«Бразилия ырғағы»: Полина Ханыммен бірге босса-нова және самба әлеміне саяхат

0
54

24 тамыз «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында «Бразилия ырғағы» қызықты концерті өтеді. Басты рөлде — Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ одан тыс жерлерде де танымал дарынды әнші әрі гитарашы Полина Ханым.

Онымен бірге сахнаға саксофоншы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, АҚШ-тың Чикаго қаласындағы Рузвельт университетінің джаз және заманауи музыка факультетінің, сондай-ақ Италияның Матера қаласындағы Дуни атындағы консерваторияның 2012-2013 жылдардағы түлегі Ақжол Исин мен перкуссионист, әрбір өнер көрсетуіне айрықша ырғақты кескін қосатын перкуссия шебері Дмитрий Староверов сынды тамаша музыканттар шығады.

Полина Ханым қазақ, орыс, ағылшын, француз, португал, испан, итальян, поляк, украин және араб тілдерін қоса алғанда 10 тілде 100-ден астам ән орындайды. Оның репертуарында романстар, бард әндер, кеңестік кинофильмдердің әндері, бразилиялық босса-нова, джаз үлгілері мен авторлық өңдеудегі қазақ халық әндері бар. Ол ТМД-дағы авторлық әндерді үздік жас орындаушылардың бірі деп танылған. Ал оның Астананың көрікті жерлерінде Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне түсірген бейнебаяны қазақстандықтарға ерекше ұнаған еді.

– Босса-нова Қазақстанда сирек орындалады. Бұл концерт бразилиялық музыканы түпнұсқа күйінде, яғни акустикалық гитараның сүйемелдеуінде, таза португал тілінде тыңдаудың сирек мүмкіндіктерінің бірі. Мен Бразилия елшілігімен бірге көп жұмыс істеймін және португалша акцентсіз ән айтқаным үшін жиі мақтау естимін. Концерт кезінде мен жанрдың пайда болу тарихы, қызықты деректер мен әндердің мазмұны жайлы әңгімелеймін. Көбі босса-нова туралы ештеңе білмейміз деп ойлайды. Алайда концерттен кейін бразилиялық музыка өздері ойлағаннан да анағұрлым жақын әрі түсінікті екенін ұғады. Біз бағдарламаға белгілі туындыларды, ең танымал әндерді қостық. Олар арқылы жанрдың тарихы мен ерекшеліктерін түсіну оңай болады, – деп атап өтті Полина Ханым. – Осыған дейін мен «Астана Операның» Камералық залы сахнасында Португалияның Қазақстандағы Елшісі Мария де Фатима Мендеспен бірге өнер көрсеткен едім. Біз португалиялық фадуды орындадық. Камералық зал босса-нованы орындауға нағыз лайық жер, өйткені әу баста бұл ақындар, жазушылар, суретшілер мен композиторлар сынды Риодағы зияткерлердің ортасында, кішігірім отырыста орындалатын баяу музыка болатын. Тек біраз уақыт өткеннен кейін ғана кең ауқымда әлемдік танымалдылыққа ие болып, үлкен сахналарға шықты.

Еске сала кетейік, Полина Ханым (Тырина) 2019 жылы «Голос» шоуында Константин Меладзе тобының қатысушысы атанды, ал 2021 жылы Қазақстанды БАӘ-де Sharjah Heritage халықаралық фестивалінде таныстырды. 2023 жылдың соңы Полина үшін Qazaq Bossa Nova синглының шығуымен есте қалды. Бұл жинаққа босса-нованың қазақ тіліне аударылған үш танымал стандарты енді. Жоба 2024 жылы ақпанда Бразилия астанасында ойдағыдай таныстырылды.

Осынау кеште көрермендер таңдаулы әуендер мен шебер орындаудан ләззат алып, алыстағы ыстық Бразилияның атмосферасын сезіне алады. Бәлкім, кейбір тыңдармандар өздері үшін босса-нова мен самба секілді жанрларды алғаш рет ашатын болар. Босса-нова мен самба – бұлар екі түрлі музыкалық жанрлар. Олар Бразилияда пайда болғанымен,  әрқайсысының бірегей ерекшеліктері мен тарихы бар. Босса-нова 1950 жылдың аяғында Бразилияда дүниеге келген, ол өзінің қоңыр, баяу ырғақтарымен және әуендерімен танымал самба мен джаздың қосындысы. Ол көбіне акустикалық гитарамен, кейде джаз аккордтарын қолдана отырып орындалады. Ал самбаның тамыры анағұрлым тереңде жатыр, африкалық дәстүрлерге жататын осынау жанрды Бразилияға құлдар алып барған екен. Ол XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында кеңінен өрбіді. Бұл барабан мен шейкер секілді соқпалы аспаптарға баса назар аударылатын жігерлі және ырғақты музыка. Сондай-ақ самба дегенде билер мен карнавалдар да ойға оралады.

Сонымен, мазмұнды бағдарламаға Антониу Карлос Жобинің Insensatez («Ақымақтық») шығармасы енді. Бұл мұңды босса-нова уайым мен жаралы жүрек туралы әңгімелеп, жанрдың классикалық үлгілерінің бірі саналады. Осынау тамаша композитор Fotografia («Фотосурет») тәрізді басқа да туындыларымен танымал. Нәзік әрі романтикалық шығармада фотосуретке түсірілген бақытты сәттер әнге қосылған. Босса-нова символына айналған Garota de Ipanema («Ипанемалық қыз») аңызға айналған әні өмірдің әсем әрі өткінші екенін баяндайды. Сонымен қатар музыкалық кеште босса-нованың ең танымал композицияларының бірі, қыстың аяқталып, көктемнің келгенін білдіретін, поэтикалық бейнелерге толы Aguas de Marco («Наурыз сулары») шығармасын тыңдауға болады.

Әйгілі бразилиялық гитарашы әрі композитор Луис Бонфаның шығармашылығы босса-нова жанрының төл белгісіне айналған әуезді әрі әсерлі Manha de Carnaval («Карнавал таңы») әнімен таныстырылады. Әрі қарай Маркус пен Паулу Серджиу Валленің жазғы мерекелік атмосфераны жеткізетін Samba de verao («Жазғы самба») көңілді әрі жарқын композициясы орындалады. Әлбетте, бағдарлама Роберто Менескаль мен Роналду Босколидің кішкентай қайықтағы теңіз саяхаты жайлы жеңіл әрі романтикалық әні – O barquinho («Кішкентай қайық») шығармасынсыз өтпейді.

Көрермендердің көбі өздері үшін босса-нова мен самба әлемін алғаш рет ашса да, бұл жанрлар оларға нағыз құштарлық пен эмоцияны сезінуге мүмкіндік береді. Полина Ханым мен оның керемет тобы ұмытылмас әсер мен қуаныш ала келеді.

Концерттің басталуы 19:00-де.


ПІКІР ЖАЗУ