші, жер әңгімеші болған соң – ел әңгімеші». Енді жергілікті халық сол мекеннің атауына қатысты мәселеге араласа алады бұл жайлы: «Ашық НҚА» порталында Мәдениет және спорт министрінің осыған қатысты бұйрығы талқыланды:

«Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген. «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары бекітілсін», делінген.

Ел мен жерді қорғаған жаугершілік заманда ,шұрайлы жерімізге көз тіккен басқыншы елдердің әсерінен дархан даламызда көптеген жер-су аттары эволюцияға ұшырады. Алматы облысының өзінде «Қаскелең ,Сүмбе, Нарынқол, Кеген, Шамалған, Байынқол»  сынды моңғол-қалмақ атаулары халыққа танымал әрі үйреншікті болып кеткен. «Нарынқол» атауындағы «нарын» сөзі «нарин» — моңғолдың «жұқа», «жіңішке» -деген мағынасын береді екен. Қызығы бұл сөз еліміздің көптеген жер-су атауларында кездеседі, мысалы: «Нарынбайсай», «Нарым», «Нарынқұм», «Нарынқол», «Нарынқаба».

Қазақилығымыз қалпына  келгеннің арқасында өшкендеріміз жанып , өлгендеріміз тірілді. Тамырымызға сіңген тарихымыз қайта жанданып , жанымызға жат, шеттен келген дүниелер біртіндеп орынын босата бастады. Жауыр болған, танымтүсінігімізге жат сөздер өзгертіліп, қазақы атаулар мен ұлы тұлғалардың есімдері көптеп қойылған болатын.

Түпкілікті өзгеріс бірден болып кете қоймады. Әлі күнге көзге сүйел болып тұрған олқылықтар жоқ емес. Әрине алғаш көзге қуаныш сыйлап еліміздің атауы ауыстырылды. Жетпіс жыл шамасында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы» аталып келген еді, 1991 жылы«Қазақ Республикасы» аталды.

Дегенмен аты өзгерсе де заты өзгермеген тұсымыз көп. Кей өңірлер сол кеңестік жалауды  жамылған атаудан  арыла алмай келеді. Пётр мен Павлды айтпағанда, еліміздің біраз аймағындағы орысша атаулардың  көптігі жанға аяздай батады. Негізі бір мемлекетте басқа тілдегі атаудың берілуі, отаршылдықтың басты принциптерінің бірі. Оны тарих дәлелдеген. Тарихқа көз жүгіртсек қандай да бір елді жаулап алған мемлекет, өзінің қолданыстағы атауын қояды. Кеңестік дәуірде де,  дәл сондай саясатты біздің елге сіңірді. Ақмола облысындағы  «Қабанбай батыр» ауылы 2001жылға дейін «Рождественка» аталып келген , осы сынды еліміздің солтүстік аймағындағы атаулардың басым бөлігі орысша екендігі күні бүгінде бар қазаққа аян.

Ақмола облысындағы ахуалға тоқталар болсақ, облыстың жер аумағы 146,2 мың км2. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарымен шектесіп жатыр. Ақмола облысы құрамына Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалалары кіреді, 17 аудан, 8 шағын қала, 5 ауылдық округ, 589 ауылдық елді мекен бар. Үлкен қалардан Степногорск қаласы орыс тілінде. 17 ауданның екеуі (Астрахан, Целиноград),  8 шағын қаланың төртеуі (Державинск, Макинск, Степняк,  Щучинск), 5 ауылдық округтің үшеуі (Беловод, Отрадный, Каменск) орыстілінде.

Ескірген атаулар жөнінде Aqmolanews мәліметінше Ақмола облысы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы өткен жылы «2022-2025 жылдарға арналған идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендерді және олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі Жол картасын» мақұлдаған болатын, – деп хабарлама берді.

Иә айтылып жатыр, айтылып та келеді. Ономастика мәселесі талқыға алынғалы  халықтың басым бөлігі қолдап келеді, қарсылық танытып жатқан тараптар да бар. Әсіресе солтүстік өңірдегі аудан, ауыл, көше атауларын қазақшаландыру мәселесі көтерілгенде орыс тілді, словян  ұлт өкілдерінің беті тыжырайып, қарсылық танытып жатады.

Не себепті қарсылық танытуда? Өзге ұлт өкілі, өзі өмір сүріп жатқан елдің тарихын, мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрін білмеуі мүмкін. Еліміз зайырлы мемлекет болған соң, осы тұста өте жіңішке, өгізді өлтірмей, арбаны сындырмайтын шешім қабылдануы керек. Шешім әрине ұлт мүддесінің, мемлекеттік тілдің ыңғайына келіп, ығына жығылғаны жөн. Қарсы тараппен қандай жұмыс жасалуы керек? Бәлкім халықпен етене жақын түрде қарым-қатынас құрып, ол атаудың қандай мақсатта қойылып жатқанын, астары мен мән мағынасын көркем түрде түсіндіру керек. Бір ғана мемлекеттік қызметкердің, әкімнің, ономастикалық комиссияның ғана күші бәріне түсіндіруге күші жете қоймайды. Жеке бастың емес, бұл мәселеде жалпыхалықтық түсіндірілу жұмысы керек. Ең әуелі талап пен сұраныс болса, бұл шаруаның шынжыры шешілмек.

Қазақстан тәуелсіздікке дейін көп қиыншылық көрді, қарсы тараппен жасалатын жұмысқа қатысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайылдың пікірінше  «Осынша рухани зардап шеккен ел, тәуелсіздік алғаннан кейін оның билігі ономастика туралы заңды, біздің көрген зардабымызға сәйкес қатаңдатып қабылдап алуы керек еді, біз оны жасаған жоқпыз.Ономастика туралы жеке заң жоқ, ономастика туралы заңдар әр тарауға бөлініп, шашырап тарап кеткен, мәселе заңның екіұштылығында», деп пікір білдірді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика ғылымының маңыздылығын өз сөзінде «Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты иә белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі ескерілуі керек», деп жеткізген болатын.

Елдігімізді, тарихымызды білдіретін — онамастикалық атаулар. Сол себептен атау берген кезде, алдымен жергілікті өңірдің өткеніне,салт-дәстүріне, ұлы тұлғаларына мән берген абзал. Елді-мекенге адам атын берген кезде , адамның атын шығару үшін, мемлекеттік заңды емес адамдарға, халық танымайтын, лайық болмаса да атақ-даңқ үшін адамды әсірелеуге болмайды.

Соңғы уақытта қандай өзгерістер орын алуда?  Біраз жылдар бұрын Алматы облысындағы «Жалаңаш» ауылына қатысты әзілдер тарап ,ел арасында талқыға түскен болатын.2024 жылдың басында Жалаңашты-Жалағашқа өзгерту туралы шешім қабылданды ол жайлы: «Алматы облысында бірнеше ауыл мен ауылдық округтер атауын өзгерту мақұлданды».

Кеген ауданында Жалаңаш ауылдық округі және Жалаңаш ауылы тиісінше Жалағаш ауылдық округі және Жалағаш ауылы болып аталмақ. Сондай-ақ, Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінде Қызылту — 4 ауылы Жібек жолы ауылы болып өзгертілді.  Осы Алматы облыстық мәслихатының бірлескен шешімі мен Алматы облысы әкімдігінің қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 24 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі».

Ономастикалық мәселелердің шешілуіне нақты қандай қадамдар керек? Ең әуелі ономастикалық заңның қуатын күшейту керек. Әркім өз атасының атын қойып, әділетсіздікке жол аштырмаған жөн. Мекеннің тарихына үңіліп, тарихи әділетсіздік жасалып жатқан өңірлерге тағайындалған ономастикалық комиссия мүшелерінің жұмыс сапасын арттыру керек.

Осыдан біраз жылдар бұрын елімізге туристтер келген кезде: «-Мен шынымен Қазақстанға келдім бе? Жоқ басқа ел ма?»,  деп таңқалатын еді. Шүкір өзгеріс жоқ емес, десе де сұрағы көп шешімі аз мәселенің шылбырын мықтап байлап, мән берілсе екен дейміз ғой.

Қорыта келгенде, осынау аласапыран заманда атаулар адаспас үшін ономастиканың салмағы күн өткен сайын сезілу үстінде. Ономастика жас ғылым саласы, ол әлемдік мәселелер мен саяси құбылыстарға әсер ете алатынын естен шығармайық…

Мейрамбек Ерболатұлы


ПІКІР ЖАЗУ