Пәкістандық қайраткер Тоқаевтың Әділетті Қазақстанға арналған экономикалық жоспарына пікір білдірді

0
44

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты ауқымды экономикалық реформалар бағдарламасын жариялады. Бұл кешенді жоспар Қазақстанның экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуін нығайта отырып, халқы үшін гүлденген болашақ құруға деген талпысын көрсетеді.

Жолдаудың негізгі тақырыптарының бірі елде сенімді өнеркәсіптік базаны тез арада құру қажеттілігі болды. Экономиканың қозғаушы күші ретінде индустрияландыруға баса назар аудару Қазақстанның саяси ландшафтында жаңалық емес. Алайда президенттің ауыр машина жасау, уранды байыту және автокомпоненттер сияқты секторларды жедел дамытуға шақыруы экономиканы әртараптандыруға деген ұмтылысының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар шетелдік және отандық инвесторларға алғашқы үш жылда салықтық жеңілдіктер беру туралы ұсыныс Қазақстанның осы өмірлік маңызды секторларға елеулі инвестициялар тартуға тырысатынын аңғартады.

Президент Тоқаевтың салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіруге шақыруы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге деген құлшынысын көрсетеді. 6-7 пайыздық өсімнің нысаналы көрсеткіші амбициялы, бірақ Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы үшін қажет. Мұндай өсімге қол жеткізу инфляция мен қаржылық тұрақсыздыққа қауіп төндірмей, экономикалық белсенділікті ынталандыру үшін фискалдық және монетарлық құралдарды сақтықпен басқаруды талап етеді.

Ел басшысының бәсекелестікті арттыру және корпоративтік несиелеуді ұлғайту үшін шетелдік банктерді тартуға баса назар аударуы бизнес үшін капиталдың қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып табылады. Несиеге барабар қолжетімділік кәсіпкерлік пен бизнесті кеңейту үшін өте маңызды, бұл өз кезегінде экономикалық өсуді ынталандырады.

Шағын және орта кәсіпкерлік – кез келген экономиканың тірегі. Ал Президент Тоқаевтың оларды қолдау жөніндегі ұстанымы мақтауға тұрарлық. Активтерді басқарудағы ашықтықты арттыруға және шағын бизнесті біріктіруді ынталандыруға бағытталған бастамалар бәсекелестікті теңестіруге және нарықтағы монополияны азайтуға көмектеседі. Тұрақты және серпінді экономика үшін жеке сектордың өсуі мен әртараптандырылуы өте маңызды.

Мемлекет басшысының тұрақтылық пен қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударуы таза энергия көздеріне жаһандық ауысуды растайды.

Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін арттыру және сутегі өндірісін дамыту жоспарлары энергетикалық саясатқа деген перспективалық көзқарасты көрсетеді. Ал атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс энергетиканы жауапты және ашық дамытуға деген ұмтылысты көрсетеді. Бұл қадам шешімнің қазақстандықтардың қалауы мен мүдделеріне сай келетініне кепілдік береді.

Қазақстанның ақпараттық технологияға бағдарланған ел болуға ұмтылысы жаһандық үрдістерге сәйкес келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанның электрондық үкімет және финтех-технологияларды дамыту саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарына кіретінін мойындауы елдің цифрлық саладағы әлеуетін көрсетеді. 2026 жылға қарай ІТ-қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға дейін ұлғайту мақсаты шетелдік ірі IT-компаниялармен серіктестік орнату арқылы технология секторының экономикалық әлеуетін пайдалануға деген ұмтылысты көрсетеді. Президенттің Қазақстан ақпараттық технологияға бағдарланған елге айналуы керек деген көзқарасы цифрлық трансформация дәуіріне сәйкес келеді.

Мемлекет басшысының елді Еуразиядағы ірі транзиттік хабқа айналдыру жөніндегі көзқарасы мемлекеттің экономикалық өсімі үшін өте маңызды. Құрғақ порттар мен контейнерлік тораптар сияқты көлік инфрақұрылымына инвестиция салу аймақтағы сауда мен байланысты жеңілдету үшін басты рөл атқарады. Бұған қоса, көрші елдермен, соның ішінде Ресеймен, Қытаймен, Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен оң дипломатиялық қарым-қатынастарды сақтау бұл пайымды жүзеге асыру үшін маңызды болып саналады. Қазақстанның стратегиялық орналасуы оны аймақтық сауда жолдарының тірегі етеді және бұл қарым-қатынастарды нығайту айтарлықтай экономикалық мүмкіндіктер ашуы мүмкін.

Аудандар мен қала әкімдерінің сайлауын облыстық деңгейде ұйымдастыру туралы шешім жергілікті басқару мен төменгі деңгейде демократияны қамтамасыз етуді көрсетеді. Жергілікті басшылардың өкілеттіктерін кеңейту ресурстарды тиімдірек бөлуге және Қазақстанның әртүрлі аймақтарының нақты қажеттіліктерін қанағаттандыратын бейімделген даму бастамаларына әкелуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен газдандырудан бастап су қауіпсіздігіне дейінгі әртүрлі салаларды қамтыды. Азаматтарды, әсіресе, жастарды «Адал азамат» немесе саналы азамат құндылықтарын бойына сіңіруге шақыру мемлекет құрудағы мінез бен адалдықтың маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл құндылықтар әділетті қоғам құрудың ажырамас бөлігі болып табылады.

Президенттің үкіметті бюрократиялық кедергілерсіз экономикалық және әлеуметтік саясатты жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартуға баса назар аударуы тиімді басқару мен саясатты жүзеге асыруға деген ұмтылысты көрсетеді.

Мемлекет басшысының халыққа жолдауында Қазақстанның трансформациялық экономикалық реформаларының жол картасы көрсетілген. Бұл жол картасы азаматтардың әл-ауқатына, экономиканы әртараптандыруға, тұрақтылыққа, технологиялық жетістіктерге және тиімді басқаруға басымдық береді. Қазақстан өз халқының өмір сүру сапасын жақсарта отырып, өзін әлемдік аренада серпінді ойыншы ретінде көрсетуге дайын сыни кезеңде тұр. Осы реформалардың сәтті жүзеге асуы Қазақстанның гүлденген және әділетті болашаққа деген ұмтылысын көрсетеді.

Мұхаммед Асиф Нұр,
Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институтының және Орталық Азия мен Еуразияны зерттеу орталығының директоры


ПІКІР ЖАЗУ