«Адамдар өзінің кім екенін ұмыта бастады». Бейбітшілікке үндейтін жаңа бейнебаян

0
119

Әнші Ғалымжан Молданазар мен режиссер Малик Зенгер «Көгершін» атты жаңа жобаны таныстырды.

Әнші Ғалымжан Молданазардың Kogershin атты жаңа әні жарық көрді. Режиссер Малик Зенгер бейбітшілікке үндейтін шығармаға бейнебаян түсірді. Informburo тілшісі жобаның тұсаукесерінде авторлармен сұхбаттасты.

Режиссер Малик Зенгер бейнебаянда соғысты балалардың ойынымен көрсетеді. Қысқаша айтсақ, балалар картоннан жасалған сауыт-сайманды киіп, қолына дәл сондай қару алып бір-бірімен шайқасқа түседі. Бір кезде жаңбыр жауып кетіп, тығылатын жер іздейді. Бейбітшілікті таңдаған баланың киіз үйі оларға пана болады.

«Идея авторы – Мәлік. 2016 жылы екеуіміз осы идеяны талқыладық. Ащы шындық, бірақ ол кезде бізде оны түсіруге қаражат болмады. Ал идея үлкен. Кішкентай балаларды түсіру оңай емес. Демеуші таба алмадық. Солай идея күйінде қалды. Жақында Мәлік «Ғалым, осы идея есіңде ме? Клип түсіретін болдық. Енді оған өлең жазу керек» деп хабарласты. Мен ән жазып жатқанда, ол түсірілім жұмыстарын жүргізді. Бір аптада Евгений Руковичник екеуіміз ән жазып, Мәлікке тапсырдық», – деді музыкант.

Ән «Көгершін» деп аталады, бұл құс – бейбітшілік символы. Ғалымжан Молданазар қазіргі әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты осындай ән жазған.

«Бейбітшілік пен соғысты әркім әрқалай түсінеді. Әр адам өз ойына байланысты сипаттай алады. Жан-жағымыздың бәрі – ұрыс-керіс. Қорқынышты. Бәрімізді айналамызда болып жатқан жағдайлар толғандырады. Соғыс жер ғаламшарында әр кезде тоқтаусыз жүріп жатыр. Тек біздің қасымызға енді келген соң жете сезініп жатырмыз. «Көгершін – бейбітшіліктің символы» деп үйреткеннен кейін осы тақырыпты алдық. Түсірілім алаңында болмадым. Ол кезде студиямда ән жазып жаттым. Балаларды түсіру оңай емес. Идеяның жүзеге асуына атсалысқан, қолдаған барша адамға алғыс айтамын», – деді Ғалымжан Молданазар.

 


Фото: Анвар Иделов

Бейнебаян тамыз айында Алматыдан 300 шақырым жерде түсірілген. Үш күнге созылған түсірілімге қала мен ауылдың жүз баласы қатысқан. Костюм мен қаруларды картоннан 30 адам әзірлепті.

«Ғалымжанға бұл идеяны алты жыл бұрын айтқаныммен, ол кезде оны жүзеге асыру қиынға соқты. Идеяға сай келетін ән болмады. Оған қоса, қалтада ақша да жоқ.Идея солай жүзеге аспай қалған. Биыл Мария Мунға идеямды айтып, сторибордтарды көрсеттім. Ол көп ойланбастан түсіруге келісті. Өйткені, айналамызда жантүршігерлік қайғылы жағдайлар болып жатыр. Адамдар өзінің кім екенін, қайдан келгенін және қайда баратынын ұмыта бастады. Бұл идеяны балалардың ойыны арқылы көрсетпек болдым. «Әлемде адам өмірінен асқан құнды нәрсе жоқ» деген идеяны көрерменге жеткізгім келді», – деді режиссер.

Фото: Анвар Иделов

Жобаның бір қызығы – ән клиптің сценариіне орайластырып жазылған. Малик Зенгер сценарий жазып, шағын кадрларға бөліп, сторибордты Ғалымжанға жіберген. Әнші өз кезегінде режиссердің идеясына сай келетін ән жазып шыққан.

«Картоннан костюм жасайтын адамдар керек деп хабарландыру жасадым. Бір-бірін танымайтын адамдар бірнеше күн әртүрлі бұйымдар жасады. Бір ай бойы тоқтамай кастинг жүргізіп, балаларды таңдап алдық. Түсірілім алаңында баланың көп болғанын қаладым. Басқалар қанша қиынсынса да, маған әрқашан балалармен жұмыс істеген ұнайды. Қиын екені өтірік емес, бірақ балалармен ашық сөйлесіп, оларды қызықтыра алсаң, олар да барынша іске беріледі. Тамаша балалар жиналды. Жазғы лагерьде жүргендей, түсірілім алаңынан кеткісі келмеді. Нәтижесінде кішкентай актерлердің қатысуымен осындай ауқымды туынды дүниеге келді», – деді Малик Зенгер.

 


Фото: Анвар Иделов

Идеяны жүзеге асыруға қомақты қаржы керек болғандықтан, музыкалық клиптің продюсері Мария Мун демеушілер іздеп тапқан.

«Ғалымжан мен Малик бір-бірін сөзсіз түсінеді. Маликпен бұған дейін жұмыс істегенбіз. Бір күні кездескенде осы идеясын айтып, қағазға салған суреттерін көрсетті. Көрдім де, бірден «қалай болса да түсіреміз» дедім. Команда тез жиналды, идея оларға да ұнады. Түсірілім алаңында адамдардың құлшына жұмыс істегенін көрдім. Небір кәсіби мықты мамандар қолдары бос болмаса да, жобаларын тастап, бізге қосылды. Өйткені, идея расымен мықты. Солардың арқасында клип жарыққа шығып отыр. Бейнебаян балалар туралы секілді көрінгенімен, астарына үңілсеңіз – ересек адамдарға қатысы көбірек. Бәріміз де әлі күнге дейін баламыз. Біздің хикаямыз әр адамға мейірімділік жолын таңдауға бағыт береді деп үміттенемін», – деді продюсер.

Фото: Анвар Иделов

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, A’Studio негізін қалаушылардың бірі Байғали Серкебаев түсірілім командасын құттықтап, өз алған әсерін әңгімеледі.

“Клипті алдын ала көрген едім. Үлкен экраннан көрерменмен бірге көрген бөлек. Басқаша әсер аласың. Көзіңе жас келеді. Тамаша идея, мықты операторлық жұмыс. Жас актерлердің еңбегін атап өтпеуге болмайды, сол үшін балаларға ерекше алғыс айтамын. Картоннан қаншама бұйым жасаған костюм суретшісінің еңбегі орасан зор. Ғалымжанның шығармашылығын бұрыннан қадағалаймын. Бізге қиын уақытта қажет туынды дүниеге келді», – деді Байғали Серкебаев.

democracy.kz/rus


ПІКІР ЖАЗУ