Мансия САДЫРОВА: АЭС салынуы елдегі кедейлік деңгейінің төмендеуіне әкеледі

0
1797

АЭСтың салынуы қазіргі өзекті мәселелердің бірі. Қоғам талқысына түсіп, бүгінгі таңда оң да, теріс те пікір жинап жатыр. Осыған қатысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті, әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Садырова Мансия Сапарғалиқызының пікірін сұрап білдік.

— Мансия ханым, өзіңіздің социолог ретінде көзқарасыңызды айта кетсеңіз. Халық неге АЭС-тен қорқады?

— Атом электр станциясы дүние жүзінде қолданылып жатқан ауқымды стратегиялық құрылым. Әлемнің 30-дан астам елінде қолданылып жатса да, осы уақытқа дейінгі кері нәтижесін берген жағдайлар да болғаны рас. Оның ішінде мысалы 1986 жылғы Чернобыльдағы жағдай, 2011 жылы апат болған Фукусимадағы жағдай халыққа сенімсіздікпен қарауға түрткі болып отыр. Чернобыльдағы апаттан соң сол территорияның жарамай қалғанын білесіздер. Қазақстаннан көмекке аттанған азаматтарымыздың көбі денсаулығына зақым келтіріп алғаны да өтірік емес. Сонымен қатар еліміздегі Семей полигонындағы жарылыс та халықтың теріс пікірде болуына әсер етеді. Семей полигоны АЭС болмағанымен халық «атом» деген сөздің өзінен үркіп қалды.

Халық арасында АЭС-тың пайдасын, оның қаншалықты қоғамға беретін оң әсерін, қаншалықты экологияға тиімді екенін түсіндіретін көптеген шаралар болса халықтың ой-пікірі оңалады деп ойлаймын. АЭС салу заманның талабы. Дүниежүзілік алпауыт елдер энергияны осы дүниеден алып, қолданып отырғалы қай заман. Ол бізге керек. Десе де, қауіпсіздік мәселесі қандай болады деген сұрақ туындайды. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросының зерттеуі бойынша респонденттердің 50%-дан астамы АЭС құрылысына қарсы екен. Себебі олардың көбі экологияға кері әсер етеді деп ойлайды. Екіншіден, тәуекел факторы қаншалықты қауіпсіз, қаншалықты алдыңғы ситуациялар қайталанбайтындай сенімді, қаншалықты экологияға әсер етеді деген факторларды қарастырады. Сонымен бірге, олардың кейбірі АЭС салудың дәстүрлі электр қуатын алуға қарағанда аса қатты артықшылығы жоқ деп санайды екен. Бұл да халық арасында, қоғамдық көзқарастың белгілі бір қорқыныштың, күмәннің бар екендігін көрсетеді.

— Энергетиктер, экологтар Атом станция халықтың денсаулығына кері әсерін тигізбейді дейді. Сіздің пікіріңіз қандай?

— Атом энергиясы – таза энергия. Негізінен біздің қазіргі қолданып жүрген энергия көздеріне қарағанда АЭС арқылы алынған энергияның экологияға зияны керісінше аз. Екінші жағынан, егер де ол қауіпті жағдайда жұмыс істесе, біз күтпегендей белгілі бір тәуекелдер орын алар болса оның зардабын екі есе көретін секілдіміз.

АЭС салудың қажеттілігінің тағы бір себебі Курчатов қаласында бұрын тәжірибеміз болған. Сонымен қатар қазір Балқаш маңында арнайы аймақ қарастырылып жатыр. Салыну кезінде қаладан алшақтығына, материалдардың сапалылығына қарап, техникалық қауіпсіздігі сақталып, кепілдік берілуі керек. Мысалы шет елде экологиялық сертификаттар беріледі. Орналасқан жерге, аймақтағы адамдарға, флора мен фаунаға зияны болмайтыны нақтыланған сертификат берілсе жұрт сенеді.

Тағы бір тиімділік – біз уран өндіруші елміз. Әлем бойынша уран өндірісінен бірінші орын аламыз. Осы мүмкіндігімізді неге оңтайлы пайдаланбасқа? Одан бөлек, халықты толғандыратын тағы бір мәселе – қалдықтардың қалай жойылатыны. Бастысы қалдықтың зиянды бөлшектері ауаға кетпеуі керек. Дей тұрғанмен таза энергия болған күннің өзінде сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің денсаулығын сақтау мәселесі бар. Себебі, денсаулыққа әсерін тигізбей қоймайтыны рас. Сондықтан, ол жерде денсаулықты үш айда бір, алты айда бір тексеретін өздерінің үлкен емханасы болуы керек секілді. Бұл – бір. Екіншіден, сол регионда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулығын, оқуын, т.б. мәселелерін қарастыру керек. Менің білген ақпараттарым бойынша, Балқаш теміржол өтетін өңір. Одан бөлек автотранспорттар да жиі қатынайды. Егер АЭС құрылысы бастайтын болса, аталған инфраструктуралық жол қатынасы ары қарай жұмысын қалай жалғастырады деген мәселе де бар. Яғни, АЭС салуда біз экономикалық тиімділігіне ғана емес, әлеуметтік, психологиялық, саяси тұрғыдан да жан-жақты қарастыруымыз керек. Әбден экспертиза жүргізіп, талдау жасалып барып жұмыстар жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын.

— Ядролық қару мен Ядролық станцияның айырмашылығы жер мен көктей. Халық осының ара жігін ажырата білмейді. Осыған қатысты не дейсіз?

— Қазіргі таңда халықтың көпшілігі сауатты. Әсіресе орта буындағы жастарды алатын болсақ олар бұл дүниелердің ара-жігін ажырата алады деп ойлаймын. Жас үлкен адамдардың өзі ядролық қарудың не екенін, оның зардабын өздері практика жүзінде, көзімен көрген адамдар ғой. Ядролық қару көп мемлекеттерде жоқ, стратегиялық қару болып есептеледі. Сол арқылы мемлекет өзінің белгілі бір саяси, әскери күшін көрсете алады. Ядролық қарудың қауіптілігін меніңше бәрі біледі. Егер ол қолданылатын болса дүниежүзі үлкен зардап шегеді. Меніңше, ядролық қаруды ешкім іс жүзінде қолданбайды, қолданбасын да. Себебі, оны бір адам шешпейді. Үш адамның қолы керек. Оның үстіне не нәрсені болмасын бейбіт жолмен шешуді көздеуіміз керек. Тек өз мүддесін емес, басқа да адамдардың, адамзаттың тағдырын ойлау қажет. Енді осы дүниелерді халық ара-жігін ажыратып, екеуінің екі түрлі дүние екенін ұғуы үшін атом энергетикасы туралы көбірек ақпарат беру керек. Оның не үшін керектігін, экономикаға қандай пайдасы бар екендігін ашық айтуымыз қажет. Осы тақырыпты зерттей келе ұққаным, тіпті біздің өзіміз білмейтін көптеген ақпараттар бар екен. Өкінішке қарай, осылардың таралып жатқаны байқалмайды. Халықпен көбірек кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстары, дискуссия, тренингтер өткізген абзал болар еді. Ақпараттық тарату мәселесін жандандыру қажет.

Бұл мәселенің көтерілуінің бірден бір себебі – табиғи ресурстардың азаюы. Болашақта дүниежүзінде энергетика тапшылығы орын алады деп күтілуде. Бұл кейде судың тапшылығына да байланысты болып келеді. Мемлекетаралық тәуелділікке әсерін береді. Ал АЭС салынуы бұл елдің дербес дамуына, ішкі экономикалық мәселесін шешуге де оңынан әсер береді. Халықтың көбі АЭС-тың зиянды тұсын ғана көреді. Себебі, пайдалы жағын білмейді. Саяси тұрғыдан, ғылыми, экономикалық пайдасын қарапайым тілде әлеуметтік желілерде белсенді түрде түсіндіретін болсақ халық дұрысынан қабылдайды деп ойлаймын.

— АЭС құрылысы ойдағыдай жүзеге асса, білім мәселесіне қалай әсер етеді?

— Бұл да өзекті мәселе. Себебі, АЭС салу елімізге жаңа білім беру бағыттарын алып келеді. Жаңа мамандықтарды дайындауды қажет етеді. Білім мәселесіне тікелей әсер етеді. Қазіргі кезеңде біздегі бар ақпарат бойынша 2000-нан астам атомшы мамандар дайындалуда. АЭС-пен жұмыс істеуге жоғары білімді, жоғары деңгейде маманданған жұмысшылар керек. Сондықтан бұл бойынша тек бакалавр, магистр деңегейінде ғана білім беріп қана қоймай, олардың тәжірибесін шет елдік білім жүйесімен қоса дамыту керек. Қазіргі таңда ЖОО бойынша шет елдік университеттердің филиалдарын әкелу мәселесі көтеріліп жатыр. Ендігі бастапқы жұмыстары жүргізіліп те жатыр. Орналасуы бойынша мәселен АЭС салу көзделіп отырған Балқаш маңында болсын, ірі қалаларда болсын атом саласындағы, техникалық мамандарды дайындайтын ЖОО, орта білім беру орындарын ашу керек. Десе де, мәселе тек ЖОО ашумен шешілмейді. Бітіріп шыққан мамандардың біліктілігіне, қабілеттілігіне де байланысты.

— Көпшілік АЭС-ты басқаратын кадр мамандары жетіспейді дейді. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

— Жаңа айтқанымдай білім мәселесіне үлкен әсерін береді. Қазірдің өзінде осы сала бойынша бізде кадрлар дайындалып жатыр. Егер алдағы уақытта аталған ЖОО-лар ашылса мамандар бойынша мәселелер туындамауы мүмкін. Шет елдік мамандардан тәжірибе жинап, әртүрлі жоғары технологиялық біліктілікті арттыруға жастарды дайындау қажет.

Міндетті түрде АЭС салынатын аймақта әлеуметтік құрылым өзгереді. Халық көбейеді, миграция орын алады. Себебі жаңа жұмыс орны ашылады. Осыған байланысты әлеуметтік құрылымда жаңа бір топтар пайда болады. ІТ мамандар, атом мамандары,  инженерлер көбейеді. Сондықтан да, олардың отбасыларының мәселесін, әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету, әйелдеріне жұмыс тауып беру, балаларының балабақшада орналасуы, табыс мәселесін қарастыру керек. Осылар аталған аймақтың кеңеюіне алып келеді.

Біздің жоғары маманданған кадрлар да жұмыс істеуі қажет. Десе де, әзірге біздің біліміміз жеткіліксіз. Шет елдік кадрлармен біліктілік алмасып, тәжірибесін меңгеру керек. Бірақ та, олардың ұзақ мерзімді жұмысқа қалғанын қаламаймын. Бұл салада төмен деңгейлі білімі бар адамдар жұмыс істей алады деп ойламаймын. Себебі бұл өте стратегиялы маңызы бар объект. Сондықтан білім мәселесіне өте үлкен мән беру керек. Теориялық емес, әсіресе практикалық білімді шыңдау қажет.

— “Жемқорлық жойылмай, АЭС керек жоқ” деген де пікір айтылып жатыр. Жемқорлықтың қатысы қаншалықты бар? Осыған қатысты ойыңыз қандай?

— Жемқорлық қай қоғамда да бар құбылыс. Оны түбірінен жою мүмкін емес. Бұқаралық зиян тигізетін дүние болып кетпеуі керек. Жалпы жемқорлықтың болуы, басқарудағы қадағалаудың болмауына, кері байланыстың болмауына байланысты өршиді.

Қазіргі кезде цифрлы экономикаға көшіп жатырмыз. Ақпараттың ашықтығы сақталар болса, тендердің қалай бөлініп жатқаны, жалақы қаражаты қалай жұмсалып жатқаны, ақша қалай бөлініп жатқаны ашық болса меніңше жемқорлық азаяды деп ойлаймын. АЭС салуға жемқорлықтың тікелей қатысы бар деп айта алмаймын. Жемқорлық өкінішке қарай кез келген салада бар нәрсе.

— АЭС елдің әлеуетіне, экономикасына қалай әсер етеді?

— АЭС-тың салынуы бір жағынан біздің энергетика саласының белсенді түрде дамуына, халықтың электр қуатына деген тапшылығын шешуге көмектеседі. Электр энергиясының болуы көптеген басқа да өндірістердің жұмыс істеуіне әсерін тигізеді. Көп жағдайда атом энергиясы арзан энергия болып есептеледі. Егер де біз оны дұрыс пайдалансақ, біздің сатып алатын тауарларымыздың, азық-түліктің бағасының төмендеуіне әкеледі. Қазіргі таңда электр энергиясына жұмсайтын қаржымыз артуы, бензиннің бағасына байланысты болады. Бір-біріне жалғанып жатқан байланысты дүние. Нан өнімдерін шығаратын біздің кәсіпорындар бағаны сол күйінде қалдыра алмайды. Егер қалдырар болса өздері банкрот болады. Сондықтан, арзан энергия көзі болып есептелсе көп жағдайда елдегі кедейлік деңгейінің төмендеуіне, халықтың азық-түлікті пайдалануының артуына оң пайдасын тигізеді. Екіншіден, транспортпен жүру, инфраструктуралық мәселелердің бәрін арзан түрде шешілуіне әкеледі. Электр қуаты арқылы цифрлы экономиканың көптеген мәселелерін шешеміз. Әлеуметтік тұрғыдан, экологияға жақсы әсер етер болса халықтың денсаулығының жақсаруына, әлеуметтік мобильділікке, транспорттық билеттердің арзандауына, халықтың жүріп-тұру мүмкіндігіне, өзінің демалысын ұйымдастыру мүмкіндігіне алып келеді. Сонымен қатар, біз электр энергиясын тұрмыста көп қолданамыз. Оптимисттік тұрғыда барлығы біз ойлағандай жұмыс істейтін болса, халықтың жағдайының жақсаруына әсерін тигізері сөзсіз.

— Әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан:

Дина ЛИТПИН


ПІКІР ЖАЗУ