Мәулен Әшімбаев Вестминстер холлында II Елизаветамен қоштасты
Сенат cпикері 18 қыркүйекте Вестминстер холлында Патшайымның табытын зиярат ету рәсіміне қатысып, Қазақстан Республикасының атынан ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Ол II Елизавета аса көрнекті көшбасшы және британ ұлтының бірлігі мен тұрақтылығының символы болғанын, алдағы уақытта да Патшайымның тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре беретінін атап өтті.
Сол күні Мәулен Әшімбаев Букингем сарайында Король ІІІ Чарльздің Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың басшыларының және корольдік отбасы мүшелерінің құрметіне арналған қаралы қабылдауына қатысты.
Қазақстандық делегация 19 қыркүйекте Вестминстер аббаттығында өткен II Елизавета Патшайымды жерлеу рәсіміне қатысты. Біздің ел делегациясының құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың болғанын да атап өткен жөн. Рәсімге 2000-ға жуық мейман қатысты. Олардың қатарында корольдік отбасының мүшелері, мемлекет және үкімет басшылары, дипломаттар мен қоғам өкілдері бар.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король ІІІ Чарльзге көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Корольдің, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ ел Президенті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Дереккөз: Zakon.kz